SHYMKENT: алты айда 111 591 турист Избранное

Среда, 09 Октябрь 2019 03:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1102 раз

Шымкент – туризмді дамытуға қолайлы әрі мүмкіндігі мол қала. Шымшаһар – табиғаты ерекше, климаты жағымды жер. Ол – тарихы терең көне кент. Қазақстанның аспаздық қаласы, бау-бақшалы жасыл қала, Шымкент – ең қонақжай өлкенің орталығы.

DSC 3321

Алайда, көпшіліктің санасында жаңғырып жатқан «шымкенттіктер» деген ұғымға жаңаша көзқарас қалыптастырып, туристер легін тартуға бағытталған кешенді маркетингтік бағдарламаны әзірлеу және жүзеге асыру қажет.

Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығында туризм басқармасы өкілдері өткізген баспасөз брифингінде осындай басты мәселелермен қатар салада атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар жөнінде әңгіме қозғалды. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Қалқабаев жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Басқарманың туризм саласындағы көрсеткіштерге жүргізген мониторингіне сәйкес, 2019 жылдың 6 айында қалаға келушілер саны 111 591 адамға жеткен. Яғни, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (82 897 адам) 34,6%-ға артып отыр. Ішкі туризм бойынша келушілер саны – 97 418 адам, кіру туризмі бойынша келушілер саны – 14 173 адам.

– 2019 жылдың басынан бастап бірқатар бағытта жұмыстар атқарылуда. Біріншіден, туризм басқармасының ұсынысымен Қазақстан Республикасының туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік деңгейдегі ТОП-50 Туристендіру картасы нысандарының тізбесіне «Ескі қалашық» кешені енгізілді.

11

Екіншіден, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында 2GIS электрондық навигациялық жүйесіне енгізілген «Сайрамның сакралды объектілері», «Жастарға арналған», «Фотоаймақтар» және т.б. жаңа дербес бағыттар әзірленді.

Сондай-ақ, сервисті жақсартуда туризм саласында кәсіби кадрларды даярлау мәселесі маңызды. Қоғам белсенділері, туризм мамандары, туризм нұсқаушылары тарапынан Шымкент қаласында «Жас туристер станциясын» құру ұсынылып отыр және оны жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Азамат Мұратбекұлы.
Сонымен қатар, жиында басқарманың алдағы жоспарлары таныстырылып, бірқатар мәселелер талқыға түсті.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.