«Мәдениетті алдымен өзімізден талап етейік» Избранное

Среда, 15 Январь 2020 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2542 раз

Үшінші мегаполисте аудан әкімдерінің халық алдындағы есепті кездесулері басталды. Алғаш болып Әл-Фараби ауданының әкімі есеп берді. Сәуле шағынауданында өткен жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов, қалалық мәслихаттың депутаттары, «Nur Otan» партиясы мен басқармалардың өкілдері, ардагерлер, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты.

WhatsApp Image 2020-01-13 at 13.11.29

Ерекше есеп

Алғашқы кездесу №129 мектепте өтеді екен. Мектеп ғимаратына жақындағаннан қызу жұмысты байқадық. Жиналған көліктің көптігі өз алдына, біршама ашық, көлік жүріп жатқан көшенің жолағы да, жүргінші жолы да тап-таза. Кенеттен тап болған десанттай – бір топ қызыл желет киіп, анадайдан көзге түскен тазалықшылар күні кеше жауған қарды толық күреп, аяқтап қалыпты.

Мектеп қоршауының сыртынан кезекшілер тұр. Сымдай тартылып, сыптай киінген жас жігіттер есепті кездесуге келе жатқаныңды бір сұрап алады да ішке қарай жол сілтеді. Ал ғимараттың ішінде кезекшілер әр 4 қадам сайын тұр. Қарына қызыл мата байлап, ілтипатпен жол сілтейді. Осы бағытпен екінші қабатқа көтеріліп, кең акт залына адаспай кірдік.

Бекітілген уақытқа 15 минут бар, залдың іші толы. Гу-гу шу жоқ, үлкен экранда ауданда 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы бейнероликті тамашалап отыр. Орнымызға жайғасқан соң байқадық – әкімдік қызметкерлері ардагерлер, депутаттар, басқарма мамандары секілді әр санаттың өкілдерін өз орнына жайғастырып жүр. Алдыңғы қатарда отырған, кимешек киген екі әжені байқаған өзге тілді әріптесім есептен соң концерт бола ма деп сұрады. Мұндай жиындарға әр аудандағы ардагерлер кеңесінің мүшелері, осындай кимешекті әжелер қатысуы дәстүрге айналғанын түсіндірдім.

Есеп тура сағат 11:00-де басталды. Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов мінберге шығып, алдымен есепті кездесудің регламентін ұсынды:

– Құрметті көпшілік, қадірлі тұрғындар. Атқарылған жұмыстар туралы баяндамаға 20 минут уақыт бөліп, содан кейін жылдағыдай жарыссөз қажет емес, бірден сұрақ-жауапқа көшсек. Қалай қарайсыздар?
Ұсынысты көпшілік бірден қолдады.

– Олай болса, бірден бастап кетейік. Құрметті көпшілік, ұялы телефондарыңызды сөндірулеріңізді өтінемін, бір-бірімізге кедергі келтірмейік, - деген әкім баяндамасын бастап кетті.
Айтсақ, өзімізге тиеді – баяндама басталған соң алғашқы минуттарда залдың артқы жағынан екі рет телефонның шырылы естілді. Бірден сөне қалса мақұл ғой, иесі жоқ секілді, біраз шырылдап тұрды...

Атқарылған жұмыс жетерлік, жоспар одан да көп

Ғабит Патшаханұлы жалпы аумағы 14 мың га ауданда атқарылған жұмыс туралы бір деммен айтып шықты. Ауданда халықпен байланыс жақсы жолға қойылған. Аудан әкімдігінің парақшасымен қоса аудан әкімінің өзі де facebook және instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунтында отырады. Сөз барысында айта кетейік, ондағы арыз-шағымдарға мүмкіндігінше жауап беріп, шешім қабылдайтыны есеп кезінде бірнеше рет белгілі болды.

Биылғы ерекшелік – былтыр атқарылған жұмыстың едәуір бөлігінде халыққа көрсетілген әлеуметтік көмек туралы айтылды. Бұған қоса аудан кәсіпкерлері мен депутаттар жасаған қайырымдылық шаралары туралы баяндалды.

