Асылханның аялдамасы немесе өз қаржысымен көшені көріктендірген азамат Избранное

Среда, 11 Сентябрь 2019 05:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2938 раз

Шымқаладағы Еңбекші ауданына қарасты Ынтымақ елдімекенінде Айдын деп аталатын көше бар. Ұзындығы екі шақырымға жуық. Осы көшеге кірсеңіз, бейне бір саябаққа енгендей әсерде қаласыз. Себебі, көшенің жарты шақырымдай бойы көкжелекке бөленіп, сан түрлі гүлдерімен көздің жауын алады. Бұл көшедегі аялдама да әдемі. Аялдамаға қазақы нақышпен өрнектелген орындық орнатылып, қасына қоқыс жәшігі қойылыпты.

DSC 0887

Ал, айналадағы басқа көшелерден мұндай көріністі тіпті де көрмейсіз. «Сонда бұл көше неге ерекше?» деп таңданарыңыз сөзсіз. Бұл кереметті жасаған – осы көшенің қарапайым тұрғыны, зейнеткер Асылхан Ағманов. Осы тірліктің бәрін өз қаражатымен іске асырған азамат қаланы абаттандыруға айтарлықтай үлес қосып, көпшілікке өнеге көрсетуде.

20 түп алма ағашы, 300-ден аса терек пен гүлдің сан түрі егілген көрікті көшенің көркем келбетіне «көлеңке» түспеуді де зейнеткер өз міндетіне алғандай. Таңсәрісінен тұратын ол кісі гүл-дарақтарды суарып, аялдаманың айналасын тазалауды да дағдысына айналдырған. Асылхан аға осыдан бес жыл бұрын отырғызған ағаш көшеттері бүгінде жапырағын жайып, көлеңкесі көпшілікке сая болуда.

– Жол саласында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң қалаға отбасыммен көшіп келдік. Өз үйімізде бау-бақшаны жайқалтып, жан-жағымызды гүлдендіріп отыратындықтан, көшенің көріксіз сұрқын көріп, көңілім түсіп кетті. Алдымен білек сыбана кірісіп, кішкене аялдама салдым, төбесін жауып, оюлармен нақыштап, сырлап, айналасына гүл ектім. Сосын тазалық болсын деп, қоқыс жәшігін істеп, орнаттым. Күн сайын осы аумақты тазалау әдетіме айналды да зейнетақымнан артылған қаржыға гүл ұрығы мен терек көшетін сатып алып, көше бойына егуді бастадым. Қазір олардың саны 300-ге жетті.

Арасында сұрпы ерекше «Калифорния терегі» де бар. Жалпы терек суды көп қажет ететін ағаш. Сондықтан оларды күтіп-өсіру оңайға түспеді. Көшеден екі-үш үй жоғарыда тұрамын. Бой түзеп келе жатқан теректерді алғашында шелекпен су тасып, суардым. Судан тапшылық болғасын, алды қурай бастады. Сосын үйімнен көшеге қарай жер астымен құбыр жүргіздім, қазір сонымен суарамын.

Су мол болғасын жайқалып тұр. Жақында Сарыағаш қаласына барып, бір бағбаннан роза гүлінің көшеттерін алатын болып келістім. Енді ағаштардың арасына гүлді көптеп ексем деймін, – дейді зейнеткер.
«Бағбан болсаң, бақ өсір, «балама» деп тағы өсір» демекші, Асылхан аға әкесінің бағбандығын көріп өскен ұл. Әкесі Әбдіүміттің еңбекқорлығы мен бағбандыққа ептілігі бойына дарыған ол сол жақсы қасиетті өзі тұратын сүйікті қаласының тазалығына, табиғатына, абаттандыруына арнап келеді. «Ізгі істе есептеспес болар» деген даналық сөз бар.

Зейнет жасына жеттім деп бос жатпаған азамат ұрпаққа өнеге болар игі іске бастамашы болып отыр. Аялдаманы салуға, жас көшеттерді сатып алуға көше жанашыры өз қалтасынан 200 мың теңгеден аса қаржы шығарған. Ал қазіргі күні судың төлемақысына айына 20 мың теңге ақша жұмсайтынын айтады. Зейнетақысымен нәпақысын айырып отырған қарапайым жан үшін бұл оңайға түспейді.

–Ағаштың табиғатқа пайдасы орасан әрі көше бойының сәнін келтіреді. Олардың санын көбейту ойымда болғанымен, судың тапшылығы қолбайлау болуда. Соншама көк-дарақты өсіргенде «қаражат жоқ» деп жарты жолда қараусыз қалдыра алмайсың. Осы мәселемен Еңбекші ауданы әкімдігінен көмек сұрағаныммен, нәтиже шықпай отыр, –деген А.Ағманов базынасын да жасырып қалмады.
Зейнеткердің тұрғындар үшін жасаған тағы бір игі ісі – көшедегі 8 электр бағанына демеуші тартып, жарық шамдарын орнатуға ұйытқы болғаны.

– Көшеде қаншама жылдан бері жарық жоқ. Осы көшеде тұратын бір азамат көмек қолын созып, шамдарды орнаттық. Жарықтың төлемақысын да сол жігіт төлеп тұрады – деген зейнеткер жомарт жанға ризашылығын жеткізді.

DSC 0827-1

Осылайша қаланың қарапайым ғана азаматы өз көшесіне аялдама салып, көркін кіргізіп, тазалығын қадағалап келеді. Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздегі үлкен қалаларды жасыл белдеуге айналдыруды тапсырған-ды. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы аумағы 70 мың гектарды алатын тақыр жер жасыл белдеуге айналып үлгерді.

Ал, республикадағы үшінші мегаполисті жасыл қалаға айналдыру басты назарда тұр десек, Асылхан Ағыманов секілді туған қаласының туының жоғары болғанын қалайтын патриот азаматтарға қолдау қажет-ақ.

РS.

Асылхан Әбдіүмітұлының зейнетке шаққаннан бергі ермегі осы көше. Ерте көктемнен қара күзге дейін тыным таппайды. Күздің алғашқы аптасынан-ақ жапырақтар сарғайып, түсе бастады. Міне, көп ұзамай бір тал жапырақты жерде қалдырмай тазалап, теректерді бұтайтын уақыт келеді. Жетпісті алқымдаған қарияға бұл жұмысты жалғыз атқару оңай емес. Оған да қаражатын төлеп, адам жалдайды...

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.