Елдімекендер урбанизация үдерісіне сай ма? Избранное

Пятница, 02 Август 2019 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3464 раз

«Бүгінде жетекші елдердің экономикасы, көбіне, жаһандық қалалар немесе мегаполистер арқылы танылады»

Н.Назарбаев.
Қазақстан халқына Жолдауы. 2018 жыл

0ала ш

«Қалалық» атану

Урбанизация, бұл – қала тіршілігі мен тұрмысы және мәдениетінің үстемдікке ие болуы. Бұл тұрғыда «шымкенттік» болу мақсатымен қала аумағына жақын елдімекендерге қоныстанғандар көп-ақ. Мысалы, Ордабасы ауданынан Темірланға, Темірланнан Шұбарсуға немесе Сайрам ауданынан Ақсуға, сосын одан бері Тассай, Пахтакор елдімекендеріне көшіп келгендердің көздегені қала тіршілігіне жақындау болды.

Сол сияқты Төлеби мен Қазығұрт ауданынан да Шымкент қаласының аумағына жақын қоныстанған халық әуелі жұмыс табу мүмкіндігін ескерсе, уақыт өте келе балаларына сапалы білім алуына жағдай жасауды ойлағаны анық. Халықтың «қалалық» болуға ұмтылған ниеті урбанизацияның негізгі көрсеткішіне айналды. Яғни, елдегі қалалық тұрғындардың үлес салмағы қарқынды түрде арта бастады.

Қала халқының табиғи өсімі, елдімекендердің қала статусын алуы, қала маңы аудандарының пайда болуы, ауылды жерден қалаға қарай көшу, қалалық болуға ұмтылу – мұның бәрі урбанизация үрдісінің көрінісі. Бұл тек демографиялық және географиялық құбылыс емес. Мұндай кезде қалалық мәдениет пен қарым-қатынастың қалыптасуынан қоғамның дамығаны айқын көрініс табады.

Сауда-саттық, кәсіпкерлік, қолөнер, ғылым және өндіріс орындарының дамуы қарқын алып, олардың мәдени, саяси міндеттері арта түседі. Бос жұмыс орындарының көбеюі мен ауыл шаруашылығын механизациялау да урбандалуға тән.

Агломерацияға топтасу

Агломерация – урбанизацияның бір ғана процесі. Нақтырақ айтқанда мәдени, тұрмыстық және экономикалық әлеуеті, тыныс-тіршілігі бір-біріне тығыз байланысты елдімекендердің шағын ғана аумаққа шоғырлануы. Мұндай урбанизация үдерісі индустриялық аймақтарға тән, ірі, ядроға айналған қала төңірегінде қалыптасады.

Шымкент – тартылыс күші зор ядро қаланың біріне айналды. Табиғи урбандалу және оның нәтижелі көрініс табуы, халық санының өсуі, өндірістік саланың ілгерілеп, бос жұмыс орындарының көбеюі соның дәлелі. Сондай-ақ, Шымкенттегі миллионнан астам тұрғыннан бөлек, сапалы білім мен медициналық қызметті пайдалануға тартылатын аудан-ауыл тұрғындары да аз емес.

Шымкент қаласынан аудан-ауданға қатынайтын көлік қозғалысының саны да, сапасы да соңғы уақытта күн санап артты. Шымкенттен аудандарға ғана емес, облыстарға, тіпті шетелге де жол жүруге мүмкіндік бар.

Көне шаһар республикалық маңызға ие болғанына да жылдан асты. Миллионды қала мегаполис атанды. Дегенмен, ең жақсы жетістіктердің де өзіндік қиындықтары болады. Халқы тығыз орналасқан ірі қаланың қажеттіліктерін бақылау, назардан тыс қалмауы жүйеге түскенге дейін біршама уақыт кетеді.

Әдемдік тәжірибеде осы уақыт аралығында мегаполисте жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендеуі, кей шағынаудандарда инфрақұрылымдық жағдайдың өзгеруі немесе мүлде болмауы, экологиялық проблемалар және әлеуметтік мәселелердің көбеюі көрініс табады. Мегаполистің дами түсуі де дәл осы мәселелерді қолға алумен жалғасын табады.

Урбандалу нәтижесінде Шымкент қаласының аумағы бастапқы 40 мың гектардан 117 мың гектарға ұлғайды. Қала маңына іргелес орналасқан 44 елдімекен Шымкент аумағына өтті.
Республикалық маңызы бар қаланың басты мақсаты – сол елдімекендердің инфрақұрылымдық жағдайын қалалық деңгейге жеткізу.

