Тасқын қаупі жоқ

Пятница, 14 Февраль 2020 03:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2661 раз

Шымкент қаласында су тасу қаупі жоқ. Қалалық төтенше жағдай департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Дербісов БАҚ өкілдеріне осылай деп мәлімдеді.

ТЖД 4

Департамент басшысының айтуынша, қаладағы 4 су қоймасындағы жағдай қанағаттанарлық. Меншік иелері бұған дейін қоймаларды күрделі жөндеген.
Көктемде болуы мүмкін су тасқынына дайындық ретінде ҚР ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімдерінің жеке құрамы және құралдары дайындыққа келтірілді. Яғни, төтенше жағдай департаменті тарапынан 297 маман, 49 техника және 28 жүзу құралы, 38 мотопомпа әзірленсе, Ұлттық ұланнан – 100 маман және 5 техника, жергілікті полиция департаментінен – 90 қызметкер және 6 техника дайын тұр.

Бұған қоса қала шаруашылығы саласында да тиісті жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда шаһардағы ирригациялық жүйені дайындыққа келтіру мен өзен арналарын күтіп-ұстау мақсатында қаржы бөлінді. Енді 2020 жылы жалпы ұзындығы 59 шақырым болатын 29 көшеге ирригациялық арық салу жоспарлануда.

Сонымен қатар 19 тұйық ирригациялық учаскені ашу, қаланың 12 көшесінде қосымша ирригациялық лоток салу және жобалау-сметалық құжаттасын әзірлеу үшін де қаржы қарастырылды.
Төтенше жағдай департаментінің мамандары журналистермен бірге қала іргесіндегі Сайрам су өзеніндегі жағдайды бақылап қайтты. Өзен бойындағы қауіпті учаскелерді тексерген мамандардың айтуынша, департамент тарапынан су қоймаларындағы, өзендердегі және каналдардағы жағдайға тұрақты мониторингі жүргізіледі.

Айта кетейік, 2017-2018 жылдары Сайрам су өзеніндегі су деңгейінің жоғарылауына байланысты облыстық маңызы бар көпірдің қорғаныш бөгеттері мен тіреу бағанын су шайып кеткен болатын. Төтеншее жағдай департаментінің өкілдері осы көпірді жөндеу мәселесін қалалық төтенше жағдай комиссиясының отырыстарында бірнеше рет көтердік дейді. Нәтижесінде Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап, қазіргі уақытта аталған көпірді күрделі жөндеу үшін конкурс өткізуде.

Қалалық төтенше жағдай департаментінің жетекшілері қалалық және аудандық әкімдіктермен бірге Сайрам су өзенінің бойындағы қауіпті учаскелерді бетондау және жағалауды бекіту бойынша жобалық-сметалық құжатын дайындайды.

Цифрландыру – өрт сөндіру қызметінде

Төтенше жағдай департаментінде, сонымен қатар, ҚР Үкіметі бекіткен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы да жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда көпшілік қолданатын «2ГИС» бағдаламасын шымкенттік өрт сөндірушілер де өз қызметтерінде қолданады.
Осы бағдарламадағы Шымкент қаласының толыққанды картасында өрт гидранттарының орындары белгіленіп, енгізілген.

Шұғыл шақырылымдарға шыққан кезде өрт сөндірушілер осы карта бойынша өрт гидранттарын оңай таба алады. Енді бұл тиімді цифрлы қызметті жас мамандар әрі қарай жетілдіріп отыр.
Нақты айтсақ, Шымкенттегі №3 өрт сөндіру бөлімінің шығу аумағында 496 өрт гидранты бар. Бөлім қызметкері, азаматтық қорғау капитаны Роман Письменский осы гидранттардың барлығын арнайы тексеріп шығып, смартфонға «MapsMe» қосымшасы арқылы біртіндеп енгізіп шықты. Осылайша жас маман әріптестерінің жұмыс сапасының артуына үлес қосып отыр.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында халықтың цифрлық білімділігін 83%-ға арттыру жоспарланса, өрт сөндірушілер де осыған өз үлестерін қосуда.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.