Су – тіршіліктің тамырын бүлкілдеткен нәр Избранное

Пятница, 26 Июль 2019 03:22 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 274 раз

«Су арнасы - Маркетинг» – Шымкенттегі ірі кәсіпорынның бірі. Мегаполис тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп келе жатқан, 68 жылдық тарихы бар мекеме.

очистное 3

Жуырда Шымкентке келген жұмыс сапарларының бірінде Үкімет басшысы Асқар Мамин арнайы ат басын бұрып, «Су арнасының» мекемесінің жұмысымен танысты.
Премьер-Министр қаладағы кәріз-тазарту жүйелерінің аумағында болып, қалдық суды тазарту жүйесінің жұмысын көрді.

Қалдықтан электр энергиясын алатын биогаз қондырғысының жұмысын бақылады. Үкімет басшысына мекеменің жұмысы туралы «Су арнасы – Маркетинг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Анарбек Орманның өзі таныстырды. Жауапты мамандардың баяндауынша, 2016 жылы тазарту құрылғыларын жаңарту жұмыстары жүргізілген.

Соның нәтижесінде, тиімді технологияның көмегімен өндірістік қуаттылық тәулігіне 150 мың т.м. жетіп отыр. 

Жалпы, Шымкент қаласы бойынша қалдық су жүйесінің ұзындығы 838 шақырымды құрайды. Алдағы уақытта қалдық су және кәріз жүйесінің жұмысын одан әрі дамыту үшін қала аумағында алдағы уақытта қуаттылығы тәулігіне 150 мың және 60 мың т.м. болатын 2 кәріз тазарту қондырғысын салу жоспарлануда. Құрылыс бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады деп күтіледі.

Сонымен, коммуналды мекеменің жұмысына бір сәт үңіліп көрсек.

Су жинау

Тіршілік нәрі су көздеріндегі ұңғымалар арқылы жиналады.

Шымкенттің ерекшелігі сол, құрылғылар қаладан биік орналасқан, су жинала салысымен тұтынушыға жөнелтіледі. Сорғылардың жұмысы, судың көлемі, құбырлардағы қысым мен басқа да арнайы мәліметтер диспетчерлік пунктегі мониторларға беріледі.

Жаз кезінде қала тұрғындары сағатына 10 мыңға жуық текше метр суды тұтынады. Ал күз бен қыс айларында бұл көлем 30%-ға төмендейді.
Ауызсу шымкенттіктердің үйлері мен пәтерлеріне жетпей тұрып залалсыздандырылады.

«Selcoperm-500» қондырғысы бар арнайы станция су жинау орнынан бірнеше шақырым төменде орналасқан. Мұндағы маман арнайы тұз таблеткаларын суға араластырып, ары қарай электролиз қондырғысында атомға дейін ұсақталады. Дайын болған қоспа арнайы ыдысқа құйылып, магистральды су құбырына қысыммен жіберіледі.

Міне, су залалсыздандырылды және оны енді еш қорықпай іше беруге болады. Бұл стратегиялық нысандар мұқият күзетілетінін де айта кету керек.

Суды жеткізу мен тарату

Водоканал 10

Су құбырлары, коллекторлар, кәріз желілері мен есептеу-бақылау құрылғылары – осының барлығы қаланың су шаруашылығын құрайды.
Су көзінен алынып, залалсыздандыру процесінен өткен су қалаға үш негізгі жолмен жеткізіледі. Ары қарай орамішілік тарату құбырларымен бөлінеді.

Сумен қамтамасыз ету жүйесінің жұмысы технологиялық процеспен басқару жүйесі арқылы автоматтандырылған. Орталық диспетчерлік пунктегі алып мониторда барлық мәлімет көрініп тұрады. Құбырлардағы қысым туралы мәлімет 36 бақылау нүктесінен түседі. Ал төтенше жағдай бола қалса, GPS-трекерлер арқылы экранда апатты бригадалар мен мамандардың орны көрсетіледі.

Мәлімет тез арада соларға беріледі. Шымкент қаласы елімізде алғаш болып су өлшеуіш құрылғылармен жабдықталғандықтан, судың шығыны толық бақылауда. Бұл жүйе суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Кәріз жүйесі

Кәріз жүйесі – су шаруашылығының маңызды бөлігі. Шымкенттегі 6 коллектордан қалдық су өз ағысымен тазарту құрылғысына жиналады. Қазіргі таңда қаладағы абоненттерден тәулігіне шамамен 100 мың текше метр су жиналады. Ал бұл суды тазарту – көп деңгейлі, маңызды жұмыс, бұл кешен тәулігіне 15 мегаватт электр энергиясын қолданады.

Мұнда алдымен қалдық су органикалық емес қалдықтардан тазартылады. Яғни, пластик, мата секілді түрлі қалдықтар сүзіледі. Бұдан кейін арнайы құрылғы арқылы судағы құм сүзіледі. Айта кету керек, жауын-шашын мен қар еріген мезгілде судағы құм мөлшері артады. Шамамен үш күнде 4 тонна құм жиналуы мүмкін. Бұл қалдық да кәдеге асырылып, жол салуға жұмсалады.

Қалдық судан газ өндіру

Бұдан кейін қалдық су бірнеше ыдыс арқылы өткізіліп, қосымша тазартудан өтеді. Органикалық қалдықтан тазартылған су арнайы ыдыстарға жиналады. Бұл ыдыстарға арнайы өсірілген бактериялар жіберіліп, зиянды бактериялардың көзін жояды. Процесс кезінде компрессорлы станциядан қысыммен ауа жіберіледі, себебі, бактерияларға оттегі қажет.

Водоканал 9

Соңғы кезеңде су мен шөгінді бөлінеді. Су соңғы тазартуға жіберіліп, сыйымдылығы 25 млн т.м. Бөржар қоймасына жиналады. Ары қарай техникалық дақыл өсіретін шаруашылықтар пайдалануы мүмкін.
Ал шөгінді де әбден кептірілген соң кәдеге асады. Арнайы бункерлерге жиналып, мұнда тағы да арнайы бактериялар жіберіледі.

Соның нәтижесінде ашу процесі басталып, метан бөлініп алынады. Газ соңында газгольдерге жиналады. Биохимиялық өндірістің қуаттылығы – сағатына 200 т. м. метан. Мұнша көлем тазарту құрылғыларын электр энергиясымен және әкімшілік ғимараттарды жылумен жабдықтаудың 1/3 бөлігін жабуға жетеді.

Ашудан кейінгі қалдық зиянды қоспасы жоқ дайын тыңайтқышқа айналады.Айта кетейік, бұл биогаз қондырғысы – Орта Азиядағы баламасы жоқ жоба.
Осылайша жер қойнауынан алынған тіршілік нәрі бүкіл қаланы шарлап, тұрғындардың қажетіне жараған соң да кәдеге асады. Ал алып мекемедегі жұмыс бір сәтке тоқтаған емес...

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айынан бастап Бас редактордың орынбасары.