«Оңтүстікке келген қонақтың саяхаты Шымкенттен басталуы керек» Избранное

Пятница, 22 Ноябрь 2019 05:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2729 раз

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен туризмді дамыту жайына арналған мәжіліс өтті.

76782769 2371705246475761 3185846048266387456 o

Жиында Шымкент қаласы туризм басқармасы тарапынан атқарылып отырған жұмыстардың есебі мен 2020 жылға арналған жоспары және аталған саланы дамыту бойынша бірқатар жаңа жобалар талқыланды.

Бүгінде аймақтық экономиканың қозғаушы күшін қалыптастыруда салмақты компоненттердің бірі ішкі және сыртқы туризм екенін айтқан қала басшысы Еуропаның дамыған елдерінің біразы осы мүмкіндікті өз пайдасына жаратып жатқанын айтты.

–Еліміздің үшінші мегаполисінде туристік кластерді дамытуға мүмкіндік мол. Ел ішіндегі және шетелдік туристер үшін аймақтың тартымдылығын арттыруға мәдени және тарихи ескерткіштеріміз де жетерлік. Климатымыз өте қолайлы. Түркістан облысындағы негізгі туристік орындар бір-бірімен өзара байланыста болып, Шымкент арқылы Сарыағаш, Түркістан, Отырар, Қазығұрт пен Самарқандқа және Бұхараға жалғасатын Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қала туристік дәлізін қалыптастыруымыз керек.

Яғни, жылы өлке Оңтүстікке келген туристердің саяхаты Шымкент қаласынан басталуы тиіс. Сондықтан қалада бірнеше жерден ақпараттық дүңгіршектер қойып, туристік нысандарға қойылып жатқан QR паспортты орнатуды аяқтау қажет,– деді Ерлан Қуанышұлы.

Қала әкімі бұған қоса туризмді дамыту үшін ең алдымен қонақ үйлер мен туристік агенттіктермен жұмысты жандандырып, сервистік қызметті жақсартуды оның ішінде әжетхана мәселесін шешуді нақты тапсырды.

Сөз соңында шаһар басшысы «Шымкент – қайырымды қала» деген баламаға лайықты болып, қала тұрғындары кездейсоқ кездесіп қалған отандық немесе шетелдік қонақтарға жол сілтеп, ізеттілігімен, мейірімділігін көрсетсе, ол да туризмді дамытуға өз септігін тигізетінін айтып, жиынды қорытындылады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.