SHYMKENT болашақта «Smart city» мәртебесін иеленбек Избранное

Среда, 14 Август 2019 05:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 293 раз

Соңғы жылдары елімізде ақпараттық және коммуникациялық технологиялар экономиканың барлық салаларында қарқынды дамуда. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын, цифрландыру және жобалық басқаруды арттыру мәселелері мемлекеттік басқару саласындағы басым бағыттардың біріне айналды. Осы орайда, өткен жылы үшінші мегаполис әкімдігі сандық технологияларды нарықтық стандарттарға сәйкес дамыту мақсатында жаңа басқарма құрған болатын. Жуырда Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Айнұр Юсуповамен сұқбаттасудың сәті түсіп, мегаполисті цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарға қанық болдық.

329

 

– Айнұр Абдуахасқызы, бұрынғы Шымкент қаласының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы болып өзгергеніне де жыл толыпты. Ең алдымен басқармадағы жаңалықтарға, соның ішінде Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталып өтсеңіз.

328

– Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы Шымкент қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 11 шілдедегі №33 қаулысымен құрылды. Бүгінгі күні басқарманың алдында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, «Smart city» жобасын енгізу, ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласындағы бірыңғай талаптарды, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ведомствоаралық ақпараттық жүйені және мемлекеттік органдардың байланыс арналарын сүйемелдеу және қала аумағында мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру, оған қолжетімділікті қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, бизнес процестерін оңтайландыру, олардың сапасына ішкі бақылау жұмыстарын жүргізу сынды негізгі міндеттер қойылған.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 12 желтоқсандағы №827 қаулысымен бекітілген «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақылды қала» жобасы 5 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Оларға тоқталып өтсем, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және қауіпсіздік мәселелері қамтылған. 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 15 жоба іске асырылды.
Осы жобалардың іске асырылуының нәтижесінде медицина саласы бойынша барлық 36 медициналық ақпараттық жүйе енгізіліп, аталған денсаулық сақтау ұйымдары «қағазсыз аурухана» жүйесіне көшті. Соның ішінде, сұранысқа ие 3 қызмет автоматтандырылды. Мобильді қосымша арқылы тұрғындарға кезекті скринингтен өту туралы хабарлама жолдау мүмкіндігі іске қосылды. 97,4 % қала тұрғынының электрондық денсаулық төлқұжаттары қалыптастырылды. Ал білім саласында балабақшаға электронды кезек және жолдама беру, 1-ші сыныпқа қабылдау, мұғалімдерді қабылдау жүйесі оңтайландырылды. Сонымен қатар, IoT технологиясын қолдайтын есептеу құрылғыларын орнату бойынша 5 көпқабатты тұрғын үйде пилоттық жоба іске асып, монополия субъектілері «Е-Shanyrak» жүйесімен толықты. Қауіпсіздік мәселесін шешу мақсатында пилоттық негізде «Сергек» жобасы іске қосылып, 104 камера орнатылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады.

– Цифрландыру жүйесі – жемқорлыққа тосқауыл деп айтып жүрміз. Жемқорлыққа қарсы күресте сандық жүйе қаншалықты өзгеріс алып келді?!

– Жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуге қауқарсыз ел артта қалады. Сондықтан, мемлекеттік басқаруда жаңа технологияларды енгізу – кезек күттірмейтін мәселе. Елбасы Н.Назарбаев мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру қажеттілігін алға тартқан болатын. Мақсат – заманауи технологияның көмегімен қызмет сапасын жақсартып, жемқорлықтың тамырына балта шабу. Оны электрондық форматқа ауыстыру да тұрғындарды әуре-сарсаңнан құтқарып, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрине, атқарылып жатқан жұмыстардан бір жылда немесе аз ғана уақыт ішінде нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Оны тұрғындарға түсіндіріп, насихаттаудың өзі үлкен шаруа. Дегенмен, жүйені жеңілдетуге барымызды салудамыз. Нақтырақ дәйекті деректермен жеткізсек. Өткен жылы қаламыздағы 476 балабақшаға электронды кезек және жолдама беру жүйесі енгізілді. Шаһардағы 130 мектепте 1-ші сыныпқа қабылдау автоматты түрде жүзеге асырылды. Аталған жұмыстар мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелеріне балаларды қабылдауда сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын-алуға мүмкіндік берді деп кәміл сеніммен айта аламын.

330

Сонымен қатар, заманауи тәсілдер мен технологияларды енгізу мақсатында жоғары оқу орындары жанынан 6 IT сынып ашылды (интелектуалды жүйелер, компьютерлік модельдеу, робототехника лабороторияларын қамтиды). Нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдарды цифрландыру мен жолдаманы «адамның қатысуынсыз беру» арқылы 68 233 бала қабылданып, азаматтардан түскен арыздардың саны 40% төмендеді, 3 - 6 жасқа дейінгі балалар арасындағы кезек 2,5 есеге азайды.

Цифрлық оқыту ресурстары, электронды журнал жүйелері енгізілді. Мобильді технологиялар ата-аналар бақылауын күшейтіп, себепсіз сабақтан қалуға, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге оң әсерін тигізеді. Мұғалімдерді қабылдаудың электронды жүйесі енгізілді (бала-бақша және мектептерде). Сонымен қатар, бала-бақшалар мен мектептерде мұғалімдерді қабылдаудың электронды жүйесі енгізілді. Бұл – жұмысқа орналасу кезінде ізденуші мен жұмыс беруші арасында тікелей байланысты жоя отырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алады.

