«Еріншекке табалдырық та тау боп көрінеді»

Пятница, 15 Ноябрь 2019 04:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 285 раз

2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған Шымкенттің көркі мен тазалығы, шалғай елдімекендердің инфрақұрылымдық жағдайы қалай? Қала қысқа дайын ба? Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаевпен әңгімеміз осы төңіректе өрбіді.

32130475 576804286052125 1929693978202996736 n

– Қазіргі таңда Қаратау ауданында ең өзекті мәселелердің бірі санитарлық тазалық болып отыр. Осы бағытта апта сайын жергілікті полиция қызметкерімен рейдтік шара ұйымдастырып келеміз. Соған орай ҚР «Құқық бұзушылық туралы» кодексінің №434-505-баптарына сәйкес хаттама толтырылады. Рейд барысында 10-15 хаттамаға дейін толтырылатын күндер болады.

Заң талабына сүйенсек, абаттандыру қағидасын бұзып, ұсақ бұзақылыққа баратындарға айыппұл салу немесе 10 күнге дейін қамау шарасын қолдану көзделген. Дегенмен, біздің мақсатымыз – жазаға тарту емес, тұрғындарға мәселені түсіндіріп айту. Соған қарамастан тұрғындардың жауапсыздығына, мәдени деңгейінің төмендігіне қарның ашады. Тексеру кезінде көз жеткізгендей, адамдар қоқысты жәшікке емес, оның айналасына лақтыра салады. Онымен қоса аулалардағы құрылыс қалдықтары да тиісті орнына тасталмайтын көріністер көп.

Кәсіпкерлік нысандарының айналасындағы қалдықтарға да көңіл бөлдік. Олар құжаттарын алған кезде «айналасын таза ұстаймын, қасбеттерінің келбетін сақтаймын» деп рәсімдеп алғанымен тиісті талаптарға мән бере бермейді. Коммуналдық шаруашылық саласында негізінде әрбіріміздің анамызбен, әкемізбен жасты егде адамдар жұмыс істейді. Олардың да еңбегін бағалау керек емес пе?

Жыл сайын санитарлық тазалыққа, қоқыс шығаруға қыруар қаржы бөлінуде. Ал егер біздің мәдениетіміз жоғары деңгейде болатын болса, бұл қаржы шалғай елдімекендердің инфрақұрылым жүйесіне, көгілдір отын, жарық, су, жол, камера орнату сияқты маңызды салаларға жұмсалатын еді.

– Сөзіңіз аузыңызда, Қаратау ауданында қоқыс шығарумен айналысатын қанша мекеме бар?

– Бізде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен 7 мекеме айналысады. Ауданда 65 қоқыс алаңшасы, 227 қоқыс жәшігі бар. Бұлар «Нұрсәт» шағынауданының ішінде, әкімшілік-іскерлік орталығында, «Тұран» шағынауданында, «Шымкент сити» аумағында, «Асар» шағынауданында, «Ақжайық» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналастырылған.

шапка1111

Қоқыс жәшіктерінің нысаналы мақсаты бар. Оларға темекінің тұқылы, фантиктер, жеңіл-желпі қоқыстар тасталуы керек. Ал көптеген еріншек тұрғындар үлкен көлемдегі қоқыс пакеттерін жәшікке тастап, сыймағанын сыртына қойып кетеді. Сондай салғырттықты көргенде «Еріншекке табалдырық та тау болып көрінеді» деген мақал еске түседі. Тазалыққа тек тиісті мекемелер ғана емес, әрбір қала тұрғыны жауапты екенін ескере бермейтіні қынжылтады мұндайда.

– Ерлан Айтаханов қала әкімі боп тағайындалғаннан күннен бастап шалғай елдімекендердің инфрақұрылымына қатты мән беруде. Ол елдімекендердің басым көпшілігі Қаратау ауданында екендігі белгілі. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қаратау ауданында Сайрам ауданынан 11 елдімекен қосылды. Қазіргі таңда осы мәселені түпкілікті шешу үшін қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесе отырып «Қайнарбұлақ», «Асар-2», «Достық» шағынаудандарының жаңа құрылыс аумағындағы негізгі үлкен көшені асфальттауды ұсындық. Негізі газ жүрмеген жерге асфальт жол салынбайды.

Соған қарамастан әр елдімекеннен басты бір көшені асфальттап, қоғамдық көлік жүргізуді ойластырып жатырмыз. Жылдың соңына дейін үлкен үш көше асфальтталады. «Асар-2» шағынауданында жарықтандыру жүріп жатыр. Тассай, Таскен тұрғын алабтарында «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-нің модернизация бағдарламасымен электр бағаналары қойылып, жаңартылатын болады. Сайрам тұрғын алабында ауызсу жүйесінің аяқсыз қалып кеткен бөліктеріне құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Нұрсәт» шағынауданында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына заманауи ойын алаңдарын, спорт алаңшаларын жасауды, асфальт төсеуді яғни 57 аулаға жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. «Нұрсәттегі» тұрғын үйлер 2007-2008 жылдары салынғандықтан, барлығының аулаларының тозығы жеткен. Сондықтан, бірінші кезекте осы шағынауданды көркейтіп, жаңартуды бастадық. Спорт алаңшалары Бозарық, Тассай елдімекендерінде де жасалады. Бозарықтағы футбол алаңына қалалық кәсіподақ комитеті жер берді, енді құжаттары рәсімделіп бітсе, «Көктем» ЖШС-не тиесілі жерді аталған мақсатқа пайдаланбақпыз.

– Марат Әбдімәжитұлы, «Нұрсәттегі» әкімдік іскерлік орталығы жанындағы №19,20,21 үйлердің қасбеттері сұрықсыз күйге түскен. Салынғаны көп уақыт болмаса да, бояуы ұшып, ұсқыны қашып тұр. Бұған не айтарыңыз бар?

– Иә, №19,20,21 үйлердің қасбеттері сын көтермейді. Тапсырыс беруші мекеме Шымкент қаласының құрылыс басқармасы болғандықтан, аталған мекемеге бірнеше рет хат жолдаған болатынбыз. Кепілдеме мерзіміне және басқа талаптарға сәйкес, оның қасбетін ретке келтіру керек. Аталған басқарма қазір соны мәселе бойынша мердігер мекемені сотқа беріп, заң органдары арқылы шығынын өндіруді қарастырып жатыр.

– «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, Қаратау ауданындағы тұрғын үйлер жылу маусымына қаншалықты дайын?

– Орталықтандырылған жылу жүйесінен 315 көпқабатты тұрғын үй жылу алады. Олардың барлығы қысқы жылу маусымына дер кезінде дайын болды. Сығымдаудан 100 пайыз толық өткен. Бір жақсы жері, көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін сервистік мекемелер, басқарушы компаниялар, КСК-лар бар. Осы мекемелердің жұмыс кестесін біздің мамандарымыз қадағалап отырады. Қысқы жылу маусымына қосылу кезінде де осы мекемелердің көмегіне жүгінеміз. Бұл мекеме тұрғындарға сапалы жылу берумен қатар қандай да бір апатты жағдай туындаса оны дер кезінде жоюға атсалысады.

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.