Версия для печати

SHYMKENT – Қайырымды қала! Избранное

Пятница, 01 Ноябрь 2019 04:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3112 раз
Оцените материал
(0 голосов)

1986 жылы қазақтың адал перзенті Дінмұхамед Қонаев қызметінен алынып, оның орнына қазақ халқы, Қазақстан естіп білмеген Г.В.Колбин келді. Қылышынан қан тамған кеңес империясы ұлттар саясаты жайлы, халықтар достығы дегенге пысқырып та қараған жоқ. Өз үндерін жеткізуге келген қазақ жастарының қарсылығын күшпен басып, алаңды қызыл қанға бояды. Қазақтың қызметтегі азаматтарын жаппай орнынан алып, қыл аяғы студенттерге дейін жәбір көрсетті.

314

 

Осындай ауыр кезеңде қазақ зиялылары бас қосады. Бұл тығырықтан қалай жол тауып шығуға болады? Ешкімде үн жоқ. Сөз бағулы, қол кісендеулі. Жүрек қан жылайтын жағдай. Сонда бір азаматымыз тұнжырап төмен қарап отырған Әбіш Кекілбаевқа қарайды.
– Әбіш-ау, ішіміздегі ең ақылман, айтары бар азаматсың. Сен не дейсің? Мына зұлматтан қайтсек құтыламыз?
Сонда Әбіш, қазақтың абызы, орнынан қопарыла көтеріліп:
– Жігіттер, Шымкент аман болсын. Шымкент аман болса қазақты жағалауға өзі алып шығады, - деген екен.
Қысылғанда қазақ абызының аузына түсіп, ұлтты сақтап қалады деген Шымкентіңіз бүгінде де дін-аман, тұтас жұртына қызмет етіп жатыр. Қазақ халқын тұтастай орыстандырып, мәңгүрт халге жеткізуді көксеген Кеңес империясының арам пиғылын ұлттық қадір-қасиетін жоғалтпаған салт-дәстүр, мәдениетіне адал Оңтүстік іске асыртпады.
Әшейінде, «Тәшкен көрген, ала тақиялы ағайындарға жақынсыңдар» деп қынжыртатын Солтүстік халқы басына бір іс түссе Оңтүстікті іздейді.
Бүгінгі Түркістан облысының әкімі, бұрын Қостанай облысына әкім болған Өмірзақ Шөкеевпен бірге бірталай қазақ азаматы барған ғой. Арасында орыс тілін қақпайтындар да болады. Сонда Қостанай қазақтарының «Шөкеев жерлестерін әкеліп жатыр» деп ақпарат құралдарына алақұйын жазғанын оқыған едік. Кейін Шөкеев кеткен соң, «Шөкеевке рахмет. Өзіміздің қазақ екенімізді, Қостанай – қазақ облысы, елдің, жердің киесі өзіміз екенімізді» ұқтық деп тағы жазғанын көрдік.
Бауырларымыз аз облыстарда қазақыландырып, қадір-қасиетіне қызмет етіп жүрген киелі Шымкенттің бүгінде де дәурені жүріп тұр . Адамдары мейірімді, жүрегі жылы. Ағайынға құшағы ашық. Экономикалық өсімі де мықты. Сондықтан қала әкімі Ерлан Айтаханов «Шымкент – қайырымды қала» деген атау ұсынды.
Шымкент қаласының әкімі Е.Айтаханов өзінің instagram парақшасында былай деп жазды:
«Келесі жылы елімізде аталып өтетін атаулы күн, айтулы мерекелердің бірі – ұлы ұстаз Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығы. Отырар қаласынан тамыр тартып, аты әлемге мәшһүр болған бабамыздың мерейтойы халықаралық деңгейде аталайын деп отыр. Осы орайда мен атақты бабамыздың «Қайырымды қаланың тұрғындары» атты белгілі философиялық еңбегіне сүйене отырып, Шымкент қаласына- «Қайырымды қала» деген балама атау ұсынғым келеді. Яғни, Шымкент шаһарының анықтамасы, оның халқы – қайырымды қаланың тұрғындары болады. Әл Фараби: «Тұрғындары бір-біріне мейірімді, қайырлы, қамқор, еңбекқор, ең бастысы Өздерінің туған қаласын ерекше сүйетін қауымды – Қайырымды қаланың тұрғындары» - дейді ғой. Кейіндері көшпенділікке бет бұрған қазақ халқына берекелі мекен, құтты қоныс болған ұлы далада орта ғасырларда қала мәдениеті кеңінен дамыды.
Ғылыми-білімі мен мәдениеті қарыштаған Отырар қаласынан шыққан әл Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» трактатын жазу барысында шығыстың жүздеген көне шаһарларын аралап көрді. Көне Шам мен дәуірі дүрілдеген Бағдатқа да барады. Сол сапарлар мен көрген-түйгеннің нәтижесінде «Қайырымды қала тұрғындары» атты теңдессіз еңбек дүниеге келді. Сол бабамыздың ойын біз мың жылдан кейін қайта жаңғыртайық деп отырмыз! Қаламыздың көшелеріне әл Фараби трактаттарынан үзінділер жазып, оны жас ұрпақ санасына сіңіруіміз керек! Біз әл Фараби, Абай сынды ұлы тұлғалар еңбектерінің мемлекеттік тәуелсіздікті нығайту, ұлт тұтастығын ұйыстырудың негізі екенін ұмытпауымыз керек.
Келесі жылы 175 жылдығы кең көлемде аталып өтетін Абай атамыз айтпақшы: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді!». Ендеше, іске сәт «Қайырымды қала мен оның қайырлы тұрғындары!»
Ұлт мұраты, ұрпақ қамы, мемлекет мүддесі жолында жасап жатқан істеріңізге сәттілік тілеймін!
Әкімнің бастамасын халық қолдады. Ел жөн сөз десті.

Б.БАЙДҰЛЛАҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.