58 гектар жер мемлекет мұқтажына қайтарылды

Пятница, 19 Июль 2019 04:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3269 раз

Шымкент қаласына қарасты жер көлемінің 53,84%-ы ауыл шаруашылығына арналған жерлер. Ал тұрғын үйлер орналасқан жер көлемі бүгінде 10 481 гектарды құрайды. Бұл қала аумағына қарасты жер телімінің 9,01%-ы ғана. Осы 10 481 гектардағы көп қабатты үйлердің үлесі 3,82%, ал қалған 96,17%-ы – жеке меншік үйлер.

DSC 2628

Әрине, бұл әзірге уақытша мәліметтер. Себебі, Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, болашақта үшінші мегаполистегі үйлердің 68%-ы көп қабатты болуы шарт. Қала аумағындағы әлеуметтік аймаққа арналған жер телімі 1 337 га немесе 1,14 %-ды құрап отыр.

Өндірістік, сауда нысандары мен қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету сынды коммерциалық аймақ қала аумағының 14,69% жер телімінде орналасқан. Бұдан өзге 75,13%-ды құрайтын 87 370 га жер Бас жоспарға сәйкес түрлі мақсатта игерілуде.

Шымкент қаласы жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Жәнібек Ағыбаев БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, 2019 жылдың алғашқы 6 айында атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, аталған уақытта ұжым қызметкерлері халыққа 4 бағыт бойынша 5 162 мемлекеттік қызмет көрсеткен.

– 2 924 жерге орналастыру жобасы қабылданып, 120 учаскеге кадастрлық бағаларын қабылдау қызметі көрсетілді. Учаскенің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша 1 328 қызмет көрсетілсе, 790 азамат жер учаскесін алу кезегіне қойылды, – деді Жәнібек Есенұлы.

Ал «Іздестіру жұмыстарын өткізу үшін рұқсат беру» және «Мемлекет меншігі болып табылатын сауда-саттық (аукциондарда, конкурстарда) орналасқан жер учаскелерін иелену», «Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру», «Жер учаскелерін беру бойынша шешім шығару» қызметтеріне заңды және жеке тұлғалар тарапынан ешқандай өтініш түспеген.

1 млрд 484 млн теңге

Қаланы абаттандыру мақсатында бірқатар жобалардың жүзеге асып жатқаны белгілі. Атап айтқанда, Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу үшін 29 жер телімі мемлекет мұқтаждығы үшін 306,6 млн теңгеге сатып алынды. Қазір бұл жер телімдерін пайдаланушылардан мемлекет меншігіне алу жұмыстары жүргізілуде. Басқарма басшысы содан кейін аталған даңғылдағы жол құрылысының жұмыстары жалғасатынын айтты.

Брифингте айтылған деректерге сүйенсек, республикалық маңызы бар қаланың инфрақұрылымдық жұмыстарын жалғастыру мақсатында Н.Назарбаев даңғылы бойынан да 15 жер телімі мемлекет мұқтажына қайтарылған. Мұндай жұмыстар Сыпырған ата, Тәуке хан, Жібек жолы, Әл-Фараби көшелерінде де жалғасуына орай тағы 21 жер телімі мемлекет мұқтажы үшін сатып алынды.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір басқарма қызметкерлері Адырбеков көшесін кеңейту және Тұран шағынауданындағы 1, 2, 7-көшелерді салу үшін жер телімдерін пайдаланушыдан мемлекет меншігіне алу жұмыстарын жүргізуде.

– Мемлекет меншігіне алынатын жер учаскелерінің жалпы алаңы 58,54 га, құны 1 млрд 484 млн теңгені құрайды. Көлік инфрақұрылым нысандары бойынша сатып алынған 66 жер учаскесіне 376,47 млн теңге жұмсалды. Ал көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысына барлығы 1 млрд 107,4 млн теңгеге 93 жер телімі сатып алынды, – деді Ж.Ағыбаев.

Басқарма ұсынған мәліметтерге сүйенсек, Shymkent city қалашығының құрылысы үшін 389,7 млн теңгеге 12 учаске, Тұран шағынауданының құрылысына қажет 16 учаске 158,8 млн теңгеге сатып алынған. Ескі қала құрылысы үшін
(Цитадель) 21 жер телімін алу үшін де 246,535 млн теңге жұмсалған. Қошқар ата өзенінің жағасына көпқабатты үйлер түсетіні белгілі.

Сондай-ақ, көгалдандыру жұмыстарымен қоса бұл жобаға 201,1 млн теңгеге бағаланған 15 учаске мемлекет мұқтажына қайтарылды. Өзен жағалауы 35 метрге дейін абаттандырылады. Жобаны жүзеге асыру мақсатында 61,1 млн теңгеге 7 жер телімі сатып алынған. Құрылыс жұмыстары әкімшілік іскерлік орталығында да қызу жүріп жатыр.