Білім беру саласында ауданда оқушылары үш ауысымда оқитын 3 мектеп бар. Солардың бірі – №47 мектепке қосымша ғимараттың ЖСҚ әзірленген.
Денсаулық сақтау саласындағы жаңалық – Бадам және Сәуле шағынаудандарында дәрігерлік амбулатория және бригадалық жедел жәрдем бекеттерін салу жоспарлануда. Қазіргі таңда жер телімі анықталып, денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс берілген. Бұған қоса қалалық №4 емхана қайта құрылмақ.

Әкімнің айтуынша, аудан аумағында ретсіз сауданы жою бойынша бірқатар жұмыс атқарылып, Қырғы базар маңындағы сауда жасап отырған тұлғаларға базар аумағынан бос сауда орындары ұсынылыпты. Төле би көшесінің бойындағы аяқ жолдың Қырғы базарға дейінгі аумағы абаттандырылып, пайдалануға берілген.

2019 жылы Әл-Фараби ауданындағы 5 үй күрделі жөнделді. Қаржы қаралған жағдайда алдағы уақытта 44 үйді жөндеуге тиісті басқармаға ұсыныс жолданған. Мұндағы бір себеп – аудан аумағындағы көп қабатты 672 үйдің 40% ескірген үй саналады.

Ауданда былтыр 34 көше жөнделіп, 4 көше қайта құрылған.

Сұрақ – сізден, жауап – бізден

 DSC9659

Баяндамадан соң тұрғындар бірден сұрақтарын қоя бастады. Арыз-шағымдардың көбісі тұрғын үй-коммуналды шаруашылық пен жолаушылар көлігі саласына қатысты болды. Мысалы, Забадам елдімекенінің басқарушысы Тойшы Исламов жауын-шашын кезде жолды су басатынына назар аудартып, көше бойындағы ескі лотоктарды жаңартуды, жоқ тұстарға арық жүргізуді сұранды. Бұған қоса, әсіресе, қыс мезгілінде мектептен кеш қайтқан балалардың қауіпсіздігі үшін Бадам өзеніне жақын көшелерді жарықтандыру жөнінде айтты.

Әкім биылғы жоспар бойынша ауданда 14 көше жарықтандырылатынын айтып, жауап берді.
Одан кейін атаулы әлеуметтік көмек бойынша қойылған сұраққа әкім биыл АӘК көмек алу форматы өзгергенін айтып, бала саны бойынша төленетін жәрдемақыдан кейін күнкөріс шегімен айырмашылық ретінде есептелетінін түсіндірді. Толық мәлімет алу үшін сол жерде отырған әлеуметтік салаға жауапты маманға жолығуды ұсынды.

Осы ретті пайдаланып, Ғабит Патшаханұлы Шымкент қаласындағы көп балалы аналардың 25% осы Сәуле шағынауданында тұратынын айтып, жергілікті аналарға бір құрмет көрсетіп қойды.
Ардагер тұрғын Нұрбек Жүнісбеков аудандағы біраз азаматтың «алаяқтардан жер учаскесін сатып алып, үй салғанын, енді үйдің құжатын рәсімдей алмай жүргенін» жеткізді.

Оның бір себебін өзі де айтты – учаскенің мемлекеттік актісінде нысаналы мақсаты тұрғын үй салуға емес, ауыл шаруашылығына арналған. Осындай жер саудасына жол бермеу жөніндегі шағымдарға прокуратурадан жауап жоқ, деді ақсақал.

Сұраққа жауап берген Ғабит Мәуленқұлов, керісінше, ауданда бір реттік іс-шара кезінде үйдің құжаттарын заңдастыруда прокурорлардың еңбегі көп екенін айтып берді. Ал иелігіндегі мүлкін сату – әр азаматтың құқығы екенін, сол мүліктің заңдылығын тексеру, ең алдымен, сатып алушының міндеті екенін еске салды.

