Версия для печати

«СКВЕР АТА» немесе бос жерді саябаққа айналдырған қария Избранное

Пятница, 23 Август 2019 04:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3404 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте Темірлан тас жолы бойындағы «Навостройка» аталып кеткен аялдамадан түсіп, С.Ахметов көшесіне кірсеңіз, жайқалған жасыл бақты көресіз. Көше бойы ағаштардың сан алуан түрі мен гүлдердің аңқыған иісіне тұнып тұр. Осынау ғанибет көрініс қаланың қарапайым тұрғыны, бағбан Панзарбек Ордабековтың қолтаңбасы екенін білгенде шаруақор жанның жан жадыратар ісіне еріксіз сүйсінесіз. Қара жердің тіршілігіне жан бітіріп, бос жатқан мекенді көше тұрғындары саялайтын аймаққа айналдыруымен қатар шаһардың көріктендіру-көгалдандыруына үлес қосқан Панзарбек қариямен жүздесуге асықтырған да осы әдемі тірлік еді.

391

 

Сексеннің сеңгіріне шыққан Панзарбек Ордабеков 2008 жылдан бері Жайлау шағынауданында тұрады. Бұрынғы зоотехник зейнет демалысына шыққан соң отбасылық жағдайына байланысты
Шардарадан Шымқалаға қоныс аударады. Алайда ауыл ақсақалы шаһар тіршілігін жатырқамай, жатсынбай, жасым келді деп «жатып» алмай, қолына кетпен-күрегін алып, көше бойын көгалдандыруға бел шеше кірісіп кетеді.

– Табиғатымнан бос отыра алмайтын жан едім (күлді), зейнет демалысына шыққан соң да қоғамға пайдамды тигізейік дедім. Шаңы шығып, күл-қоқысқа толған көшенің бойын көргенде тыныш отыра алмадым. Алдымен көшенің сол қапталын қоқыстан тазартып, қыр-сайын тегістедім, зейнетақымнан артылған қаражатқа жыл сайын көктем-күзде ағаш көшеті мен гүл тұқымын алып, отырғыза бердім. Бастапқыда көшеттерді үйден шелекпен су тасып, өсірдім. Кейін ойлана келе екі-үш көше арыдағы «Қошқар ата» өзеніне шығыр орнатып, дөңге қарай су шығардым. Сөйтіп, жанкештілікпен ағын суды да жеткіздім. Бір жылдан кейін өзен суы төмендеп, сусыз ағаштар қурай бастады. Сосын Қажымұқан көшесіндегі ағынды суды жеткізу үшін, ешбір техникасыз өзім қолмен арық қазып, су жеткіздім. Е, шырағым, еңбек, бәріне еңбек керек. Мекеннің игілігін халық көрсін, – деді Панзарбек қария.

402

 

Міне, содан бері он жылдан астам уақыт өтті. Қазір мұнда қарияның қолымен 300 түп ағаш отырғызылған. Олардың арасында еменнен бастап теректер жайқалып, жаңғақ, жиде, өрік секілді ағаштар бүгінде жемісін беріп тұр. Гүлдің сан алуан түрін кездестіруге болады. Аз уақытта көше бойы көріктеніп, халық демалатын аймаққа айналып үлгерген. Одан бөлек, саябақ арқылы аялдамаға шығар бір аяқ жолға тас төселіп, шағын көпір орнатылыпты. Бұл жұмыстардың барлығын бағбан өз қаражатымен жүзеге асырған.

Қаланың бір түкпірін жайқалтып, жайнатып отырған П.Ордабеков жан рахаты үшін жасаған еңбегі үшін біреуден мақтау не марапат күтпегені анық. Бірақ, бейнет қай уақытта да зейнетін беретіні айдан анық. Өткен жылы ұйымдастырылған «Таза қала» акциясында Абай ауданы бойынша С.Ахметов көшесі қаладағы «Ең үздік көше» атанып, қомақты қаржыға ие болады.
– Еңбегім ескеріліп, қаланы абаттандыруға қосқан үлесімді ел бағалапты. Абай аудандық әкімдігіне алғысымды білдіремін. Демеушілердің көмегімен бағымызға төрт-бес жерден орындықтар орнатып берді. Қариялар отыратын арнайы орындықтары тағы бар, – деді әңгіме арасында көше биі.

11 ұл-қыздан тараған 40 немере, 8 шөберенің атасы - Панзарбек Ордабековтің ел игілігі үшін жасаған жұмысы бұл ғана емес. Шардара ауданындағы Сүткент ауылында өз қаражатымен аялдама салып бергені, демеушілер берген қаржының шашауын шығармай, мешіттің салынуына ұйытқы болғаны тағы бар.

– Зейнет жасына шыққан соң өмірімнің екінші тынысы басталды. Шағын ғана саябақтың әрбір бөлігінде менің қол еңбегім жатыр. Арбамен қоқысын да тазаладым, тас-темірін тасыдым, арығын да қаздым. Еңбектің арқасы болар – денім сау, ұрпағымның арасында бақытты ғұмыр кешіп жатырмын, – деген қарияның сөзінің жаны бар. Жүрісі тың. Әңгімесі ел игілігі хақында.
Он жылдан бері таңғы алтыдан тұрып, бау ішінде ағашын баптап, гүлін суғаруды әдетке айналдырған қариямен әңгімемізді аяқтап, қоштастық. Харекетте – берекет бар деген осы болар...

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.