Ғ.ӘБДІРАХЫМОВ: Кешенді жоспарды іске асыруға барлық мүмкіндік бар Избранное

Пятница, 12 Июль 2019 04:04 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 253 раз

Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары – қала үшін маңызды құжат. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2023 жылға қарай ЖІӨ көлемі 3,5 трлн теңгеден аспақ. Өнеркәсіп көлемі екі есеге өсіп, 60 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов әкімдіктің кеңейтілген отырысында жоспарды іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

DSC 1692

Ең алдымен 10 күннің ішінде іске асырудың жоспары дайындалып, бекітіледі. Мәжілісте қала әкімі Ғ.Әбдірахымов бұл бағытта атқаратын негізгі жұмыстардан хабардар етіп, үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтты. Негізінен 10 бағыттан тұратын кешенді жоспарға 89 жоба енген. 1 трлн теңгеден астам қаржы қаралған.

Стратегиялық маңызды кешенді жоспар көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй құрылысын дамыту, білім беру, спорт, мәдениет, денсаулық сақтау, абаттандыру, қауіпсіздікті сақтау, индустриалды аймақтарды дамыту бағыттарын қамтиды.

– Жалпы, бұл кешенді жоспар Елбасының 2018 жылы 29 қыркүйектегі Шымкент қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытуға қатысты кеңестері мен берілген хаттамалық тапсырмаларына сәйкес, Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполиске жасаған іс-сапары барысында қойған нақты тапсырмалар бойынша әзірленуде.

Жоба бойынша республикалық бюджет есебінен 299 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 81 млрд және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 68 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр. Мемлекеттік органдардың, министрліктердің келісімін алдық. Қаржы да нақты есептелген, – деді қала әкімі.

Негізгі 10 бағыт

Қала әкімі жиында қамтылып отырған 10 бағыттың шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуға қосар үлесін егжей-тегжейлі баяндады. Әрбір жобаның маңызды тұстары айтылды.
Бірінші бағыт – тұрғын үй-коммуналды шаруашылықты дамыту бойынша 30 жоба жүзеге асырылады. Оған 181 нысан енгізіліп отыр.

Әуежай

Оның көбісі шағынаудандарға тиесілі. Құны 9 млрд теңгені құрайтын АГРС-3 газ тарату станциясының құрылысы биыл басталады. Республикалық бюджеттен ақша бөлінген. Екі жылдың ішінде нысан ел игілігіне берілуі қажет.
Қалада кәріз жүйесі мәселесі күрделі. Қазіргі уақытта кәріз жүйесімен қамтамасыз етілу көрсеткіші - 45 пайыз. Осыған орай қалада тағы 2 тазарту қондырғысы салынады.

Ал «Энергоорталық-3» мекемесі бойынша жеке инвесторлар 190 млрд теңгеге үлкен газ станциясын салуды жоспарлап отыр. Ол қаладағы барлық жылу беру мәселелерін шешеді.

Екінші бағыт – көлік-инфрақұрылымын дамыту бойынша 11 жоба іске асырылады. Бүгінде ұзындығы 31 шақырымдық А2 айналма жолын қайта құру жұмыстарының бірінші кезеңі басталып кетті. Ұзындығы 21 шақырым Қонаев даңғылының жалғасы бойынша да құрылыс жүруде.

Шымкент әуежайының жаңа терминалының құрылысы да басталды. Жоспар бойынша инвесторлар келесі жылдың соңына дейін қалада жаңа әуежай терминалы іске қосылады. Теміржол вокзалын қайта құру бойынша барлық құжаттамалар дайын. «Қазақстан теміржолы» компаниясымен келісім бойынша биыл қайта құру жұмыстары қолға алынбақ. Қаражат көлемі – 4,2 млрд теңге.

ТЖ вокзал

Тұрғын үй құрылысын дамыту – өзекті мәселе. Қалада үй және жер кезегінде 130 мыңдай адам тұр. Жоспар бойынша 2023 жылға дейін 20 мың 794 пәтер, 319 көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Яғни тұрғын үй кезегі екі есеге дейін азаймақ.

