Инфрақұрылым жүйелері жұлдыздықтарды да алаңдатады

Пятница, 17 Январь 2020 04:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 175 раз

Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов Жұлдыз тұрғын алабындағы № 94 орта мектепте кезекті есеп беру кездесуін өткізді. Жиынға негізінен Қарабастау, Жұлдыз, Бадам елдімекенінің тұрғындары жиналды. Есепті кездесуге қала әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов қатысты.

еңбекші әкім

Әдеттегідей, аудан әкімі негізгі атқарылған жұмыстарды баяндап, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. Бұл аумақтың тұрғындарын да инфрақұрылым мәселелері қинайды. Яғни, жиында, негізінен, жол жөндеу, жарықтандыру, қоғамдық көлік, экологиялық мәселелер көтерілді.

Бадам ауылы тұрғыны Құдайберген Жанзақ орталық көшеде жарық жанбай қалғанын айтып, Сәуле, Қарабастаудан № 7 емханаға баратын қоғамдық көлік жүргізіп беруді сұрады. Қаратөбе елдімекені тұрғындары да жарық мәселесін қозғады.

Бадам ауылының ақсақалы Кенесары Қансейітовтың айтуынша, Жасын көшесіне асфальт төселмеген. Сондай-ақ, ақсақал Жұлдыз аумағындағы шаруалардың атынан сұрақ қойды. Ауылшаруашылық басқармасы мамандары субсидия алу мәселесі бойынша келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізбейтінін айтады.

Жалын ауылының тұрғыны жол салып беруді өтінсе, Жұлдыз ауылының ауыл биі 2015 жылдан бері кәріз жүйесі шешімін таппай жатқанына наразы.
Қарабастау елдімекенінің шет жақтарында қоқыс алынбай қалып кетуде. Одан бөлек, мұнай өңдеу зауытынан шығатын түтіннің зияны тие ме деп алаңдаулы.

Ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы өкілдерінің мәлімдеуінше, қазір цифрландыру жүріп жатыр. Субсидия алу үшін жердің құжаттарын электронды базаға тіркеу қажет.

 DSC5380

Ғалымжан Молдабайұлы экологиялық мәселелер әрдайым назарда екенін атап өтті. Жолдар маңыздылығына қарай жылдан жылға жөнделеді. Биыл ауданда 54 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.
– Айтылған мәселелердің бәрі де уақыт, сәтімен шешіледі. Бәрі де ауыл билерімен, көше комитеті төрағаларымен ақылдасып істелінетін жұмыстар.

Алдағы уақытта осы мәселелерді тағы да талқылаймыз. Сол жиналысқа да қатысыңыздар. Жылдан жылға қаржы молайып келеді. Ең алдымен маңызды деген мәселелерді шешуге күш саламыз, – деді аудан әкімі.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.