Версия для печати

Чарли Чаплиннің ұлы циркке тосынсый жасады Избранное

Среда, 13 Ноябрь 2019 03:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3152 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Шымкент-цирк» мекемесінің директоры Арман Әлиев цирк өнерінің Халықаралық «Азия жаңғырығы» фестивалінде 12 жылдан бері қазылық етіп келеді. Ол алқаның ең жас, ең елгезек, тың ой айта алатын білікті мүшесі ретінде танылған.

Без имени-1

Арнайы кәсіптік білімін ыждаһатты ізденумен, жан-жақтағы әріптестерінің тәжірибесін үйренуімен толықтырған ол қазір республикадағы бұл өнердің қыр-сырын меңгерген кәсіби маман.

Арена сайыпқырандарының ішкі толғанысын, физикалық максималдық әлеуетін бағдарлай алатын, түгелге жуық жанрлардың құпиясын, технологиясын жетік білетін жас директор ТМД аумағындағы ең мәртебелі өнер жарысы – «Азия жаңғырығында» қандай номермен көрерменді тәнті етіп, қазылар алқасын тамсандыра алудың стратегиясын барлап алатындай.

Айталық, 2017 жылы «Шымкент-цирк» аталған фестивалге керілген арқан үстінде жүріп өнер көрсететін ағайынды Сұраншиевтердің аттракционымен қатысқаны бар. Сымбаты мен ептілігі, өжеттігі сай келген номер фестивальдың ІІ-дәрежелі лауреаты атағын жеңіп алды. Ал өткен жылы жүрек жұтқан епті гимнастардың «Семафоры» алтын жүлде иегері болды. Фестивальдың талап-тілегін білетін Арман алдын ала номерге мейлінше күрделі трюктерді енгізіп, бірнеше рекордтық элементтерді қосып, шымкенттік жас цирктің мәртебесін арттыра алды.

Биыл Арман Әлиев мекеменің атынан додаға екі бірдей номерді қосады. Бір қарағанда цирктің классикасы деп есептелетін «Серіппелі тақтайлармен» дайындық кезінде команданың бір жігіті жарақат алып, номердің шығуы, байқауға қатысуы күмәнды болып қалды. Сонда Арман цирктің сақа маманы, акробатика, гимнастика шебері Бағлан Ережеповты шұғыл түрде аттракционға қосты. Тапсырманың қиындығы сол, Бағлан манежге ағаш аяқпен шығып, бірнеше сальто жасауы керек.

Бағлан өрледі! Оның аспанға самғап барып жасаған тамаша сальтосы Елорда аренасында көрерменді дүр сілкінтті. Ал екінші номер – «Байқоңыр» қазылар алқасын таңқалдырды. Жап-жас әртістердің әуеде емін-еркін самғауы, костюмдерінің тартымдылығы, синхронды қимылдауы, әсіресе, қазылар алқасының мүшесі, әйгілі Чарли Чаплинның ұлы, швейцариялық Юджин Чаплиннің риясыз таңқалысын туғызды. Юджин Чаплин Арманға деген өзінің ерекше ілтипатын білдіріп, Байқоңырдың» шүбәсыз бірінші дәрежелі лауреат атанғанымен құттықтады.

Олар ұзақ әңгімелесті. Көп нәрсені талқылады. Әріптестік байланысқа құмбылдығын білдірді. Мэтрге Арманның білгірлігі, талғамы, жалпы адамдық болмысы ұнады. Жас әріптесіне шығармашылық ынтымақтастыққа байланысты Швейцарияға келіп-кетуін ұсынды. Жақында Арманға Юджиннен посылка келгені бар.

Әйгілі комик-режиссердің ұлы екі швейцариялық сербернар күшігіне Арманға деп ен салып қойғанын айтып, суретін жіберіпті. Бір ғана шарт – оларды Веве қаласына өзің келіп алып кетуі немесе Шымкент-цирктің өткізетін фестиваліне барғанда өзім ала барам деген уәж айтып, ит дрессурасы туралы кітап-альбом жіберіпті. Бұл-Шымкенттің, өнердің, елімнің игілігі! Өркенің өссін дейтініміз осындайда ғой.

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.