Версия для печати

Бюджет екі есе көбейді, енді мәселелер шешілсе...

Среда, 22 Январь 2020 04:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2340 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Үшінші мегаполисте қаңтар басталғалы қаладағы аудан әкімдері есептік кездесулерін өткізуде. Осындай жиынның бірі Сансызбай Бекбосынов атындағы №70 жалпы білім беретін орта мектепте өтті. Кездесуде Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов тұрғындарға 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

қаратау

Кездесуде аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Нақтырақ айтсақ, 247 мыңнан астам халық тұратын ауданда 79,5% тұрғын үй тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылса, 11,2%-ы кесте бойынша, ал қалғаны тіршілік нәрін тасымалдап ішіп отыр. Аумақ тұрғындарын сапалы электр жарығымен қамту үшін қазір қосалқы электр станциясы салынып жатыр. Халықты көгілдір отынмен қамту ісі де қарқынды. Биыл 110 шақырымды құрайтын 146 топырақ көшеге тас төселмек. Сонымен қатар, аудан аумағындағы орталық маңызы бар 79 көшені жарықтандыруға ұсыныс берілген.

Сұрақ қойып, өтініш-талаптарын жеткізген Сайрам тұрғын алабы мен Шапырашты, Өтеміс елдімекендерінің тұрғындары аудан басшысына шалғай елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту, ауыз су және электр қуатымен қамту, көшелерді жарықтандыру мен ойын алаңдарын салып беру мәселелерін қозғады.

Жиында алғаш болып сөз алған Өтеміс ауылының тұрғыны Бердалы Райымбеков шешімін күткен біраз мәселенің барын айтты. Оның ішіндегі өзектісі – тазалық. Тұрғындардың қоқыс тазалаушы компанияларға деген өкпесі қара қазандай. Жұрт иісі қолқаны қабатын қоқыстың көше бойында айлап жатып қалатынын айтады. Ал, тиісті мекеме өкілдері төлемнің уақтылы жасалмауына тұрғындарды кінәлап отыр. Жиында қос тараптың дауына Қаратау ауданының әкімі ел алдындағы есеп беру кездесуінде нүкте қойды.

қаратау есеп

Шапырашты тұрғын алабының тұрғыны Нұрмахан Бекбосынов елдімекенге барар жол асфальтталғанын, ауыз су, көгілдір отыннан таршылық көрмейтіндерін баяндай келе ауылдағы мәдениет үйінің жағдайы мәз болмай тұрғанын айтты. Тіпті, балаларға мектептен тыс уақытта ойын ойнауға баратын жердің жоқтығын жеткізді. Тұрғындарды алаңдатып келген жер мәселесі еді. 300 үйдің тең жартысы қалаға қосылғалы құжаттарын ары-бері көтеріп сандалып жүр. Аудан әкімі сұрақтың орынды екенін, мәселеден хабары бар екенін білдіріп, тұрғындарды жағымды жаңалықпен қуантты.

– Биыл бюджеттен 94 млн теңге қаралып отыр. Бұл қаражат мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарына жұмсалатын болады. Ал, ойын алаңшалары келер жылы толықтай шешіледі. Қазір ескі мектептің орны бос екені анықталды. Оны білім басқармасының балансынан шығарып, тиісті құжаттарды рәсімдеу үстіндеміз. Бұл мәселе кезек күттірмей шешіледі, - деді аудан әкімі.

Жиында Абзал Әліқұлов тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беріп, кейбір мәселелерді тиісті мамандарға тапсырды. Жергілікті халықтың жеке мәселелерін қағазға түртіп алып, заң шеңберінде жауап беретінін айтты.