– Ал, үшінші мегаполистегі мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу бойынша өзгерістер бар ма?

– ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында мемлекеттік қызметтерді толық электрондық форматқа көшіруді міндеттеді. Бұл – мемлекеттік қызметтерді алу барынша автоматтандырылған, оңтайландырылған, қоғамның әрбір мүшесіне әлеуметтік коммуникация шығындарын төмендету мақсатына қызмет ететін электронды жүйе. Қазіргі таңда қоғамдық өмірдің барлық салаларында ақпаратты-коммуникациялық технологиялар кең қолданылады.

Электронды мемлекеттік қызметтер – мемлекеттік органдар мен халықтың арасындағы өзара іс-қимыл процессінде қызметті алу үшін өтініш және қажетті құжаттарды беру ғаламтор арқылы электронды түрде жүзеге асырылады. Көрсетілген қызмет қорытындысы бойынша өтініш берушіге электронды құжат нысанында нәтиже беріледі.
Қызметті алушы электронды тұтынушылар санының өсуі оны алғандағы артықшылыққа байланысты. Яғни, электронды қызметті кезекте тұрмай-ақ, тез алып, керек десеңіз пәтерден және кеңседен шықпай-ақ кез-келген уақытта онлайн режимде алуға болады. Электронды өтінішті немесе салық есептілігін және басқа құжатты толтырғанда жедел және дербес дәлсіздікті түзетуге жол ашылған.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы әкімдігімен 188 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. 2019 жылдың екінші тоқсанында жалпы 2 043 493 қызмет ұсынылды. Оның ішінде 1 556 758 қызмет түрі электронды нысанда көрсетіліп отыр. Яғни жалпы қызметтердің үлесі 76,2%-ды құрады. Есепті мерзімде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына шағым келіп түспеді. Сұранысқа ие 12 қызмет автоматтандырылса, 112 мемлекеттік қызмет бойынша Жол картасы бекітілді. Соның нәтижесінде жалпы саны 55 қызметті автоматтандырып, 57-ісін цифрлық жүйеге ауыстыру жоспарланған. Бұл жұмыстар да қарқынды түрде жүргізілуде.

– Шымкентті Smart city-ге айналдыруға күш салынып келеді. Күтер нәтиже қандай болмақ? Биыл қандай жобалар қолға алынды?

– Сұрағыңыз өте орынды. Жоғарыда айтып өткендей, Шымкент қаласы болашақта «Smart city» мәртебесін иеленбек. Бүгінде қаланың 2023 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасы жасалған. Басты мақсат қала тұрғындары мен қонақтарына мейлінше жайлы жағдай жасау. Қазіргі таңда жергілікті полиция жұмысын жүйелендіру мен білім саласында жаңалықтар енгізу бойынша біршама смарт жүйелер жүзеге асырылды. Ал биылға 16 жоба жоспарланған. Алғашқы кезекте «103» жедел медициналық көмек қызметін жаңғырту жобасы тұр. Аталған жоба «103» қызметін қазіргі заманғы жабдықтармен және арнайы автокөліктермен материалдық-техникалық жарақтандыруды және бірыңғай Саll-орталық құруды көздейді. Сонымен қатар, «112 бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметін» енгізу жобасы аясында «101», «102», «103» және «112» шұғыл қызметтер бірыңғай байланыс-орталығына біріктірмекпіз. Үшінші жоба – «109» мониторинг және ден қою қызметі. Аталған қызмет жергілікті атқарушы органның, оның құрылымдық бөлімшелерінің және қалалық қызметтердің азаматтармен ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді, консультациялық қолдау көрсету және шұғыл емес сипаттағы оқыс оқиғаларды жоюға арналған. Алға қойған жоспарлар аясында кешенді медициналық ақпараттық жүйені енгізу арқылы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының қызметін автоматтандыру назардан тыс қалмайды. Ең ауқымды жобалардың бірейгейі IoT элеметтерін әлеуметтік нысандарға енгізу болып табылады.

Бұл жоба әлеуметтік объектілерде (мектептер, балабақшалар және ауруханалар) жылыту маусымының мониторинг процесін автоматтандыруды қарастырады. Жоба аясында жылу беру маусымының барысын бақылау, әлеуметтік нысандарға электр энергиясын, суды тұтынуды есепке алу үшін есептеу құралдарын орнату іске асырылатын болады. Ал, «Ақылды квартал» – көпқабатты тұрғын үйлерде деректерді беру және «E-Shanyrak» АЖ-мен интеграциясы бар үйге ортақ есептеу құралдарын орнатып, ұсынылатын қызметтердің ашықтығы, нақты уақыт режиміндегі мониторинг, тұтынуды үнемдеу және көрсеткіштерді автоматты түрде жинау нәтижелеріне қол жеткізу мүмкіндігі енгізіледі.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды диспетчерлендіру, «Ақылды көшені жарықтандыру», Қоғамдық көлікте электрондық билеттеу жүйесі, «Ақылды көлік тұрағы», «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі, жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, ғимараттарда QR – кодтарды орнату, «Электрондық архивті енгізу», ЕРАП жүйесін енгізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта да «Ақылды қала» жобасы аясында біраз күрделі мәселелер оңтайландырылған жолмен шешімін табатын болады. Әлі де жағымды жаңалықтарымызбен қуантамыз.

– Әңгімеңізге рақмет.

Последнее изменение Среда, 14 Август 2019 05:24