Версия для печати

Ауыз су, электр жарығы, табиғи газ Абай ауданындағы күрмеулі мәселелер шешімін күтеді Избранное

Пятница, 17 Январь 2020 04:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2357 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Ғалымжан Төлеповтің 2019 жылдың қорытындысы бойынша халыққа есеп беруі «Ақжар» тұрғын алабындағы №122 мектепте өтті. Жиынға негізінен Құрсай, Қазығұрт, Ақжар, Ақтас, Айкөл елді мекенінің тұрғындары қатысты.

 DSC5089

Әкім өз баяндамасында өткен жылы шешілген және шешуін күтетін маңызды мәселелерді шолды.

– Аудан аумағы бойынша 22 елді мекен ауыз сумен қамтылса, ал 12 елді мекен құдық және тасымалды ауыз суды пайдаланады. 2019 жылдың соңында аудан аумағы бойынша 24 елді мекен (78,5%) толық ауыз сумен қамтылды, - деді Ғалымжан Әнуарұлы.

Әкім аудан аумағындағы 24 елді мекен (67,1%) мемлекеттік электр жарығымен, 25 елді мекен (82,2%) табиғи газ жүйесімен қамтылғанын да тілге тиек етті.
Ғалымжан Әнуарұлының айтуынша, 2020 жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі тарапынан жаңғырту бағдарламасына орай Қазығұрт, Тельман шағын ауданындағы тозығы жеткен 4 трансформаторды ауыстыру мен К.Маркс, Қорғасын, Қызылжар, Ынтымақ шағын аудандардағы 26,5 шақырымды құрайтын электр желілерін жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр екен.

Ағымдағы жылы ауданға жаңадан қосылған елді мекендерді көгілдір отынмен қамту үшін Сайрам ауданының Қасымбек Датқа ауылынан өтетін магистралды газ құбырынан қалаға 6,5 шақырымды құрайтын, сағатына 25 000 м/куб газ өткізетін құбыр жүргізу жұмыстары ұйымдастырылуда.

2019 жылы 21 көшеге (27,5 шақырым) жалпы соммасы 864,6 млн теңгеге асфальт төсеу басталып, 10 көшеде құрылыс жұмыстары аяқталып, 11 көшеде құрылыстары жалғасуда.
Өткен жылы аудан аумағында мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында 45 аулаға 1 411,6 млн теңгеге балалар ойын алаңшалары орнатылыпты.

2019 жылы аудан аумағындағы Самал-3, Қызылжар, Ақтас, Құрсай, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Агрофирма, Солтүстік саяжай, Ақжар, Арғымақ елді мекендеріндегі 85 көшеге 26,49 шақырым шағал тас төселіпті.

2020 жылға 103 көшеге 79 шақырымға шағал тас төсеу жұмыстарына қаржы қарастыру үшін қалалық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына ұсыныс беріліп, қала әкімі Ерлан Айтахановтың қолдауымен бұл мәселе шешімін тапқан.

4 ауысымдық мектеп, қорғасынның қалдықтары және шырағдан...

Биылғы есептік кездесулердің бір ерекшелігі сол, әкімнің баяндамасынан кейін ешқандай жарыссөз болып жатқан жоқ. Жиналғандар бірден сұрақ-жауапқа өтті.

Ең әуелі Ақтас-1 тұрғын алабының тұрғыны Махмұт Мырзақұлов сөз алып, ауданға жаңадан сайланған әкімнің қолын алу үшін келгенін әрі өз ұсыныс-тілектерін жазбаша дайындап келгенін жеткізді. Ақсақал Ғалымжан әкімнің қолын алып қана қойған жоқ, батасын берді. «Елдің мұң-мұқтажы үшін барын салып еңбек ететініне, күрмеуі көп мәселелерді мақұлмен емес, ақылмен шешетініне» сенім артты.