Осы мақсатта Абай ауданында сапалы электр жарығын қосу және табиғи газбен қамту жұмыстары қарқын алса, Қаратау ауданында орталықтандырылған кәріз жүйесі мен сапалы электр жарығын тарту қызу жүріп жатыр. Ал Еңбекші ауданында Төлеби және Сайрам ауданынан енген тұрғын алаптарға жол белгілері орнатылды.

Медицина және қоғамдық көлік қызметінің сапасы артып, табиғатына сай демалыс аймақтары ашыла бастады. Түрлі кәсіпкерлік нысандар өз жұмысын бастап, жергілікті тұрғындарға бос жұмыс орындарын ұсынуда. Әл-Фараби ауданында да урбандалу үдерісімен қалаға жақын орналасып, бүгінде Шымкенттің бір бөлшегіне айналған тұрғын алабтары бар.

Елдімекендерге «қан жүгіреді»

шар

Шымкент қаласынан Ташкентке баратын тас жолының сол жақ бетінде Бадам тұрғын алабы мен Сәуле шағынауданы орналасқан. Сол шағынауданның оңтүстігіне қарай жүріп барсаңыз қырға жетесіз. Жекеменшік үйлер сол қыр басына дейін ғана орналасқан тәрізді. Алайда, тағы сәл жүрсеңіз сай, одан әрі қыратқа жалғасқан жерде Сайрам ауданынан қала аумағына енген шағын елдімекендерді көзіңіз шалады.

– «195-орам», «276-орам», «275-орам» деп аталып кеткен Әл-Фараби ауданына қарасты елдімекендердің жағдайы бүгінде жақсарған. Жергілікті тұрғындар ауызсуды бұған дейін бірнеше шақырымдық жерден тасып ішкен еді, – дейді Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұлов.

Бадам тұрғын алабынан (195-орам), егжей-тегжей жоспарға сәйкес, жеке тұрғын үй салу үшін 600 жер учаскесі берілген. Қазіргі таңда 300 үй түсіп, халық саны 1280 адамға жетті. Ал, Сайрам ауданынан Сәуле шағынауданына енген 276-орам жаңақұрылыс аумағында шамамен 153 түтін бар.

Халық саны 612 адамды құрайды. Аталған елдімекендерді ауызсу және табиғи газбен қамту туралы ұсынысын аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов қалалық әкімдікке жеткізгенін айтты.

– Инфрақұрылымдық жұмыстардың жобасын жасау мәселесі мәслихатта қаралған соң ғана қазынадан қаражат бөлінбек. ЖСҚ әзірленгеннен кейін құрылыс жұмыстарын күтуге тағы біршама уақыт өтеді. Сондықтан, біз кәсіпкерлердің көмегімен 276-орамға 2 жерден су көзін тартуды ұйымдастырдық, – дейді аудан әкімі.

Кәсіпкер қолдауымен

Аталған елдімекен тұрғындары электр қуатын жеке кәсіпкер Н.Ережеповтің жеке меншігіндегі өндірістік базадан өзара келісіммен жалғанған. Электр бағаналары әзірге стандартқа сай емес. Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Босымбаевтың айтуынша, кәсіпкерлердің демеушілігімен сапалы электр бағаналары да орнатылған. Қала орталығынан жырақта орналасқанымен Шымкент аумағына қарасты елдімекендердің бүгінгі тіршілігі кешегісінен жақсы болғанының өзі едәуір ілгерілеушілік.

276-орамның ауыл биі Асылбек Есмұрзаев ауызсуды 3 жыл тасып ішкендерін айтты.

– Әу баста қалаға қоныстану үшін Шымкенттен жер іздедік. Қалтамыз көтергені осы аумақ болды. Мұндағы көршілер менен 2 жыл бұрын келіп, 5 жыл сонау Сәуле шағынауданынан тасып ішті ғой суды. Ал менің үй сала бастағаныма 3 жыл болды. Шымкент мегаполис атанған соң бұл жерге қоныстанушылардың қатары да күн санап арта бастады. Адам көбейсе, сұраныс артады.

Өткен жылы ғана алыста жатқан ауыл сияқты едік, қазір топырақ жолымызға тас төселді. Биыл сапалы жарық пен ауызсуға қол жеткіздік. Кәсіпкерлерге айтып, осы жақтың тұрғындары үшін жұмысты ұйымдастырып, басы-қасында жүрген әкімдік қызметкерлеріне алғыс айтамыз, - деді ауыл биі.

Бұрын 5 шақырымнан тасып ішсе, бүгін орам тұрғындарының әрісі 100-200 метрдегі су көзінен тасып ішеді. Дегенмен, алда атқарылар жұмыс әлі де көп.

Қазынадан қаражат қаралып, Бадам және Сәуле шағынауданына қарасты орамдардың инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту үшін Шымкент қаласының энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы да бірқатар жұмыстарды қолға алмақ.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.