Көлік кептелістері енді артта қалады Избранное

Пятница, 21 Февраль 2020 03:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 145 раз

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһарда құрылысы жүріп жатқан жолдар мен көпірдің жағдайымен танысты. Қала басшысы алдымен Алматы-Ташкент-Термез және Темірлан тасжолдарының қиылысындағы жолайрықтың оң жақ өткеліндегі құрылысы басында болды. Жолдың қалай салынып жатқаны жайлы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов баяндап берді.

AAA 4247

Жалпы Алматы-Ташкент пен Темірлан тасжолдарының қиылысындағы жолайрық құрылысы ІІ кезеңнен тұрады. Біріншісі 2018 жылы аяқталды. Оның құны 1,7 млрд теңге болды. Енді екінші кезеңнің жұмыстары жүргізілуде. Бұл құрылысқа 800 млн теңге қарастырылған. Былтыр соның 400 млн теңгесі игерілді. Ол Шымкенттің орталық мешіті – Ақмешіт пен «Бекжан» базарының тұсы. Келесі кезекте «Алаш» базары мен «Бипек авто» сауда үйінің маңындағы оң жақ өткел құрылысын 22 наурызға дейін аяқтау жоспарда тұр.

Жалпы жолдар 22 наурызда пайдалануға берілгенімен, жол өткелдерінің ресми ашылуы қыркүйек айына көзделіп отыр. Осының нәтижесінде Алматы-Ташкент және Темірлан тасжолдарының қиылысындағы бағдаршам алынып, ішкі жолдарға жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам орнатылады.

Қала әкімінің орынбасары Алматы-Ташкент, Қызылорда-Шымкент бағытындағы автомагистральді түйістірген жолайрық құрылысының екінші кезеңінде жерді босатуға байланысты біршама қиындықтардың болғанын жасырмады. Дегенмен проблемалар шешімін тауып, бүгінде жұмыс 90 пайызға біткен. Бұдан бөлек келешекте осы жолдардың бойынан жүргіншілер қауіпсіздігін сақтау мақсатында жерасты өткелдерін салу қарастырылған. Өз кезегінде шаһар басшысы алдағы уақытта Шымкент қаласына келіп-кететін қонақтардың көптігінен көлік кептелісі туындамас үшін осындай жолайрықтың маңызы зор екеніне тоқталып өтті.

Мұнан соң қала әкімі Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесінің қиылысындағы жерүсті жүргіншілер көпірінің құрылысын барып көрді. 2016 жылы басталған көпір құрылысы биыл 8 наурызда пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда мұнда бақылаушылардың сын-ескертпелеріне орай көпірдің кем-кетік жерлері жөнделуде. Көпір құрылысымен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы жүргіншілерге ыңғайлы жағдай жасау үшін өткелдің үстін жабу, эсколатор орнату сияқты идеяларды жүзеге асыруды ойластырып көретіндерін жеткізді. Сонымен бірге нысанды қараусыз қалдырмау мақсатында көпір айналасынан кәсіпкерлерге орын беріп, кофехана мен дәмханалар ашу жоспарда бар екенін тілге тиек етті.

Әкім обьездG

Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесі қиылысатын тұстағы жаңа көпір лифтімен жабдықталады. Қоларбағадағы мүгедек жандар лифт ішінде қозғалып, қиналмау үшін жеделсатыда бір бастан кіріп, екінші бастан шығатын екі есік болады. Дегенмен журналистердің бұл лифт те 18-шағынаудандағы көпірдің жеделсатысы секілді әркезде бір істемес пе екен деген сауалына әкім: «Жоқ олай болмайды, жаңа көпірдегі лифт әрдайым жұмыс істеп тұрады. Мен оған уәде беремін. Жалпы, өзімнің есебімде көтерген мәселелерді шешу үшін мүмкіндігіме қарай әр аптаның сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері осылай нысандардың құрылысын бақылап тұрамын. Сызбадағы жоспарлардың қазір нақты орындалып жатқанын көріп отырмын» деп жауап қайырды

Аталмыш жерүсті көпірінің құрылысымен мердігер компания «ҚазНұр-констракшн» ЖШС айналысуда. Жобаның жалпы құны 215 млн теңгеден астам қаржыны құрайды.
Қала әкімі осыдан кейін Қонаев даңғылын ұзартуға арналған жобаның құрылыс жұмыстарымен танысу үшін бұрынғы Түркістан моншасының орны болған жерден Тұрысов көшесін бойлай, Қошқарата өзеніне дейінгі жолды жаяу аралады. Осында құрылыс барысы жайлы арнайы стенд арқылы баяндалды.

Сонымен бірге қала басшысы өзімен тілдесуге келген бір топ шаһар тұрғындарымен де кездесті.
Мұндағы құрылыс бірнеше кезеңге бөлініп атқарылуда. Соның ішінде биыл І кезеңді аяқтау жоспарда тұр. ІІ және ІІІ кезеңдер де осы жылы басталады. Мәселен, екінші кезең Әйтеке би көшесіне жақын маң - «Ескі қалашыққа» дейінгі аралықта құрылыс жұмыстарын жүргізуді көздейді. ІІІ кезең Бадам өзені үстінен көпір салуға арналса, ІV кезеңде «Сәуле» шағынауданы тұсынан жол түсетін болады. Әрі қарай ол Ташкентке барар тасжолмен байланысады. Міне, осы құрылыстың бәріне шашамен 31 млрд теңге жұмсалмақ. Осы күнге дейін үш кезеңнің жалпы құны 12 млрд теңгеге жетті. Жоба аяқталған соң Қонаев даңғылы қосымша 18 шақырымға ұзарады. Ал жолды салып, толықтай бітіріп, пайданалуға тапсыру 2023 жылдың еншісіне қалып отыр.

Жоспар бойынша жол түсетін аймақта орналасқан 495 үй мен басқа да нысандар бұзылуы тиіс болса, әзірге 70 ғимарат қана сүрілген. Өз кезегінде тұрғындар қала басшысынан өтемақыны төлеуде қаржыны қыспай берсе деген өтініштерін білдірді. Оған әкім үйдің құнын бағалау жеке бағалаушы компаниялар тарапынан жүргізілетінін, соған қарай әкімдік де өтемақы құнын төлейтінін айтты. Сондай-ақ, заң бойынша мемлекет мұқтаждығына қарай үйлері алынатын азаматтарға тегін жер немесе жер телімінің нарықтағы құнына сай ақшасы бір берілсе, бұдан басқа үй салуға жұмсалатын құрылыс шығындары бөлек төленетінін мәлімдеді.

Осы аталған құрылыстың барлығы да Шымкент қаласының 2023 жылға дейінгі кешенді даму жоспарына сәйкес атқарылуда. Дегенмен шаһар басшысы айтқандай, үшінші мегаполистің 2012 жылғы бас жоспары қаланың бүгінгі даму тұжырымдамасына сәйкес келмейді. Сондықтан әкімдік бүгінде жоғары жақтан Шымкент қаласының жаңа нұсқадағы бас жоспарының келуін күтіп отыр.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.