Жарамдылығы 100 жылға жететін жабынқыш Шымкентте шығады

Среда, 29 Январь 2020 03:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1451 раз

Құрылыс қарқыны бәсеңдемеген үшінші мегаполистегі өндіріс орындарында бүгінде еңбектің қара қазаны қайнап-ақ жатыр. Шаһардағы кәсіптің көзін тапқан іскер жандар «Еңбек етсем, ертеңгі арманыма жетсем» деп, барын салуда. Қай-қайсысының да бизнестің сан тарау жолдарында өзіндік ізі қалары сөзсіз. Оның ішінде саздың сан мың жылдық сырын ұққан Асан Қалымбетовтың кәсібі өзгерек. Ол басқаратын құрылысқа қажет материал шығаратын зауыттың жұмысы көңіл қуантарлық. Ал ел тұрғындары үшін отандық өнімнің маңызы зор.

DSC 4350

– «Егер ісім өнсін десең, ретін тап» демекші, бала күнімізден еңбек етуді ата-анамыздан үйреніп өстік, - деп бастады әңгімесін Асан Мұхтарұлы. – 2012 жылдың көктемінде қатты дауылдан Қазығұрт, Түлкібас аудандарындағы біраз үйлердің шатыры ұшқаны бар. Біз ол кезде құрылыс жұмыстарымен айналысып жүрген едік. Жұмыстың сапасы әрдайым басты назарға алған соң, шатыр ұшырмайтын материалды іздедік. Саздан жасалған жұқа қышты шетелдік құрылыс компаниялары пайдаланатынын көріп, соны өзімізде неге жасамасқа деген ой туды.

Ағам банк саласында жұмыс істейтін. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттардан хабардар етті. Қажетті жабдықтарды шетелден таптық. Шығындарды есептеп, бизнес жоспарын түздік. «Даму» қоры біздің жобаға қаржылай кепілдік жасап, бизнес бастауға қажет қаржыны алуға қолдау білдірді. Бұл «Startup» жобасы болатын. Содан, міне, кәсібімізді дөңгелетіп келеміз, - дейді кәсіпкер.

Орда бұзар жасты еңсерген жігіт бүгінде онға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Шығарған өнімдері еліміздің барлық қалаларына жеткізіледі. Өзбекстанға да экспортталады. Себебі бұл екі елге ортақ жалғыз өндіріс орны көрінеді. Асан Мұхтарұлының айтуынша, өндіріс орнын ұлғайту жоспарда бар. Сондай-ақ, қосымша тағы жұмыс орындары ашылмақ. Үйлердің шатырын жабуға арналған құрылыс материалдары – черепица қызғылт түсте, біркелкі көлеммен шығарылып, сатылады. Бірнеше жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны бәсекелестікке толық төтеп бере алады. Себебі, өндірген өнімдерінің сапасы жоғары.

– Табиғи жабынқышқа сұраныс бар. Бұл ыстыққа төзімді, суықты өзіне жинайтын өнім болып есептеледі. Ғимарат пен үйлерге көрік беретінін де атап өтуге болады. Еуропадағы тұрғын үйлердің 86 пайызының шатыры табиғи өнімнен жасалған жабынмен жабылады. Қажет шикізаттар өзімізден табылады. Бояуын Финляндиядан алдырсақ, қажет бір-екі қоспаны Польшадан әкелеміз. Өнім Шымкентте өндіріліп, арнайы тапсырыспен сатылымға шығарылады. Тұтынушыларға қолжетімді десек те болады.

Сауда орындарында сатылып жатқан Ресей мен Қытайдан әкелінген металло-черепицаның бағасымен бірдей. Шаршы метрі 3000-3500 теңгеден түседі. Табиғи черепица 130 тонна қысыммен қатты тығыздау арқылы дайындалады. Соның нәтижесінде беріктігі, төзімділігі мен сапасы артады. Жарамдылық мерзімі – 100 жылға дейін, ұзақ сақталады, – дейді «Grand Development Group» компаниясының директоры.

Нарық заманында өзі оқыған салада қызмет ететіндер жыл санап азайып барады. Кейіпкеріміз де солардың кебін киген екен. Оқыған мамандығы – теміржолшы. Дегенмен, өзі кәсіпкерлікті таңдапты. Батыл қадамға барып, байыптылықпен үлкен істі қолға алған жігіт бірнеше отбасын асырап, өңіріміздегі кәсіпкерлік саласын дамытуға өз үлесін қосып жүргендердің бірегейі десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен, кәсіпкер мұнымен шектелуді жөн көрмейді. Әлі де үйренсем, елге пайдам тисе деген ізгі ниетте екенін сұхбат барысында айтып қалды.

– Бизнесім енді ғана басталып келе жатқанда тәулігіне 4 сағат қана ұйықтайтынмын. Бар күшімді, қаражатым мен бос уақытымды осы іске арнадым. Әрине, қиындықсыз болмайды. Бірақ, сағыңды сындырмағанның бәрі бізге қуат бере түседі екен. Әр саланың өз қиындығы, өз қызығы болады. Бастапқы жылдары оңай соқпады.

Өңірдегі баламасы жоқ өндіріс орны болған соң, бір жолға түскенше біраз еңбек еттік. Қазір жыл санап, мүмкіндіктер артып келеді. Бір ғана жеңілдетілген несиемен ештеңе шешілмейді. Қағазбастылық жүйеден арылу керек секілді. Жүктемені азайтып, көпшілікке оңтайлы жолын қарастырса деген ұсынысымыз бар. Бизнестің биігіне шықсам деген кәсіпкерлеріміз көп, – дейді кәсіпкер.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі екенін атап өткен болатын. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесін жаңа жобаларға басымдық бере отырып, қайта құру қажеттілігін баса айтты. Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы» аясында осы мақсатқа сәйкес алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Биылдан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салды. Байқап отырсақ, жыл санап елімізде кәсіпкерлікті қолдау шараларына ерекше көңіл бөлінуде. Ал кәсібін нәсібіне айналдыра білген кәсіпкердің қатары жаңа толқынмен толығып келеді. Бұл да сабақтастықтың ерекше үлгісі деуге болар.

Түйін

Соңғы кездері жаңадан тұрғызылған ғимараттардың сапасы жиі сынға ұшырап жатады. Тіпті, жаңа нысандардың ішінде қасбеті сөгіліп, қабырғасы қақ айырылып жатқандарын да көріп, естіп жүрміз. Бұл ең әуелі құрылыс материалдарының сапасы нашарлығын меңзесе, тұрғындардың қауіпсіздігі де ойландырмай қоймайды. Айтпағымыз, кәсіпкерлер алдымен пайданы емес, арды ойласа... Алатын азын-аулақ ақшаны емес, соңынан айтылатын жақсы сөз үшін қызмет етсе дейміз. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген бар. Асан Мұхтарұлының бойында ондай жақсы қасиеттерді көріп, ішіміз жылып қалды.