Версия для печати

Жолдарға бақылау күшеюде Избранное

Пятница, 19 Июль 2019 03:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2489 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы жыл басынан бері көлік заңнамасының талаптарын сақтамауға қатысты 674-тен астам құқық бұзушылықты анықтаған. Жалпы сомасы 100 млн теңгеге жуық әкімшілік айыппұлдар өндірілген. Анықталған заң бұзушылықтардың тең жартысы – жүк көліктерінің белгіленген салмақтық және көлемдік тәртіпті сақтамауына қатысты. Жалпы, мегаполисте «Шымкент қаласының жолдарында ауыр салмақты автокөліктерге бақылауды қамтамасыз ету» бойынша 2018-2019 жылдарға арналған бірлескен Жол картасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

60494470 132845047811317 5060566974816321536 o1

Елбасы Н.Назарбаев «Nur Otan» партиясының ХVIII съезінде қазіргі заманғы жергілікті жолдар желісін кеңейту Үкіметтің негізгі міндеті екенін атап көрсеткен-ді. 2025 жылға қарай облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың 95 пайызын жақсарту мақсатында қосымша 350 миллиард теңге бөлуді тапсырғаны мәлім. Осыншама қаржы жергілікті жолдар желісін кеңейтумен қатар олардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетінің мәліметіне қарағанда, елімізде 55 мың өзі аударғыш ауыр салмақты жүк көлігі бар. Олар, негізінен, кеніштерден инертті материалдар тасумен айналысқанымен, күзде астық тасуға да кеңінен пайдаланылып келеді. 2018 жылы осындай өзі аударғыш көліктер тарапынан жол берілген 4384 заң бұзушылық әшкереленіп, 321 миллион теңге айыппұл салынған.

Алайда, мамандардың пікірінше, бұл сома еліміздің жолдарына келтірілген орасан зор залал орнын толтыра алмайды.
Жыл басында «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері К.Мұсырман, М.Айсина, И.Аронова, С.Звольский, Қ.Қаракен және А.Платонов осы мәселеге орай депутаттық сауал жолдаған еді.

– Өкінішке қарай, «Автомобиль көлігі туралы» қолданыстағы Заңның орындалуын қатаң қадағалап, автожолдарды ауыр салмақты көліктердің бүлдіруіне жол бермеуге тиісті өңірлік көліктік бақылау инспекциялары өздеріне жүктелген міндетті толық атқарып отыр деу қиын. Себебі олардың қызметкерлерінің саны аз және материалдық-техникалық жабдықталуы жеткіліксіз.

Еліміздің автомобиль жолдарын сақтауды жақсарту мақсатында көлік бақылау инспекциясымен қатар, жол-патрульдік полициясына да ел аумағында автокөлік құралдарының рұқсат етілген салмақтық өлшемдерді сақтауын бақылауды жүзеге асыру функциясын беру мәселесін қарастырған жөн, – деген еді Мәжіліс депутаттары ұсыныстарын да жолдап.

516 әкімшілік-құқық бұзушылық

61740319 134701797625642 130500360790867968 n-1

Шымкент республикалық қала статусына ие болғаннан кейін 2018 жылдың қыркүйек айында Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы жаңадан құрылып, жұмысын бастады. Қаланың автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылдың 12 желтоқсанында Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасымен «Шымкент қаласының жолдарында ауыр салмақты автокөліктерге бақылауды қамтамасыз ету» бойынша 2018-2019 жылдарға арналған бірлескен Жол картасы әзірленді.

Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов та осы мәселеге орай өткізілген мәжілісте мемлекеттік кірістер департаменті, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, жергілікті полиция өкілдері және карьер қазушылар мен тасымалдаушыларға заңнаманың талаптарын түсіндіріп берген-ді.

Жол картасы аясында инспекция жергілікті полиция қызметімен бірге рейдтік іс-шараларды жүзеге асыруда. Нәтижелері де баршылық. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінге дейін инспекция тарапынан 516 әкімшілік-құқық бұзушылық анықталып, 75 млн 789 мың теңгеге әкімшілік айыппұл мен жол жүру алымдары өндірілді.

Жүк жөнелтушілер мен тасымалдаушыларға тауар-көлік құжаттарының берілмеуі, жүктерді тиеу кезінде артық салмаққа жол беру сынды құқық бұзушылықтар да бар.
Инспекция қызметкерлері тарапынан жеке тұлғаға тиесілі тіркемесі бар «Хово» карьер автокөлігін өлшеп-тексеру барысында рұқсат етілген салмақтан тыс салмақ тиелгені анықталды.

Артық салмаққа жол берген осы автокөлік иесіне ҚР жүк тасымалдау ережесінің талаптарын бұзғаны үшін 481 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Бұл жерде де жүк жөнелтуші әкімшілік жауапкершіліктен жалтару үшін, тауар-көлік құжатын бермегені мәлім болған.

Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасовтың айтуынша, Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан бүгінде 38 карьер иелерімен қосымша келісім жасалған. Яғни, 2019 жылдың мамыр айына дейін карьерлерге таразы жабдықтарын орнату міндеттелген болатын.

Алайда, қазір бұл талаптар сақталмай келеді. Яғни карьерлерге жүк көліктерін өлшеуге арналған таразы жабдықтары орнатылмаған және жүк жөнелтушілер тарапынан тасымалдаушыларға жүктің құжаттары да берілмей келеді. Инспекция тарапынан бұл талаптар бойынша 97 құқық бұзушылық анықталып, тиісті шара қолданылған.

Талап күшейеді

«Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау қағидасына» сәйкес жүк жөнелтуші тасымалдаушыларға тауар-жүк құжатын беруге, жөнелтілетін жүктің массасын анықтауға мүмкіндік беретін таразы жабдықтарын орнатуға және автокөліктерді бағытқа жіберу кезінде салмақтық өлшемдерін сақтауға міндетті.

