МЕГАПОЛИС МУЗЕЙІ және АЙРЫҚША АМФИТЕАТР Избранное

Пятница, 18 Октябрь 2019 05:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 268 раз

«Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады» – деді
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының сөзіне сүйенсек, Ескі қалашықтағы Цитадель мен жуырда ашылатын қалалық музей Шымкенттің 2200 жылдық тарихи және мәдени өмірінен сыр шертпек.

508

 

ҚР БҒМ Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Байтанаев өткен аптада ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің қабылдауында болды.
– Үкімет басшысы
Шымкенттің Ескі шаһарындағы Цитадельді Қазақстанда теңдесі жоқ құндылық деп бағалады. Сондықтан тарихи жәдігерді музейлендіру жұмыстарына барынша қолдау білдірді. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған «Цитадель» жобасын музейлендіру және «Шымкент қалашығын» реставрациялау жұмыстары барысында ешқандай кедергі болмауын тапсырып, мемлекет тарапынан қандай қолдау қажет болса, бәрі жасалатынын айтты. Премьер-Министр, сондай-ақ, көптен шешімін таппай жүрген «Шымкент қаласының өз музейі болуы керек» деген мәселенің нүктесін қойды. Бұған дейін қаланың тарихи музейі болмаған. Облыстық музей ғана болды, – дейді академик.
Б.Байтанаевтың айтуынша, «Цитадельден» археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған, Шымкент шаһарының өткен тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер өте көп.

509


Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасына айналмақ. «Бізде кідіруге уақыт жоқ» деген Үкімет басшысының тапсырмасымен Цитадельді музейлендіру жұмыстарын Шымкент қаласының әкімі бірінші кезекке қойды.
Ерлан Қуанышұлының төрағалығымен «Шымкент қалашығы» жобасы аясында ғылыми-әдістемелік кеңес өтті. Әуелі Мәскеу қалалық халықаралық сәулет академиясының профессоры, ҚР монументалды ескерткіш жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі, жоба авторы Сәдуақас Агитаев Шымкент қалашығын қалпына келтіру жұмыстарының барысын баяндады. Содан кейін қала әкімі мен ғалымдар
Шымкент қаласының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөнінде кеңесті.
Кеңесте Қазақ ССР еңбек сіңірген архитекторы, Шығыс елдері сәулеті халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Баян Тұяқбаева, ондаған жылдар бойы Ескі шаһарда археологиялық қазба жұмыстарымен айналысып жүрген академик Бауыржан Байтанаев, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, қалпына келтіруші Қырым Алтынбеков, ҚР сәулетшілер одағының вице-президенті  Бақытжан Әшірбаев, «Қазқайтажаңарту» РМК ЮНЕСКО обьектілерімен жұмыс жөніндегі бас маманы Ләззат Бейсенбаева және Қазақстанға еңбегі сіңген басқа да сәулетшілер, тарихшылар, археолог-ғалым, реставраторлар өз ой-пікірлерін ортаға салды.

– Шымкент қалашығының»тарихи, көркемдік құндылығына және сақталуына нұқсан келтірмей, оның қазіргі заманға сай пайдаланылуы үшін жағдай жасауымыз қажет, – деді қала әкімі.
Мәселені талқылай келе, ғалымдар Ескі қалашықтың жоғарғы бөлігін реставрациялауды 2019 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлады. Ал келесі жылдың наурыз айына дейін Шымкент қаласының мұражай-экспозициясы әзірленбек. Онда Шымкент қалашығынан табылған экспонаттар қойылады. Желтоқсан айында бекініс қабырғалары бар Оңтүстік қақпаларын қалпына келтіру жұмыстары аяқталса, сол аумаққа 200 шаршы метр жерді алатын Визит-орталығын орналастыру жоспарлануда. Оңтүстік қақпаларының алдындағы алаңды абаттандыру жұмыстары осы кезеңде қатар жүргізілмек. Сонымен қатар, Қараханид және мен Қазақ хандығы кезеңінің тұрғын орамдарын мұражайландыру жұмыстары жүргізіледі. 2020 жылы батыс, солтүстік және шығыс бекініс қабырғаларын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып, Цитадельде 550 орынды ерекше амфитеатрдың құрылысы басталады.
– Ерекшелігі сол, ашық аспан астындағы амфитеатрдың сахнасы археологиялық қазба жұмыстарынан кейін пайда болған жарқабақпен астасады. Ал дәл осы жарқабақтың қарсы бетінде көрермендерге сатылап орындық орнатуға ыңғайлы қырат бар. Міне, осы мүмкіндіктерді пайдаланып, тарихи ортаға табиғи құрылымдағы ерекше амфитеатр салуды жобаладық. Қазір жобамыз мақұлданып, оны жүзеге асыру мақсатына кірістік, – дейді жоба авторы Сәдуақас Агитаев.
С.Агитаевтың айтуынша, қала қонақтары Цитадельге кіріп, Шымкенттің көне тарихына, қолөнеріне қанығып, тамаша амфитеатрында тыныққаннан кейін Тәуелсіздік саябағына өтіп, Шымкенттің бүгінгі жаңа келбетін де тамашалауға мүмкіндік алады. Еліміздегі үшінші мегаполистің кешегісі мен бүгінін ой елегінен өткізіп, тарихқа қанығады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.