Содан кейін сөз алған жергілікті тұрғын Жақсыкүл Ахметова 276-орам тұрғындарының сәлемін арқалай келіпті. Алыс та болса осы №129 мектептің жақсы екенін айтып, балаларын сабақтан қалдырмайтынын жеткізді.

– Биылғы жоспарда біздің орамға орын бар ма? Өзім жаңа сіз мақтаған көп балалы ананың бірімін, - деген кезінде көпшілік ду шапалақпен қошемет білдірді.
Әкім жауабын бірден бұл ауданды ғана емес, сол орамды да жақсы білетінінен бастады.

– Былтырғы жазда 276-орамды екі рет араладым... – дей берген әкімді көп балалы ананың сөзін бөлді:
– Ағай, біз талдардың арғы жағында тұрамыз...

– ...Талдың арғы жағын да білемін. 153 үй тұрасыздар. Қателеспесем, 300-ден аса бала бар. Сол сіздер үшін ешкімге рұқсат бермейтін Орманов мырзадан («Су арнасы» мекемесінің басшысы – ред.) рұқсат алып, үлкен диаметрлі құбырдан су алып бердік. Аз үй болса да шағал тас төсетіп, автобусты жақындаттық. Ендігі жоспарымыз – қоғамдық көлікті бір аялдама болса да тағы да жақындату, - деді Ғабит Патшаханұлы.

Қанат Досжанов деген азамат осы елдімекендегі мазарат жайын көтерді. Нақты айтқанда, қорым 2012 жылы заңды түрде жабылғанын, былтыр «ЛТД тұрмыс» мекемесі мазардың қоршауын кеңейтіп, үйінің маңына дейін жеткізгенін айтты. Содан кейін мазарда бірді-екілі адамдар жерлене басталғанын, мұны көрген көше тұрғындарының бойында қорқыныш ұялағанын жеткізді.

– Бұл мәселеден хабарым бар, - деді әкім. – Мазар ТҮКШ басқармасының балансына қарайды. Қазір есептен соң сол жерге барып, жауапты мамандармен жиын өткіземін.
Бұдан кейін кезек алған Тұрсынай Орымбетқызы аудан әкімінің жұмысына разылығын білдірді. Сонымен қоса ана ретінде балалары біліп алып отырған мектептің директорына алғысын жеткізді (айта кетейік, жиын барысында бірнеше тұрғын әкіммен қатар мектеп директорына алғыс айтты).

Аудан әкімі «Ең жанашыр тұрғын» деп баға берген Тұрсынай Орымбетқызы да үй құжаттарын рәсімдеу мәселесін көтерді. Соған қарағанда осы ауданда осы мәселенің өзектілігі жоғары.
Содан кейін халқы тығыз қоныстанған ауданға бірер автобус бағытының аздық ететінін айтқан зейнеткер сол автобустардағы кондуктордың дөрекілігіне шағымын білдірді. Әкім сол мезетте залда жолаушылар көлігі саласының маманы отырғанын айтып еді, Наурыз Сүгірәлиев орнынан тұрып, шағымды жазып алғанын айтты.

– Өзің бір әп-әдемі жігіт екенсің, кондукторларың неге ондай емес?! – деген зейнеткердің зілді әзілі көпшілікті ду күлдірді.
Аудан әкімі «Әр факті бойынша дер кезінде дәлелді шағым түсірілсе, шара көрілетін болады» деді. Сонымен қоса

Шымкенттің биылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанатын жылында «Өзгеден мәдениетті талап ете отырып, өзіміз де мәдениетті болайық» деп қорытындылады сөзін.

...Десе дегендей, әр адам өзіне жауап берсе, біршама тірлік жүйеге келіп қалар еді. Жоғарыда жазғандай, жиынның басында ұзақ уақыт шырылдаған телефон даусы да сол мәдениеттің деңгейінен хабар беріп тұрғандай...

Ал есептің өзі ардагердің әдемі батасымен аяқталды. Есепті жиын емес, біз өзара ой бөліскен орайлы кездесуге келгендей әсермен қайттық.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.