Айғайыңнан ойбайым тыныш Избранное

Пятница, 08 Ноябрь 2019 06:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2632 раз

Өткен аптада Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов құқық бұзушылықтың алдын алу және қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша БАҚ өкілдеріне баспасөз брифингін өткізген болатын.

352

 

...«Полиция үшін ең қымбат – халықтың сенімі, олардың алғысы», - деп бастады сөзінің басын Ералы Мұсаәліұлы. Сөйтіп, сандарды суша сапырғаны есте қалыпты. Сол кезде:
– Осы ұстанымға басымдық бере отырып және құқықбұзушылықтың алдын алуда және қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтауда атқарылған профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде қала көлемінде тіркелген қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 11856-дан 10314-ке яғни 13 % төмендеп, қылмыстардың ашылу пайызы 32-ден 35-ке жақсарған. Оның ішіндегі:

• Аса ауыр қылмыстардың саны 49-дан 27-ге, яғни 45 пайызға;

• Адам өлтіру жайттары 20-дан 11-ге, яғни 45 пайызға;

• Денеге ауыр дәрежеде жарақат салу бойынша 54-тен 36-ға, яғни 33 пайызға;

• Қарақшылық қылмысы 19-дан 16-ға, яғни 16 пайызға;

• Тонау жайты 379-дан 258-ге, яғни 32 пайызға;

• Бұзақылық қылмыстар 418-ден 360-қа, яғни 14 пайызға;

• Ұрлық жайты 7168-ден 6177-ге, яғни 14 пайызға;
• Бопсалау қылмысы 21-ден 14-ке төмендеп, яғни 33 пайызды құрап жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік.

Сонымен жыл басынан 9 мың 511 арыздар өз шешімдерін тауып, қанағаттандырылуда, - деді. Бұл қаламыздың Бас полицейінің есебінің қағаздағы, яғни, формальді нұсқасы.

358

 

«70 қойым қайда екен?!.»

Ал өмірде ше?
Шынайы өмірдегі дерек пен дәйек Е.Жұмаханбетов келтірген сандық мәліметтермен сәйкес келе ме? Мысалы, мен қаланың іргесіндегі Бозарық елдімекенінде тұрамын. Осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын, яғни 2018 жылдың сәуір айында Бақыт атты қайынағамның үйінен бір түнде айналдырған бір сағаттың ішінде 70 қойды айдап әкетті. Қайынағамыз бен абысынымыз бір түнде бір қозыға да жарымай жер сипап қалды. Қазір ғой, жәй ғана жазып жатырмыз. Сол кезде «Құдай-ау, айналдырған бір-екі сағаттың ішінде 70 қойды тура есігінің алдынан ым-жымын білдіртпестен, бір құмалағын да жерге түсірместен қалай алып кеткен?!» деп жағамызды ұстаған едік. Оның үстіне жапа шеккен азамат ол ақшаны мемлекеттен субсидия ретінде алып, қой шаруашылығын дөңгелетіп, бала-шағасының нәпақасын айырып жүрген болатын. Қалтаңнан 200 теңгең түсіп қалса да, ішің ашиды ғой. Ал 70 қойдың 3 миллион теңгесі ше? Бәріміздің, тіпті, бүткіл Бозарықтың іші удай ашыған-ды сол уақытта. Әлі де сол оқиғаны әңгіме қылғанда бармағымызды шайнаймыз...Неге? Себебі, жапа шегуші тарап полицияға шағым түсірген еді. «Бірде-бір шағым ескерусіз қалмайды» деген Ералы Мұсаәліұлының жұмыс тобына Құдайындай сенген еді.
Сол сойқан ұрлық тіркелген оқиғаның соңын ала тамыз айында ұрылар біздің үйге де түсті. 700 мың теңге, алтын, т.б. әшекей бұйымдар, ноутбукты кешкі 21.00-дер шамасында үйдің артқы терезесінен кіріп әкетіпті. Біздің де қолымыздан келгені – полицияға арыздану болды. Тіпті, кімнен күдіктенетінімізді, олардың ЖСН нөміріне дейін жазып бердік. Бірақ...
Екі апта бұрын тағы бір Сәкен дейтін ауылдасымыздың үйінен 600 мың теңгесі мен алтын сияқты бағалы заттарын үптеп кетті. Ол да қас пен көздің арасында болған жағдай. Үй-жайын тас-талқан етіп шашып кеткенін көріп, қатты қорқып қалған ағайымыздың келіншегі Салтанат аяқ астынан ауруханаға түсті. Төртінші сәбиін босануға айы-күні жақындап отырған әйел жасанды жолмен, кесір тілігімен абысынымыз мезгілінен ерте босануына тура келді. Ал үй егесі қайтті? «Халықтың сенімінен шыққысы келетін полиция өкілдеріне» арыз тастады.
Тағы бір жақынымыздың да үйінен біраз нәрсе қолды болды. Бірақ, ол жоғарыдағылардың қасында түк емес боп қалған соң, арнайы тоқталмай-ақ қоялық.
Өткен жылы біздің жұмыс кеңсемізден күні ертең қызметкерлердің жалақысы беріледі деп отырғанда миллион теңгеден аса қаржыны терезеден түскен ұрылар сейфті бұзып үптеп кетті. Соның кесірінен жалақымызды екі апта кешігіп алған едік. Басқа-басқа, дардай мекемеге ауыз салғандар да айылын жимаған күйі полицияңды да пысқырмай, ізім-қайым кетті.
Бір танысым П. атты алаяқ әйелге алданып, бір миллионнан аса ақшасын берген ғой. Алаяқ әйел пәтер алып беремін деп көлгірсігенге ұқсайды. Жеме-жемге келгенде не үй жоқ, не ақша қайтарылмаған. Жәбірленуші Қаратау аудандық ішкі істер департаментіне алаяқтық фактісімен арызданған еді. Сол іс үш айдан бері сиырқұйымшақтанып, әлі сотқа өтпепті.
Білесіз бе, біз өзіміздің тұрғылықты мекен-жайымыз бойынша ұрлық, тонау фактілерімен Қаратау аудандық ІІД-не жазған арыз-шағымдардың бір парасын ғана мысал етіп отырмыз. Ондай фактілерді тізе беретін болсақ, бір газет аздық етуі мүмкін. Айтпағымыз, сол арыздардың соңы не болғаны жайында:

