ТИІМСІЗ ҚАРЖЫ КӨЗДЕРІ ҚЫСҚАРТЫЛДЫ Избранное

Среда, 06 Ноябрь 2019 04:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2546 раз

 DSC0939

Шымкент қаласы бойынша жалақыны арттыруға 778,3 млн теңге, ал, жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға 1, 111 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Шымкенттің 2019-2021 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізілгені туралы БАҚ өкілдеріне қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді.

Ербол Әбілқайырұлының айтуынша, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бөлінген соң үшінші мегаполисте құрылған жаңа басқармаларға бұған дейін облыстық деңгейде шешімін тапқан 44 функция жүктелді. Алайда, жұмыс жүктелгенімен, осы бағытқа жұмсалып келген 16,3 млрд теңге қаланың қаржы қорына түспеді.
Осы орайда, 44 функцияның орындалу барысына талдау жүргізіліп, Шымкент қаласының 2019 жылғы кірістер жоспарына ішінара өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, жұмыс істейтін жастар үшін тұрғын үй салуға 2 160 млн теңге, ал, тұрғын үй сатып алуға 4 320 млн теңге қаржы жұмсалмақ. Бұл – 904 пəтерге қаралған қаражат. Сонымен қатар, атаулы əлеуметтік көмекке, жалақыны көтеруге, жұмыспен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету бағытына бөлінетін қаржы қайта пысықталып, ҚР Үкіметінің №№490, 701 Қаулыларына сəйкес, республикалық бюджетке өзгерістер енгізілді.
– Денсаулық сақтау саласын мысалға алсақ, бұрын облыста ерекше ауру түрлерімен тіркелгендер саны 130-ға жеткен. Оларға берілетін дәрілер өте қымбат, бір науқасқа 20 млн теңгеден 200 млн теңгеге дейін жұмсалады. Сол 130-ға тарта ерекше ауру түрімен ауыратын науқасқа 1 млрд 398 млн теңге қаржы бөлініп келген. Ал екі өңірдің бөлінісінен кейін Шымкенттегі ерекше ауру түрімен ауыратын 61 азаматқа бөлінуі тиіс 700 млн теңгедей қаржы қала бюджетіне түспеген, – деді Ербол Әбілқайырұлы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте.
Е.Садырдың айтуынша, талдау нәтижесінде 44 функцияны орындау үшін 19 млрд теңге қаржы бөлуге ұсыныс жасалған. Ал жалпы Шымкент қаласының бюджет көлемі 215,7 млрд теңгеден 237,1 млрд теңгеге дейін артатын болады.
– Шымкент – республикалық маңызы бар қала. Еліміздегі үш мегаполиске республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты салыстырмалы түрде алсақ, Алматы қаласына – 586 млрд теңге, Нұрсұлтан қаласына – 437 млрд теңге. Шымкентке бөлінетін 237,1 млрд теңге одан әлдеқайда аз. Бізге жақын өңірлерден мысалы, Қызылорда облысына бөлінетін қаржы көлемі 293 млрд теңгені, ал Жамбыл облысының бюджеті – 329 млрд теңгені құрайды, – деді
Е.Садыр.
БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлім болғанындай, «Shymkent city» орталығындағы 504 пəтерлі 8 коммуналдық тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға 1 171,3 млн теңге қажет.
– Талдау барысында тиімсіз қаржыландырудың бәрін алып тастадық. Мәселен, бір нысанның жұмысын бастауға 30-50 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Ал оны аяқтауға тағы 1 млрд көлемінде қаржы жұмсау керек. Дегенмен, бастапқы жұмсалған 50 млн теңгенің нәтижесі көзге де көрінбейді. Қала аумағында ауыз су, көше құрылысы жəне табиғи газбен қамту мəселесі өзекті. Қазір 8 елдімекенде ауыз су тапшылығы бар. Міне, осы қордаланған мәселелерді шешуге байланысты қала әкімі Ерлан Қуанышұлы нақты тапсырмалар берген болатын. Сондықтан осы сұрақтарды шешуге басымдық берілді, – деді ол.
Шымкент қаласы əкімінің орынбасары брифинг барысында 2020 жылы Тұран шағынауданында көпқабатты 88 үйдің құрылысы басталатынын мəлімдеді. Сондай-ақ, Тұран шағынауданындағы құрылысы басталған 5 көшені қала əкімі 2019 жылдың соңына дейін аяқтауды міндеттегенін айтты.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.