Бір жағынан жол түсіп, екінші жағынан сәулеті көз тартатын ғимараттар мен биік-биік үйлер бой көтеріп келеді. Бұл жоба аясында 49,9 млн теңгеге 22 жер учаскесі сатып алынған.

Комиссия. Бюджет

2019 жылы Жер комиссиясы 16 рет бас қосып, жер учаскелерді беру жөніндегі жеке және заңды тұлғалардың 2 583 арызын қараған. Олардың 54%-ы, яғни 1 401-і қабылданып, қалған 1 182-сі Жер заңнамасының ережелеріне сәйкес, бас тартуға байланысты қабылданбаған.

2019 жылдың 6 айында Шымкент қаласы әкімдігінің атынан басқарма 1 479 шарт құрған. Оның 343-і жер учаскелерін сатып-алу, ал 921-і уақытша қолдану (жалға алу) үшін және 215 шарт жер учаскелерін жалға беру құқығын сатып алу бойынша жасалған. 6 айда қала бюджетіне түскен қаражат 506,770 миллион теңгеге жетті.

Аталған кезеңде Шымкент қаласы аумағында жер заңдылығын бұза пайдаланып жатқан 107 тұлғаның жер учаскесіне тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 4 183 966 теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар басқарма қызметкерлері тарапынан жер заңдылығын бұзған 114 жер учаскесіне заңсыздықты жою туралы нұсқама берілген. Дегенмен, оның 14-інде заң бұзушылықтар анықталмаған.

Нысаналы мақсат

222999

Қала тұрғындарының қатарында жер учаскесін өз бетінше иеленіп алғандар мен жерді нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбағандар да кездеседі. Мұның бәрі заң бұзушылық. Жерге ешқандай құжатсыз, өз бетінше иелік жасап алған 18 тұлғаға басқарма 3 690 130 теңге айыпұл салған. Ал Қазақстан Республикасының жер заңнамасын сақтамай, жер учаскесін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбаған 14 тұлғаға 380 211 теңге көлемінде айыппұл салынған.

– Жер нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылуы тиіс! Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерді тұрғын үй салуға өзгерте салу қиын емес. Бірақ, тұрғын үйге арнап өзгерткен жерге міндетті түрде инфрақұрылымдық жүйе, су трассасы, табиғи газ, сапалы электр жарығы, кәріз жүйесі тартылуы керек.

Оны қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы Шымкенттің Бас жоспары негізінде анықтап береді. Дегенмен, ауыл шаруашылығына қолайлы жер сол мақсатта, ал тұрғын үйге арналған жер телімі өз мақсатында пайдаланылғаны әбден дұрыс. Біз оны өзгертпеуіміз керек, – деді басқарма басшысы.

Жәнібек Ағыбаевтың нысаналы мақсатты өзгертпеу туралы ойына тамызық болсын, қала тұрғындарының кейбірі төрт түлік мал асырауға шағымданады. Азаматтардың кейбірі көршінің үйіндегі ит-құс, сиыр мен қойдан мазасы кетсе, енді бірі «от жағып, түтіндетті», «ойын-сауық-құрып, берекені қашырды» деген шағымдарын да жеткізеді.

Ал керісінше, қалада бау-бақшаға жеміс-жидек егіп, қой қоздатып, ағарған ішіп отыруға ниетті суармалы, ауыл шаруашылығына қолайлы жер іздейтіндер де аз емес. Егер нысаналы мақсаты өзгермесе, өмір салты ұқсас тұрғындар бір елдімекенге орналасатыны анық.

Жерді алып, пайдалануға асықпайтындар бар ма? Әрине, бар. ҚР Жер кодексінің 92-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, тексеру жүргізген басқарма қызметкерлері пайдаланылмай жатқан шаруа қожалығына және кәсіпкерлік мақсаты үшін берілген жер учаскесін игермеген 58 тұлғаны анықтап, жер учаскесін пайдалану жөнінде нұсқама беріп, 380 211 теңге көлемінде айыпұл салды. Талап қатаң, орындалмаған жағдайда игерілмеген жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады.

Шымкент қаласында 2019 жылдың 6 айында жер кезегіне 790 азаматтың өтініші тіркелген. Жалпы, осы кезге дейін жеке үй салу үшін жер кезегінде тұрғандар саны 119 018-ге жетті.

Дегенмен, жер телімі ҚР Жер Кодексінің талаптарына және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы» Бұйрығына сәйкес, ҚР азаматтары мен оралмандардың өтініштері арнайы есепке алынып, тек инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген бос аумақтардан беріледі.

жер

 

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.