Электр энергиясы:тұтынушыға пайдалы реформалар

Среда, 24 Июль 2019 04:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 472 раз

Барлығымыз электр энергиясын тұтынамыз. Дегенмен, бұл коммуналды қызмет көпшілікке қалай бірдей қолжетімді болатыны назардан тыс қала береді. Ал егер сіз бизнеспен айналысқыңыз келсе, электр энергиясын тұтынатын қандай да бір кәсіпорын ашсаңыз, осы саладағы заңдылықты білмеу салдарынан бірқатар мәселе туындауы мүмкін. Бұл жөнінде мамандар не дейді?

Атом-энергетика 1

– Электр энергиясына қол жеткізу бір қарағанда оңай көрінгенімен, олай емес»,-деп бастады Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Еркебұлан Сергебаев. – Басқа салалар сияқты энергиямен жабдықтау саласы да айтарлықтай реформалануда, электрмен жабдықтау жұмыстары жеңілдетілуде.

Қазіргі таңда Қазақстанда электрмен жабдықтау жүйесіне қосуға арналған Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингі индикаторларын жақсарту жөнінде іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілген.

– Ол қандай индикатор?

– «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» индикаторына электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу үшін кәсіпорынның барлық рәсімдерден өтуі көрсетіледі. Олар өтініш беруді және энергетикалық кәсіпорындармен шарттар жасасуды, тарату желілері мен басқа мекемелерден қажетті рұқсаттар алуды, инспекциялар жүргізуді, қосу бойынша сыртқы жұмыстарды орындауды, аяқтау актілерін алуды және электр энергиясын түпкілікті жеткізуді қамтиды.

Бұдан басқа, электрмен жабдықтаудың сенімділік индексін қамтитын «Бизнесті жүргізу» индикаторы бар. Сондай-ақ механизмдер туралы деректер зерттеледі, олардың көмегімен энергиямен жабдықтаушы кәсіпорын мониторинг жүргізеді, қоректендірудің қалпына келуін, есептілік туралы мәліметтерді, тарифтердің ақпараттық қолжетімділігі мен ашықтығын бақылайды.

– Осы индикаторларды жақсарту үшін біздің өңірімізде нақты не жасалуда?

– Электрмен жабдықтау желілеріне қосуға техникалық шарттарды алу мерзімі 14-тен 5 күнге дейін қысқартылды. Тұтынушылардың жобалық шешімдерін энергия таратушы ұйымдармен келісу қажеттілігі алынып тасталды. Энергиямен жабдықтаушы ұйыммен электрмен жабдықтау шартын жасасу мерзімі 7 күннен 3 күнге дейін қысқартылды.

Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі органнан электр желілеріне қосуға рұқсат алу қажеттілігі алынып тасталды. Жер қазу жұмыстарына рұқсат алу және құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауды күту, сондай-ақ есептегіш құралдарын пломбалау, желіге қосу және электрмен жабдықтау шартын жасау үшін өтінім беру рәсімдері біріктірілді.

Тұтынушының электр қондырғыларын пайдалануға беру алдында энергетикалық сараптамадан өту қажеттілігі алынып тасталды. Яғни, электр энергиясын пайдалану қағидаларының 22-тармағы алынып тасталды. Құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат алу қажеттілігі алынып тасталды.

– Ал жеткізілетін электр энергиясының сапасын бақылау қалай жүзеге асырылады?

– Электрмен жабдықтау көрсеткіштерінің сенімділігінің нормативтік мәндері бекітілді. Оларды жеткізуші де, тұтынушы да сақтауы тиіс. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі 300-1-бабымен толықтырылды, бұл энергия беруші ұйымдар басшыларының электрмен жабдықтау сенімділігінің бекітілген көрсеткіштерінен асыра ауытқуы анықталғанда 125 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жауапкершілікке тартылады.

Сондай-ақ техникалық шарттарды беру кезінде құқық бұзушылардың талаптарын, тәртібін және мерзімдерін бұзғандар да жазаға тартылады. Электр желілеріне қосылу тәртібін бұзу шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 25, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Құжаттарды қабылдаудан және (немесе) электр желілеріне қосудың техникалық шарттарын беруден бас тартқаны үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Осылайша, реформалар тұтынушылардың электр энергиясының сапасына, электрмен жабдықтаудың сенімділігіне, жеткізу шарттарына, сондай-ақ энергия беруші ұйымдардың электр желілеріне қосу бөлігінде электр энергетикасы саласындағы ҚР заңнамаларында көрсетілген мерзімдер мен талаптары сақталуына ықпалын тигізеді.

– Түсініктеме бергенініз үшін рақмет.

018

Біле жүріңіз!

Электр желісін бүлдіргендер айыппұл төлейді

Еліміздегі электр желілерінің күзет аймақтарында жұмыс жүргізу кезінде ҚР Энергетика министрінің №330 бұйрығымен бекітілген электр желілері нысандарын күзету аймақтарын және осындай аймақтардың шекараларында орналасқан жер учаскелерін пайдаланудың ерекше шарттарын белгілеу қағидаларының талаптарын қатаң сақтау қажет.
Ереженің 35-тармағына сәйкес, күзет аймағында жер жұмыстарын жүргізетін жеке және заңды тұлғалар жұмыс өндірісінің техникалық құжаттамасында көрсетілмеген кабельді анықтаған кезде жұмысты дереу тоқтатып, кабельдің сақталуы мен тұтастығын қамтамасыз ету шараларын қабылдайды және бұл туралы иелігінде электр желілері орналасқан жақын энергия беру ұйымына немесе жергілікті атқарушы органдарға хабарлайды. Осы әрекетті бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 305-бабымен әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Осыған байланысты, жоғарыда айтылғандардың негізінде, ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаментінің мамандары электр энергетикасы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді қатаң сақтауды ұсынады.

А.СӘДУӘЛІ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.