50 мың гектарға топографиялық карта әзірленді Избранное

Среда, 17 Июль 2019 03:53 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2827 раз

Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы – қаланың Бас жоспарын іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіретін мекеме. Басқарма 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында жалпы, 19 029 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Шымкент қаласының соңғы бекітілген Бас жоспары бойынша қаладағы тұрғын үйлердің 68%-ын көп қабатты, 32%-ын аз қабатты нысандар құрауы тиіс.

7357a0b9-e017-43e5-9075-fe2a6610fe6c

Биыл Шымкент қаласының Бас жоспары бекітілгеніне 7 жыл толды. Бұған дейін қала аумағының 8 000 гектарына ғана топографиялық карта жасалған. Оның өзі 1985-86 жылдары түсірілген. Бұл туралы Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Жеңіс Байымбетов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

2014 жылы қала аумағы 117 мың гектарға ұлғайғаны белгілі. Басқарма басшысының айтуынша, 117 мың га жерді топографияға түсіруге 3 млрд 700 млн теңге көлемінде қаржы қажет.
– Оның үстіне, бұл жекеменшік нысан емес, Шымкент қаласының топографиялық картасы болғандықтан, оны түсіруші мекеменің міндетті түрде мемлекеттік лицензиясы болуы шарт.

Міне, осы тұрғыда қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы мәселені шешуге ықпал етіп, бүгінде топографиялық түсірілім бағасы 1 га жер теліміне 8000 теңгеден түсіп отыр. Нәтижесінде, қаланың игерілген жер телімінің 50 мың гектарына топографиялық карта дайын, – деді Жеңіс Жайлауұлы.

Брифингте басқарма басшысы 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстар туралы баяндады.

Жекеменшік үй, 32% және «қызыл сызық»

Республикалық маңызы бар қаланың көп қабатты үйлерінен жекеменшік сектордағы үйлері әлдеқайда көп екені белгілі. Бұл қазынаға да аз шығын келтірмейді. Коммуналды қызметті жер үй орналасқан 10 көшеге тартудан көп қабатты 10 үйге тарту әлдеқайда оңай. Ал осы қызметпен қамтылған тұрғындар саны бірдей болғанымен, құрылысқа қаражат әртүрлі болады.

Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасы биылғы І жартыжылдықта жылжымайтын мүлік нысандарының мекенжайын айқындау бойынша 18 165 анықтама берген. Дегенмен, қолында құжаты бола тұра, қала аумағында «қызыл сызыққа» шығу деректері аз емес.

– «Бас жоспар» деген 1 ғана парақтан тұратын құжат емес. Оның ішінде «қызыл сызықтар» жоспары, жол құрылысының сызбасы болады. Көшелердің өзі бірнеше типке бөлінеді. Республикалық маңызы бар, магистральды, ішкі көшелер, орталық көше болып, олардың профилі де соған қарай жасалады. Магистральды көшедегі қызыл сызықтың ені 90 метрді құрауы мүмкін.

Бұл 90 метрге автокөлік жолдарынан бөлек көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолы, веложолақ, арық-атыз немесе коммуникация өтетін орын қаралады. Жекеменшік жер теліміне мемлекеттік акт алғанда жер көлемі бір азаматта 8, екіншісінде 10 соттық болуы мүмкін. Сондықтан, құжаттағы белгіленген тәртіппен қағылған қазықтан асырып қоршап алу немесе үй, гараж, кәріз жүйесін салып алуға мүлде болмайды, – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Жеңіс Жайлауұлы қала тұрғындарының кейде «1 метрде тұрған ештеңе жоқ» деп құжатқа салғырт қарап, «қызыл сызыққа» өтіп кететінін айтады.
– Біреудің 1 метр артық қоршағанын көрсе, көршісі одан асырып, солай бір-бірімен жарыса заң бұзушылыққа жол беріп жатады. Оның бәрі тротуар түсетін кезде кедергі келтіреді.

Кейде жол құрылысына бекітілген жоба бойынша құрылысты бастамас бұрын тексеру жүргізілгенде жекеменшік нысандардың 5 метрге дейінгі жер телімін өзіне қағылған қазықтан артық қосып алғаны анықталады.

Бұл біздің күнделікті жұмысымызда кездесіп жүрген жағдайлар. Дегенмен, кім құрылысына қанша шығындалса да, тәртіп сақталады. «Қызыл сызыққа» өткеннің бәрі қайтадан сүріледі. Себебі, ол Бас жоспарда солай бекітілген. Оны қаланың бас архитекторы ретінде мен де, басқа да өзгерте алмайды, – дейді Ж.Байымбетов.

Қала сәулетін арттыруға көңіл бөлсек, 32 пайыздың орындаулы әлдеқайда тиімді екеніне көз жеткіземіз.

68% көп қабатты үй болса...

Автотұрақ мәселесі қалай шешімін таппақ? Бұл сұрақ бүгінде қала аумағындағы өзекті мәселенің біріне айналды. Қазіргідей көлік көбейген таңда 90 пәтерлі көп қабатты үй аумағында 30 көлікке де автотұрақ орны қаралмағаны сөз болды. Брифингте БАҚ өкілдерін қызықтырған бұл сұраққа басқарма басшысы былай деп жауап берді.


