ҚАРАПАЙЫМ ҚАҺАРМАНДАР Избранное

Пятница, 18 Октябрь 2019 05:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 235 раз

Еліміздегі төтенше жағдайларға қарсы қызметінің құрылғанына биыл – 24 жыл. 1995 жылы Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган құрылып, 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді.

506

 

Ер есімі – ел есінде

Кәсіби мерекелері қарсанында Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшы және жеке құрамы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Марқұмдардың туыстары мен ардагерлер қатысқан еске алу рәсімінде департамент бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Н.Дербісов және ардагер В.Витков ерлікпен қаза тапқан Бахыт Алпысбаев, Жұлдызбек Есеналиев, Жомарт Сәрсенбековтің ерліктерін айтып, олардың есімі жеке құрамның естерінде мәңгілік сақталатынын атап өтті.

507


Қызмет бабында жүріп, мерт болған жандардың бірі – Жомарт Сәрсенбеков. 43 жастағы азамат 2016 жылы таудағы туристі құтқару кезінде өзі мерт болды.
29 мамыр күні кешке құтқарушыларға Біркөлік шатқалында 28 жастағы жігіттің адасып кеткені туралы хабар түседі. Жалғыз жүріп, құзға шығып кеткен жігіт қайтып түсе алмаған. Сол түні-ақ тау бөктеріне жеткен құтқарушылар, қараңғы болғандықтан қауіпсіздік ережелері бойынша құтқару операциясын таңертең бастайтын болады. 30 мамыр күні сағат 06:22 шамасында Жомарт Сәрсенбеков шатқалға түседі. Құтқарушы түні бойы далаға түнеп шыққан жігітті арқанға іліп, жоғары тартуға белгі береді. Әттеген-айы сол, осы операция барысында біреудің өмірін сақтап қалуға кіріскен құтқарушы азаматтың өзі мерт болады.
Марқұмның соңында 4 баласы қалып, бірер айдан кейін бесінші перзенті дүниеге келді. Жомарт Сәрсенбеков – әріптестері арасында сыйлы, тәжірибелі құтқарушы болатын. Қызмет жолында ешқандай тәртіптік ескерту алмаған дейді басшылығы. Талай күрделі операцияларға қатысып, бірде өзі суға да ағып кете жаздаған. Дегенмен, асыраушысынан айрылған отбасы қолдаушысыз қалған жоқ. Марқұмның әріптестері мен кәсіпкерлер көмек қолын созып, бұл отбасыға жаңа үй салып берді.

Әрқашан қауіпсіздік күзетінде

Жалпы, Шымкент қаласының төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері 2019 жылдың 9 айында 2768 шақырту бойынша көмекке шыққан. Жыл басынан бері 283 адам құтқарылып, 213 адам төтенше жағдай аумағынан қауіпсіз жерге шығарылды. Жалпы құны 700 миллион теңгенің материалдық құндылығы сақталып қалды.
– Егер 9 айда 270 күн бар есептесек, осы уақыттың ішінде біздің құтқарушылар күніне орта есеппен 10-нан астам рет көмекке барған. Күніне орта есеппен 1 адам құтқарылады, - дейді төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерғали
Бахаев. – Қаңтар айынан бері Шымкент қаласы аумағында 204 төтенше жағдай тіркелген. Бұл – 2018 жылғы көрсеткіштен 51%-ға төмен.
Құтқарушылардың мәліметінше, 204 төтенше жағдайдың ішінде 166 оқиға өртпен байланысты. Тілсіз жаудың салдарынан келген материалдық шығынның көлемі былтырмен салыстырғанда 6%-ға артып, 273 млн теңгені құрады. «Материалдық шығын көлемінің артуына «МурАз» газ құю бекетіндегі ірі өрт әсер етті», - дейді Ерғали Жарасбекұлы.

Көрінбейтін «жаумен» күрес

Негізі, осы өрт оқиғалары құтқарушылардың да, тұрғындардың да «бас ауруы». Қала аумағындағы төтенше жағдайдың көбісі өртке байланысты. Ал өрт, негізінен, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан шығады. Лезде таралатындықтан, шұғыл сөндіру аса маңызды. Ал ең дұрысы – тілсіз жаудың алдын алған.
– Біздің өрт сөндірушілер әрдайым толық дайындықта отырады. Төтенше жағдай туралы хабар түсе сала лезде аттанамыз. Әрине, халық арасындағы «Өрт сөндірушілер кешігіп келеді» деген әңгімені естіп жатамыз. Осы тұста біз әрдайым көмек қолын созуға дайын екенімізді тағы да еске салғым келеді, - дейді Ерғали Жарасбекұлы. – Ал қала көшелеріндегі кептелісті сол тұрғындардың өздері де күнде көріп жүр. Біздің департамент пен полицейлер бірігіп, жүргізушілердің жолда арнайы автокөліктерді өткізіп жіберуі бойынша талай рейд ұйымдастырдық. Нәтижесі көңіл көншітерлік деп айта алмаймыз.
Азаматтық қорғау ісінің полковнигі өрт сөндіру көліктері сусыз жүрмейтініне де тоқталды. Айтуынша, көліктегі 5 тонна су қысыммен шашылғанда бірер минуттың ішінде таусылады. Ары қарай қажет болған жағдайда су өрт шыққан нысанның маңындағы гидранттардан алынады. Ол үшін «Су арнасы» мекемесіне белгілі бір аймақтағы судың қысымын арттыру үшін хабар беріледі.
– Ал су – электр жарығы емес, бір нүктеден екінші нүктеге жетуі үшін күту керек. Бұған қоса, қауіпсіздік ережесі бойынша, өртеніп жатқан ғимараттағы жарық пен газ сөндірілуі тиіс. Кейде мамандары келіп, сөндіргенше күтуге тура келеді. Тұрғындардың «Өрт сөндірушілер қарап тұрды» дейтіні де соған байланысты. Себебі, көк түтін мен жалынның арасынан түк көрінбейді, кіріп барған құтқарушыны тоқ ұруы мүмкін. Былайша айтқанда, армия көрінетін дұшпанмен шайқасса, біздің жігіттер көрінбейтін «жаумен» күреседі. Өртті ертерек сөндіру біз үшін де маңызды. Сондықтан, тұрғындадың түсіністік танытуын сұранар едік, - дейді
Ерғали Бахаев.
Дегенмен, тілсіз жаудың тағы бірі – суға бату оқиғалары азайып келеді. Ерғали Жарасбекұлы тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтауы жылдан жылға жақсарып келе жатқанын айтып, бұл ережелерді көпшілікке түсіндіруде БАҚ-тың рөліне ерекше тоқталды.
Басшылықтың мәліметінше, төтенше жағдайлар департаменті материалдық техникалық тұрғыдан толық жабдықталған. Құтқарушылар Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен биыл 17 жаңа техникамен қамтамасыз етілді. Жалпы қызметкерлер саны 1000 адамға жуықтап отыр.
Қала аумағының кеңеюіне байланысты құтқарушылардың көмекке бару аумағы да алыстады. Осыған орай төтенше жағдай департаменті де шалғай аудандардан құрылымдық бөліктерін ашуда. 2015 жылы Достық шағынауданынан өрт сөндірушілер депосы ашылса, Нұрсәт шағынауданындағы әкімшілік-іскерлік орталықта жаңа депоның құрылысы жоспарлануда. Мұның барлығы да мегаполис халқының қауіпсіздігі үшін атқарылар іс-шараның бір бөлігі ғана.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айынан бастап Бас редактордың орынбасары.