«ЕСКІ ҚАЛАШЫҚТЫҢ» ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ Избранное

Пятница, 06 Декабрь 2019 05:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3656 раз

Келер жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанбақ. Қазір қалада қызу дайындық. Шымшаһардағы «Ескі қалашық» атымен танымал орталық қазіргі таңда қызу құрылыс алаңына айналған.

401

 

Бүгінде 5 гектардай жерді алып жатқан Цитадель аумағында қазба жұмыстары жалғасуда. Құрылысшылар саны 120 болса, археологиялық қазба жұмыстарымен айналысатын адамдар саны 100-ге жуық.
Цитадельдің құрылыс жұмыстары қала әкімі Ерлан Айтахановтың жіті бақылауында. «Ескі қалашыққа» жиі ат басын бұратын қала әкімі тиісті мамандарды сонда жинап, бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын.
«Цитадель қалашығы болашақта туристер мен қала тұрғындарының ең қызықты нысандарының біріне айналуы тиіс. 2020 жылы
Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанатынын ескерсек, аталған нысандағы археологиялық қазба жұмыстарды өте қарқынды жүргізуіміз керек. Жерасты қаласын аршыған археолог-ғалымдарымыз көптеген тарихи жәдігерлер табуда. Келер жылы болатын айтулы іс-шараларға қазірден бастап сақадай сай болуымыз қажет», - деген болатын Ерлан
Қуанышұлы.
Елімізге белгілі археологтар Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихы барына негізгі дәлелдер дәл осы Цитадельдегі қазба жұмыстары кезінде табылғанын тілге тиек етіп жүр. Зерттеушілердің бірі де бірегейі, ғалым, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаев «Цитадельді зерттеу барысында қазба жұмыстары орнынан 8 зеңбірек, жарылған оқ жарықшақтары, құмыралар, түбектер, шырағдандар және әшекейлер мен алтын мен күмістен соғылған ақшалар табылды.
Шымкенттің өз мұражайын ашуға жететін дүние қолымызда бар» деп еді.
Алдағы кезде ғасырлар тоғысқан Цитадель қаланың негізгі туристік нысандарының бірі болмақ. Онда 500 орындық амфитеатр, ежелгі мұражай мен галереялар бой көтеріп, қаланың көркіне айналады. Жоспар бойынша Ескі қала бекінісін қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы аяқталмақ.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.

Другие материалы в этой категории: « Елу жылда көпір де жаңа 136 баланы асырап алған »