– Қазіргі салынған үйлер ескі нормативтермен жасалған жоба негізінде салынды. Көп қабатты тұрғын үй салу үшін алдымен сараптама жасалады. Ол сараптама бекітілгеннен кейін әр адамның қажеттілігіне қарай жоба жасалады. Әйтсе де, соңғы кезде жеңіл автокөлік көбейді. Тіпті, 1 адамда 2 автокөліктен бар. Оған «сен автокөлік алма» немесе «1 ғана көлік ал» деп айтуға болмайды ғой.

Сондықтан бүгінде халық сұранысына орай жобалау жұмыстарында да өзгерістер қарастырылуда. Әсіресе, инвесторлар есебінен салынатын «ақылды үйлерде» автотұрақ мәселесі шешімін табатын болады, – деді Жеңіс Жайлауұлы.

Сәулет және Заң

87912369

Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасы 4 аудан әкімдігімен бірге 2019 жылдың 6 айында 265 рұқсатсыз орналасқан жарнама билбордын анықтап, орнынан алдырған. Жарнама қала көркін бұзуға емес, бюджетін байытуға қызмет етуі тиіс. Бұл тұрғыда басқарма тарапынан сыртқы жарнамадан өндірілген салық көлемі 2019 жылы 6 айында 126 363 745 теңгені құраған. Бүгінде орталық көшелердің бойындағы жарнамалар замануи талаптарға сай, LED-экрандарда орналастырылуда.

Басқарма басшысының айтуынша, аталған мерзімде құрылысы аяқталған 4 282 жеке тұрғын үй, 315 коммерциялық нысан және 21 мемлекеттік нысан пайдалануға қабылданған. Қала аумағында заңсыз салынған және заң талабын бұзып салған құрылыстарға мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 104 нысан анықтылды. Заң бұзғандардың тізімі құзырлы мекеме – қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолданған.

Цифрландыру

«Ұлт жоспары – Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс жасалды. Басқарма «Электронды архитектура» жүйесін жүзеге асыру үшін «Геосервис» ЖШС-мен келісім-шарт түзіп, көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыруға мүмкіндік алды.

Бұған дейін шымкенттіктер регламент бойынша мекенжай анықтамасын 7 күн, нақтылауды 3 күн күтсе, қазір «halyksaulet» жүйесі арқылы 15 минутта ала бастады. Ал наурыз айынан бастап басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 498 түрі цифрлық форматқа ауысқан. Соның нәтижесінде 3 айда басқарма қағаз шығынынан – 150 000 теңге, картридж бояуымен жөндеу жұмыстарынан – 28 000 теңге және 1 маман (әдіскер) айлығынан – 165 000 теңгені үнемдеген.

Сондай-ақ, басқарма сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру мемлекеттік қызметін көрсетуге техникалық шарттарды табиғи газ, су, жарықпен қамтамасыз ететін мекемелерден электронды түрде алуға әзір. Дегенмен, қала әкімінің орынбасары мен цифрландыру басқармасы басшысының қатысуымен бірнеше рет жиналыс өткізілуіне қарамай, «ҚазТрансГаз» мекемесінің басшылығы электронды жүйеге қосылуға асықпай отырғаны айтылды.

Жаңа жобалар

20181002203750

Брифингте 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болатын Шымкент қаласындағы дайындық жұмыстарының жайы да талқыға түсті. Басқарма Қошқар ата өзенінің аумағын ретке келтіру, абаттандыру жұмыстарының эскиздік жобасын ұсынған. Сонымен қатар, Ескі қалашық аумағын қайта құрылымдау және абаттандыру, тозығы жеткен 29 гектар жерді алатын аз қабатты үйлердің орнына көп қабатты үйлер салу жобасын ұсынған. Бұл жобада бір-бірден мектеп пен балабақша қарастырылған. Темір жол бекетінің алдындағы дүңгіршіктерді орнында қалдыру, әуежайды қайта құрылымдауға да эскиздік жоба әзірленген.

– Біздің басқарма Шымкент қаласының Бас жоспарын негізге ала отырып және заң талаптарын сақтай отырып жасалған эскиздерді ұсынды. «Shymkent City» қалашығында 420 гектарға 9-12 қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар және 47 га аумаққа саябақтың эскиздік жобасы жасалды. Жалпы, жобаның жүзеге асуы қала әкімінің бақылауында. Халық алдағы жылдары тамаша нәтижелерге куә болады деп сенеміз, – деді Ж.Байымбетов.

Басқарма Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовтың тапсырмасын орындау мақсатында орталық көшелердегі үйлердің қасбеттері мен абаттандыру жұмыстарына да эскиздік жобалар әзірлеген. Сонымен қатар, Қабанбай батыр көшесінің бойындағы көп қабатты үйлердің қасбеттерін қалпына келтіру, көше бойын абаттандыру жобаларын әзірлеп, Нұрсәт шағынауданына Ж.Шаниннің мүсінін орнатуға ұсыныс жасаған.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.