Сондай-ақ, қалада білім беру, дене шынықтыру және спорт, мәдениет, денсаулық сақтау салалары бойынша да бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтқанда қосымша 23 500 орынды 15 жаңа мектеп,
Қажымұқан атындағы орталық стадионды қайта құру, 2100 орынды Конгресс холл орталығы салынады. Биыл 2 аурухананың күрделі жұмыстары басталады. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер 1000 орынды көпсалалы аурухана салмақ. Ол еліміздегі ең заманауи аурухананың бірі болады деп жоспарлануда.

Қалада абаттандыру, қауіпсіздікті сақтау, индустриалды-аймақтарды дамытуда да бірқатар жаңа нысандар қолға алынады. Атап айтқанда, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Қошқар ата өзені бойын абаттандыру жұмыстары 1 жылдың ішінде аяқталуы тиіс. Бүгінде қауіпсіздікті арттыру бойынша бірыңғай басқару орталығының құрылысы басталып кеткен.

Оған жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген. Осылайша Шымкент – ең қауіпсіз қала болуы тиіс.
Алдағы уақытта қалада тағы 2 индустриалдық аймақ құрылып, онда жаңа кәсіпорындар іске қосылып, қайта өңдеу өнеркәсібі дамытылады.

Күтілетін нәтиже

Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2023 жылға қарай ЖІӨ 3,5 трлн теңгеден асады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі екі есеге ұлғайып, 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Тұрғын үймен қамтамасыз ету бір адамға 24-тен 27 шаршы метрге дейін артады.

Шымкентте орталықтандырылған сумен жабдықтау үлесі 93-тен 98%-ға дейін, табиғи газбен қамтамасыз ету – 92-ден 98%-ға, орталықтандырылған кәрізге қол жеткізу – 49-дан 75%-ға дейін, сапалы электрмен жабдықтау 91-ден 96%-ға дейін ұлғаймақ. Жолдардың өткізу қабілеті тәулігіне 75 000 көлікке дейін артады.

Жалпы, бюджетке жүктемені азайту үшін, 836 млрд теңге немесе жоспарланған соманың 65% жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылатынын да айта кеткен жөн.

«Жұмыла іске кірісу керек»

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин жуырда Үкімет отырысында Ұлттық экономика министріне және Шымкент қаласының әкімдігіне кешенді жоспарды іске асыру бойынша Shymkent city шағынауданында арнайы экономикалық аймақ құруға тапсырма берген еді. АЭА бойынша шетелдік және отандық құрылыс компанияларға салық жағынан жеңілдіктер беріледі.

Қала әкімі АЭА құру қажеттігін айтып, сонда инвестицияларды тез ақтайтын және кәсіпкерлер қызығатын жобалардың көбейетініне назар аударды. Елорда құрылысы жүргізілген кезде де осындай аймақ жұмыс істегенін еске салды.

Жиында Ғабидолла Рахматоллаұлы барлық басқармаларға бюджетке жүктемені азайту үшін кешенді жоспарда көзделген инвестициялар мен мемлекеттік-жекеменшік жобаларды мерзімде іске асыруға жауапты болатынын айтып, нақты тапсырмалар берді.

– Жоспарды іске асыруға әкімдіктің әр мүшесін белсенді атсалысуға шақырамын. Нақты мақсаттар айқын. Мерзім қысқа. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бізде барлық мүмкіндік бар. Кадрлар да жеткілікті. Жұмыла іске кірісу керек. Тапсырма бойынша депутаттық топтар да өз сайлаушыларымен кездесіп, жобалармен таныстыру қажет.

Халық бұл жоспарды кеңірек білуі керек. Аудан әкімдеріне де осындай тапсырма беріледі, – деді қала әкімі.
Маңызды құжатты іске асыру жоспарына сәйкес кесте бойынша әр жобаның мерзімі көрсетіліп, жауапты адамдар бекітіледі.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.