Версия для печати

Өткел жыл соңында пайдалануға беріледі Избранное

Среда, 18 Сентябрь 2019 03:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3143 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесі қиылысындағы жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті өткелінің құрылысы биыл, яғни жыл соңына дейін аяқталады.

DSC 4187

Бұл туралы қала әкімдігінде өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеді.

Аталған жерүсті өткелінің құрылыс жұмыстары 2016 жылы басталған болатын. Сол кезде құрылыс жобасымен және жұмыс барысымен танысқан əкімдіктегі жауапты мамандар тұрғындардың шағымына орай бірқатар өзгеріс енгізді. Осыған сәйкес көпір жобасында поликарбонаттан жасалған шатыр, қимыл мүмкіндігі аз тұрғындарға арналған жеделсаты орнатылып, тірек бөліктері кеңейтілетін болды. Бұл өзгеріс болашақта көпірге эскалатор орнату үшін енгізілді.

Қазіргі таңда өткелдің құрылысы қызу жүргізілуде. Құрылыс нысанында жерасты коммуникациялары мен ирригациялық жүйе орнатылған. Бүгінде жолдың барлық бөліктеріне тіреулер орнатылып біткен. Қала әкімдігіндегі жауапты мамандардың мәлімдеуінше, өткел жыл соңында ел игілігіне берілмек.

Сондай-ақ, брифингте А.Байтұрсынов көшесіндегі жол құрылысы, Бәйдібек би – М.Дулати аялдамасындағы кешкі кептеліс және қаладағы ескі газелдер мәселесі сөз болды. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, алдағы уақытта «Колос», «Кабиско», «Бекжан базары», «Гипер Хаус» қаладан шығар бағыттағы аялдамаларға «Сергек» камерасы орнатылады.

– Аталған төрт бағыт бойынша кешкі уақытта орын алатын өзекті мәселенің бірі – жүргізушілер тоқтауға тиым салынған жерлерде тоқтап, адам мінгізетіндіктен көлік қозғалысына кедергі келтіруде. Қазіргі таңда аталған төрт бағытқа «Сергек» камераларын орнатуды жоспарлап отырмыз, - деді Қ.Жұматаев.

Жиында белгілі болғандай, Шымкент қаласында бірнеше ірі айналма жол салынады. Соның бірі – «Бекжан» базары маңынан орын тебетін Алматы-Ташкент бағытындағы Темірлан тас жолының жолайрығы. Қазіргі таңда онда 2-ші кезеңнің құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Мұнда 1-ші кезең бойынша, «Бекжан» базары маңындағы жолайрық құрылысы былтыр пайдалануға берілген болатын.

– Тұрғындар «айналма жол салынғанымен, бәз-баяғыша кептеліс болып жатыр» дегендей пікір айтуда. Мұнда қазір 1-ші кезеңнің ғана жұмыстары аяқталды. Оған сәйкес, уақытша бағдаршам орнатылды. Қазір 2-ші кезең бойынша құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Жол құрылысы 2020 жылдың екінші жартысында толық аяқталып, пайдалануға беріледі.

Барлық жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда. Ол жұмыстар аяқталған соң Темірлан жолындағы бағдаршамды алып тастаймыз. Сосын көліктердің қозғалысы жақсарып, кептеліс болмайды, – деді басқарма басшысы Қуатжан Жұматаев.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.