Басты назарда – шалғай елдімекендер Избранное

Пятница, 02 Август 2019 04:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 395 раз

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов елдімекен тұрғындарымен жүздесті

Үшінші мегаполистің әкімі Ерлан Қуанышұлы алғашқы жұмыс сапарын қаланың шет жағында орналасқан аудандардың тұрғындарымен кездесуден бастады. Қаратау ауданының Исфиджаб тұрғын алабына келіп, ауызсу және электр қуатымен қамту секілді коммуналды мәселелерді тұрғындармен бірге талқылаған қала әкімі ауызсу мәселесін жүйелі түрде шешу бойынша тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.

 Әкім 1

Қала әкімі бұдан кейін Сайрам тұрғын алабына барып, инфрақұрылым жүйесімен танысты. Ерлан Қуанышұлы жергілікті халықпен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Жергілікті тұрғындарды толғандырып отырған басты мәселе ауыз су мен сапалы электр энергиясы болып отыр. Кездесу барысында қала әкімі негізгі жұмыс халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталатынын айтып, алдағы уақытта көтерілген мәселелерді рет-ретімен шешу міндеті тұрғанын жеткізді.

– Өздеріңізге мәлім, Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айрықша назар аударып отыр. Халықтың тұрмысын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Осыған орай шалғайда орналасқан елдімекендердің тұрғындарына қолайлы жағдай жасау басты міндеттердің бірі болмақ, - деді Е.Айтаханов.

Қала әкімі Шымкентті мегаполис мәртебесіне лайықты ету үшін шалғайдағы шағын аудандардың инфрақұрылымын дамытуды бірінші орынға қойып отыр. Шаһардағы күрмеуі шешілмеген әр мәселе күн тәртібінен түспейтінін айтқан әкім тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ерлан Қуанышұлы алдағы уақытта халықпен кездесу үшін барлық елдімекендерге жиі барып тұратынын айтты.

Осылайша қала әкімі халық пен билік арасын жақындату ниетін жеткізді. Өз кезегінде тұрғындар қала әкіміне арнайы келіп, өзекті мәселелерді көтергені үшін ризалықтарын білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Қала әкімі бұдан кейін Абай ауданындағы Жаңаталап, Игілік тұрғын алабтарының инфрақұрылым жүйелерімен және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Елдімекендердің тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық көлік, ауыз су, газбен және сапалы электр жарығымен қамту сынды мәселелерін тыңдады.

Тұрғындар көтерген мәселе орынды екенін айтқан қала әкімі қала бюджеті бірінші кезекте шалғайдағы аудандардың инфрақұрылымын дамытуға бөлінетінін атап өтті. Сонымен қатар түйінді мәселелердің уақытылы шешілуін жеке өзі қадағалайтынын жеткізді.

5d42b4b344d1c

– Бүгінде Түркістан облысынан қала аумағына қосылған 41 елдімекен бар. Олардың көбінде әлі күнге дейін ауызсу, жарық, көгілдір отын мен тіпті қатынас үшін көше-жолдар жоқ десек те болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының съезінде Үкіметке ауылды жерлерге үй, жол салып, коммуникация тарту қажеттігін тапсырған болатын. Осы жұмыстардың барлығын мегаполиске қосылған аудандарда да жүргізуіміз қажет. Көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан коммуналды мәселелерді рет-ретімен шешеміз, - деді Е.Айтаханов.

Қала әкімі, сонымен қатар, ауданда заңсыз жер қойнауын пайдаланып жатқан азаматтардың жұмысына назар аударды. Тиісті сала жетекшілеріне осы жұмыстардың заңдылығын анықтап, шара көруді тапсырды. Сондай-ақ, өз мақсатында пайдаланылмай отырған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыруды айтты.

Ерлан Қуанышұлы Абай ауданының әкімі Б.Пармановқа және сала басшыларына елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, ауданға жасаған жұмыс сапары барысында әкімдерге күрмеуі шешілмеген ең өзекті проблемалы нысандарды көрсетуді атап өтті.

Последнее изменение Пятница, 02 Август 2019 04:39
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.