Версия для печати

Халықпен тығыз байланыста Избранное

Среда, 22 Январь 2020 03:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2316 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласы Абай ауданында сараптама жүргізілген кезде 1 160 үйдің жер телімін өз бетінше иеленіп, заңсыз салынғаны анықталған. Осыған байланысты 2019 жылы ауданда 500-ден астам үйдің  құжаты заңдастырылып, Шымкент қаласы әкімінің қаулысы қабылданды. Соның ішінде 200-ден астамына мемлекеттік акт алынған.

абай

Бұл туралы Жаңаталап елдімекенінде орналасқан №81 орта мектепте халықпен кездесіп, 2019 жылы атқарған жұмысы туралы есеп берген аудан әкімі Ғалымжан Төлепов мәлімдеді. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек қатысты.

Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – қала шетінде орналасқан елдімекендерді газдандыру. Бүгінде кейбір тұрғындар өз қаржысы есебінен жекеменшік газ құбырын тартып алса, халықтың біраз бөлігі әлі де көмір жағып отыр.

– Абай ауданына қарасты 25 елдімекенде тұрғындардың 82,2 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Биыл Алтынтөбе және Көкбұлақ тұрғын алаптарына газ құбыры тартылады. Аудан әкімдігі тиісті басқармаға Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Ақтас, Арғымақ шағынаудандары мен Айкөл, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тұрғын алаптарын газдандыру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу бойынша ұсыныс жолдаған. Жалпы, қаланы толық газдандыру мақсатында Сайрам ауданы арқылы өтетін магистралды газ құбырынан қалаға қарай ұзындығы 6,5 шақырым құбыр тартылуда. Бұл құбыр сағатына 25 мың текше метр газ өткізе алады және қаланы толығымен көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді, – деді Ғалымжан Әнуарбекұлы.

Аудан әкімі өз баяндамасында жолдардың жағдайына да ерекше назар аударды. Абай ауданында жалпы 1 025 көше болса, соның небары 596-сына асфальт төселген. Тағы 326 көше тас төселсе, қалған 103 көше топырақ күйінде жатыр. Әрине, бұл көшелердің тұрғындары қыста батпаққа батып, жазда шаң қауып, қиын тұрмыс кешіп жатқаны белгілі. Осыны ескерген Ғ.Төлепов биылдан қалмай 103 көшеге шағал тас төсеуге уәде берді. Мұнан бөлек 2019 жылы ауданда 21 көшеге асфальт төсеу жұмыстары басталған. Оның 11-і пайдалануға берілсе, қалған 10 көшедегі жұмыс биыл аяқталады. Сондай-ақ, биыл ауданда тағы 48 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Оның тең жартысы қала шетінде орналасқан елдімекендерге тиесілі.

Есепті кездесуде аудан әкімі шалғай елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту, ауыз су, электр қуатымен қамту, қоғамдық көліктер, көшелерді жарықтандыру мен көгалдандыру мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды да баяндады.

 DSC5150

Айта кетерлігі, Ғ.Төлепов есепті кездесуден кейін тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жалпы, Абай ауданының әкімі мен оның орынбасарлары күн сайын таңертең 2 сағат уақытын тұрғындарды қабылдауға арнайды екен. Бұл Президент Қ.Тоқаевтың қоғаммен сындарлы диалог орнату бағытындағы саясатын аудан әкімінің ойдағыдай жүзеге асырып жатқанын көрсетеді.

Кездесуде Алтынтөбе, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл, Жаңақұрылыс секілді бірқатар елдімекендердің тұрғындары қатысып, аудан әкіміне өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Ғалымжан Әнуарбекұлы тұрғындардың сұрақтарына толыққанды жауап беріп, биыл атқарылатын жұмыстарды да айтып өтті.

А.ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.