Ал ауыр салмақты жүк тасымалдағаны үшін салынатын айыппұл көлемінің өсуі әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 571-бабының 6-тармағында көзделген. Мысалы, артық салмақ 1-5 тоннаға дейін, 5-10 тоннаға дейін, 10 тоннадан жоғары болып белгінеді.

Артық салмақ неғұрлым жоғары болған сайын айыппұлдың көлемі де арта береді. Салынған әкімшілік айыппұлды жүк тасымалдаушылар 7 жұмыс күннің ішінде төлесе, 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.
Биыл Көлік заңнамасына да бірқатар өзгеріс енгізіліп отыр. Яғни, бұрын тасымалдаушылар бөлінбейтін заттарға арнайы рұқсат алушы еді. Енді тамыз айынан бастап рұқсат берілмейді.

– 2019 жылдың сәуір айында ҚР көлік мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұған дейін ауыр салмақты бөлінетін және бөлінбейтін жүктерге де арнайы рұқсат құжаттары берілген болса, жаңа Заңға сәйкес, 2019 жылдың тамыз айынан бастап, ҚР жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарында ауыр салмақты бөлінетін жүктерді тасымалдау кезінде арнайы рұқсат құжаттары берілмейді.

Яғни ауыр салмақты бөлінетін жүктерді автомобиль көлігімен тасымалдауға ешқандай жағдайда да рұқсат етілмейді. Осыған байланысты бөлінетін жүктерді автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде арнайы құжаттардың берілмейтінін ескере отырып, салмақ талаптарын сақтап жүруді сұраймыз, – дейді Ержан Жақсылықұлы.

Шымкент қаласының жолдарында ауыр салмақты автокөліктерге бақылауды қамтамасыз ету бойынша құзырлы органдардан жауапты тұлғалар белгіленіп, арнайы бұйрықпен жұмыс тобы да құрылған. Құрылған жұмыс тобы қаладағы жолдармен жүк көліктерінің қарқындылығына талдау жүргізді.

Нәтижесінде қаланың 7 көшесіне – Ю.Гагарин, Б.Алпысбаев, Н.Исмаилов, Т.Рысқұлов, Т.Өтегенов, С.Бәйтереков, І.Жансүгіров көшелеріне салмағы 8 тоннадан асатын жүк автокөліктеріне салмақтық шектеу белгілерін қою туралы шешім қабылданып, белгілерді орнату бойынша құзырлы мекемелерге ұсыныс жолданды.

Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 2811 шақырым автомобиль жолдары бар. Мамандар есептегендей, қала жолдары көктем, жаз айларында 10 тоннадан артық жүкті көтере алмайды. Бүгінде қала ішіндегі 12 көшеде салмағы 8 тоннадан аспайтын жүк автокөліктері жүреді. Ал асатындарға шектеу қойылмақ.

27 заңсыз орын анықталды

Инспекция мамандарының мәліметіне қарағанда, Шымкент қаласы аумағында инертті материалдарды жинақтайтын 27 заңсыз орын анықталды. Ол қалалық жер қатынастары басқармасымен бірлесіп, осы орындардың қандай мақсатта берілгеніне талдау жүргізу кезінде анықталған. Мәселен, 14 жер – үй құрылысы үшін, 11 жер – дүкен құрылысы үшін, 1 жер – мешіт құрылысы үшін, 1 жер ауыз су құдығын қазуға және тағы басқа мақсаттарға берілгені мәлім болды.

Заңсыз жұмыс істеп тұрған құм-тас жинақтайтын орындардың жұмысын тоқтату жөніндегі инспекцияның ұсынысы Шымкент қаласы әкімдігіне жолданып, құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, жұмыстар жүргізілуде. Одан бөлек, қаланың 6 жеріне, кіреберіске арнайы автоматтандырылған өлшеуіш қою да жоспарда бар. Орнатылған жағдайда күндіз-түні бақылау жүргізіледі.

Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы проблемалық мәселелердің бірі – құқық бұзушылыққа жол берген жүк көліктері үшін айып тұрағының болмауы. Бүгінде қала аумағында коммуналды меншіктегі 2 айып тұрағы және жеке меншіктегі 1 айып тұрағы жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, бұл айып тұрақтарында бүгінде үлкен жүк көліктерін қабылдауға мүмкіндік жоқ.

Осыған орай жергілікті атқарушы орган тарапынан Шымкент қаласының аумағынан жер көлемі үлкен, жүк көліктерін қабылдау мүмкіндігі болатын айып тұрағы қызметін ұйымдастыру туралы ұсыныс жолданды.

Салықтан жалтаратындар бар

Қаладағы карьер иелері, тасымалдаушыларға талап күшейді. Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жеке карьер қазушыларға, тасымалдаушыларға тіркеліп, заң аясында жұмыс жүргізуді ескертеді. Өйткені, тасымалдаушылардың да, карьер иелерінің арасында да салықтан жалтаратындар бар.

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та қала экономикасын «көлеңкелі бизнестен» арылту керегін мәлімдеген еді. Табысын жасырып, салықтан жалтаратындарға шара көруді күшейту қажеттігін айтқан.
Қалалық мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің есептеуінше, қалада тіркелмеген кәсіпкерлер көп.

Бұл бюджетке түсетін салықтың көлемін азайтады. Карьер иелерінің арасында жалдамалы жұмысшыларын жасыратындары да бар. Сол себептен енді заңсыз құм-тас тасушыларға, карьер иелеріне де бақылау күшейіп, шара қолдану да қатаңдатылмақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.