Эстафета Бресттен – Шымкентке Избранное

Среда, 11 Декабрь 2019 03:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1062 раз

Күні кеше Беларусь Республикасының Брест қаласынан сүйінші хабар жетті. «Брест – ТМД елдерінің 2019 жылғы мəдени астанасы» іс-шарасының қорытынды жабылу салтанаты өтіп, онда Брест қаласынан 2020 жылғы ТМД-ның мәдени астанасы эстафетасы Шымкентке ресми түрде табыс етілді.

IMG-20191210-WA0003

Брест академиялық драма театрында өткен салтанатты шарада мәдени астана эстафетасын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай және қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева бастаған топ қабылдап алды. Осылайша еліміздің үшінші мегаполисі 2020 жылы Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып белгіленеді.

Бүгінде жыл көлемінде атқарылатын ауқымды 15 халықаралық, республикалық дәрежедегі іс-шаралардың бағдарламасы дайындалған. Сонымен қатар, «Шымкент мәдени астана» жылы ТМД елдері мен ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі.

Достық пен өзара ынтымақтастықты өрістеткен жиында ТМД Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының (МГЫҚ) отырысы өтті. Онда Брест қаласында Достастықтың мәдени астанасы ретінде атқарылған жұмыстары сараланып, оның қорытындысы талқыланды. БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз жиындары ұйымдастырылып, қонақтар «Брест қорғаны» мемориалдық кешеніне барып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Бұдан соң кешкісін Брест академиялық драма театрында «Брест – ТМД елдерінің 2019 жылғы мəдени астанасының» қорытынды жабылу салтанаты өтті. Мерекелік концертке ТМД елдерінің үздік өнерпаздары қатысты. Ал халықаралық «Достастық дебюттері» премиясының лауреаттары қонақ ретінде шақырылды. Салтанатты шара Брест қалалық атқарушы комитеті төрағасының делегаттарды арнайы қабылдауымен аяқталды.

IMG-20191210-WA0017

«Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы 2012 жылы қабылданған. Бастама жыл сайын белсенді ұйымдастырылып, жалғасып келеді. Қашанда ата-бабаларымыздың асыл мұрасын насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ілтипатымен көш басында жүретін Шымкент бұл жолы да ерекшеленіп, үздік атанды.

Мұндай мәртебе ШымшаҺарға бекер берілген жоқ. Соңғы 3 жылдың ішінде қала аумағы 117 мың гектарға кеңейіп, жаңа аудандар қосылды. Экономикасы өсті. Сондай-ақ, миллионды қалада мәдени шараларды өткізетін жаңа нысандар бой көтерді. Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов ғұлама Әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындары» атты белгілі философиялық еңбегіне сүйене отырып, Шымкент қаласына «Қайырымды қала» деген балама атау ұсынғаны белгілі.

Шаһар басшысының бұл игі бастамасы өз кезегінде мәдени астананың мерейін асырып, қаламыздың жаңа келбетін айшықтауға үлкен септігін тигізетіні даусыз. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін 2012 жылы Астана қаласы, 2014 жылы Алматы қаласы иеленген болатын.

Осынау жылнамаға сәйкес қазір Шымшаһарда түрлі құрылыс қарқын алған. Көне қаланың қыр-сырын тереңінен танытатын Ескі қалашықтағы Цитадельде бүгінде жұмыс қызу жүргізілуде. Мұнда аспан астындағы мұражай, 500 орындық амфитеатр ашылмақ. Туристердің қызығушылығын атттыратын орындар болады деген сенім мол. Бұдан бөлек, мәдени іс-шаралар да көптеп өткізілмек. Сан ғасырлық тарихы бар Шымшаһардың мерейлі мерекесін жыл бойы жоғары деңгейде өткізуге шымкенттіктер қызу дайындық үстінде.

Қайырымды қаланың мейірімді тұрғындары 2200 жылдық тарихы бар шырайлы Шымкенттің бұл жетістігін көне қаланың жаңа шежіресіне жазылатын жағымды жаңалық деп қабылдауда. Үшінші мегаполистің беделін биіктеткен бұл мәртебелі шараны абыроймен, жауапкершілікпен атқару баршамызға сын мен үлкен міндет болғалы тұр.

Последнее изменение Среда, 11 Декабрь 2019 03:59
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.