Құрсай елдімекеніндегі 900 орындық №49 жалпы орта мектебінде 3000-нан аса оқушы 4 ауысыммен білім алып жатқанын Қазығұрт шағынауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Әділбекұлы жеткізді. Бұдан бөлек, тұрғындар 700-дей тұрғыны бар елдімекенге заманауи жаңа емхананың қажеттігін алға тартты.

– Одан соң осы елдімекен маңындағы Қорғасын зауытының қалдықтары, көмірі жел тұрса тұрғынүйлерге ұшады. 500 метрдей жерде балабақша орын тепкен. Қорғасын қалдықтарының зияны біз айтпасақ та белгілі. 20 жылдан бері қанша әкім ауысты. Неше рет уәде берілді. Тіпті, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-мен бірігіп үстіне гүл егетін болып келісті. Бірақ, өзгерген ешнәрсе жоқ. Өзің бас-көз болып осының шешімін тапсаң, - деді Сатыбалды Әділбекұлы.

Ақжар елдімекені тұрғындарының атынан зейнеткер Берік Ерманов сөйледі. «Шағынауданның негізгі көшелерін жарықтандырып берсеңіздер, жолдар жөнделсе, учаскелік полиция пункті ашылса, 50-60 үйдің құжаты жоқ, солар заңдастырылса» деген ұсыныстарын айтты.

Ақтас-2 шағынауданының тұрғыны Салтанат Лесбекова ауызсу, жарық, табиғи газдан қатты қиналып жатқандарын жеткізді. «Тіпті, кешке қарай шырағданның сәулесінен де әлсіз жарықпен отырамыз. №147 бағыттағы қоғамдық көлік өз уақытында жүрмейді. Сендер жақта адам аз деп біздің жаққа қатынағанын міндет қылады», - деді тұрмыс қажытқан келіншек жыламсырай.
Одан кейін тұрғындар осы Ақтас-2-де №73 мектептің жанындағы көпірді жөндеп беруді сұрады.

Тұрғындардың өтініш, талаптарын мұқият тыңдаған әкім олардың әрқайсысына жауап беруге тырысты. Кейбіріне басқарма басшылары жауап беруіне тура келді.

 DSC5193

«Жер-ана» өндірістік кооперативі тарапынан Құрсайдағы №49 мектеп құрылысына 3 га жер телімі бөлініп берілді. Аталған шағын ауданға қалалық білім басқармасы тарапынан 1200 орындық мектеп құрылысын салуға және №49 мектептің ескі ғимаратының орнына 300 орындық мектеп құрылысын салуға «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на ұсыныс берілген», - деді Білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Балмаржан Нарбекова.

Сондай-ақ аталған мектептің жанынан Қазығұрт, Құрсай шағын аудандары мен Ақжар, Ақтас елдімекендері тұрғындарына «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ тарапынан заман талабына сай емхана құрылысын салу жоспарда бар екені белгілі болды.

– 2023 жылға дейін 5 денсаулық нысанының құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Нәтижесінде, қосымша 1075 адам сапалы медициналық көмекке қол жеткізеді, - деп сөзін шегеледі аудан әкімі Ғ.Төлепов.

Әкімнің Қорғасын зауытының қалдықтарына қатысты жауабы былай болды. –1992 жылы зауыт жұмысы тоқтағаннан кейін 1 млн 800 тонна қалдықтың бары анықталған. Бұл аумақты 2018 жылдың ақпан айында мердігер мекеме аукцион арқылы 30 миллионға ұтып алған. Алдағы бес жылдың ішінде қалдықтарды шығарамыз деп өз жауапкершілігіне алған. Қазіргі күні Экология департаменті тиісті жұмыстар атқаруда, – деді Ғ.Әнуарұлы.

Жалпы Абай ауданында шешуі кезек күттірмейтін мәселе шаш етектен.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, спорт алаңшаларын, тренажер элементтерін орнату; шалғай жатқан елді мекендерді инфрақұрылым (ауыз су, электр жарығы, табиғи газ, кәріз, жылумен қамтамасыз ету, жолдарды салу) жүйелерімен қамтамасыз ету; жаңа мектептер, балабақша мен емханалар салу күн тәртібінде тұр.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.