«Тұранда» инфрақұрылым 2021 жылы толық шешіледі Избранное

Среда, 26 Февраль 2020 03:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3172 раз

Қалаға жаңадан қосылған елдімекендердің инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді.

1212122

Бірқатар шағынаудандарда әлі де өзекті мәселелер бар. Қала әкімінің есебінде «Тұран» шағынауданының тұрғындары инфрақұрылым жүйелері бойынша шағымдарын жеткізген еді. Сол шағымдарға орай қала әкімі Мұрат Әйтенов шағынаудан тұрғындарымен кездесті.

«Тұранда» бүгінде 1200 орындық мектеп және жол құрылысы жүргізілуде. Орталық көшемен қоғамдық көлік те қатынай бастады. Дегенмен...
Тұрғындарды газ, су, жарық жүйелері құрылысы алаңдатады. Елдімекен тұрғыны Яхия Қалходжаевтың айтуынша, біршама тұрғындар әлі де құжаттарын заңдастыра алмай жүр. Бүгінде электр жарығы, газ жекенің қолында. Мемлекеттік меншікке қашан өтетініне алаңдаулы.

Қалалық энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз қазіргі жұмыс барысынан хабардар етті. Яғни, бүгінде «Тұран» шағынауданын ауызсумен қамтамасыз ететін екі жоба жасалған. Бірінші жоба бойынша сатып алу конкурсы өткізілді. 2019 жылдан бастап құрылыс жұмыстары жүруде. Биылғы атқарылатын шаруаларға қосымша қаржы бөлінді. Екінші кезең бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.

Жағдаймен танысқан шаһар басшысы бұл жұмыстардың бәрі жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын айтты.

– Үш жылдық жоспар жасалды. Кәріз жүйесінен басқа аталған инфрақұрылым жүйелер құрылысы 2021 жылы толық аяқталады. Енді әр аудандағы өзекті деген инфрақұрылым мәселелерімен танысып шығамын, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, шаһар басшысы «Тассай» шағынауданы тұрғындарының да мұң-мұқтажын тыңдады. Ондағы тұрғындар қалдық суларды кетіріп, жол салып, жарық орнатып беруді сұрады. Мұрат Әйтенов жыл соңына дейін инфрақұрылым жүйелері ретке келтірілетінін айтты.