• 70 қойдың күйігі сол күйінде қалып отыр. Бірде-бір дәйек жоқ. Ұрылар ұсталмаған. 70 қойды бір немесе екі адам алып кетпегені түсінікті. Бұның артында тұтас бір қылмыстық топтың тұрғаны анық. Ал «халықтың сенімінен шыққысы келетін полицияның» пәруайы пәлек секілді.

• Біздің үйдегі 1 миллион теңгелік шығын тіркелген арыз да сол күйі қаралмаған. Нұрдәулет Қамбаров дейтін тергеуші ноутбугымның құжаттарын көшіріп алып қалған еді. Бірақ, оны іздестірмеген де. Осы таяуда Қаратау ІІД бас сұғып, сол істің соңы не болғанын білгім келді. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, тірі жан ол іспен айналыспаған. Өйтетін болса, не үшін арызды қабылдайды деймін де...

• Былай қарағанда, 70 қойдың қасында біздікі бұйым емес. Дегенмен, «полицейлер шығын көлемі миллионнан асса ғана іздейді» деген стереотип бар. 70 қоймен бірге қаншама миллиондар кетті ғой. Неге соны іздемеді?! Неге сол іс ашылмады?! «Полицейлер мен ұрылардың аузы бір» деген де қоғамдық пікірдің қалыптасқаны жасырын емес. Мына жәйттерден кейін сол сөздің бәрінің шындыққа жанасатынына амалсыз сенгің келеді. Бас полицей Ералы Жұмаханбетов журналистерге «тонау жайты 379-дан 258-ге, яғни 32 пайызға; ұрлық жайты 7168-ден 6177-ге, яғни 14 пайызға төмендеді» деп сүйінші сұрағанын қайтейік, шынайы өмірде тонау, ұрлық жайттары бір пайызға да төмендемей тұрғанда?!. Ол қалай төмендейді, егер полиция өкілдері тірі фактінің емес, өлі цифрдың жетегінде ғана жүрсе... Қызық. Ішкі істер органдары қағаз сүйкеумен ғана өмір сүретін сияқты ма, қалай?!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.