Құрылыс қарқынды, сапа соған сай болса... Избранное

Среда, 04 Март 2020 03:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 556 раз

Қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһарда құрылысы қарқын алған бірқатар нысандарды аралады. Мердігер компания өкілдерімен кездескен шаһар басшысы жұмысты жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді. Шымкент қаласында биыл 77 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Жұмыстар кестеге сай атқарылуы тиіс.

 DSC2865

Мұрат Дүйсенбекұлы алдымен «Нұрсәт» шағынауданында 21,5 га аумақта салынып жатқан көпқабатты үйлердің құрылыс барысын аралап көрді. Мұнда 8 үйдің құрылысы жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Арт Құрылыс» ЖШС-і. Компания басшысы Бекжігіт Төлендиевтің айтуынша, 2018 жылдан бастап салынып жатқан баспаналар биыл маусым айында пайдалануға беріледі.
Қала әкімі құрылысты өз мерзімінде тапсырылуын және сапалы атқарылуын ескертті.

– Бірінші кезекте сапаға мән беріңіздер. Өйткені, тұрғындардан сапаға қатысты шағым көп. Ең басты талап – осы. Біз құрылыс компанияларына әрдайым қолдау көрсетеміз. Сондықтан сіздердің тараптан да сапалы жұмысты талап етеміз. Қала экономикасының дамуында құрылыс саласының салмақты үлесі бар. Мегаполиске келетін инвесторлар да алдымен құрылыс барысына мән береді, – деді қала әкімі.
Шаһар басшысы «Тұран» шағынауданында «Shymkent» ӘКК» тапсырысымен салынып жатқан 8 тұрғын үйдің құрылысын да аралап көрді. Мұнда мердігер «Бек Строй Сервис» ЖШС жоспар бойынша жұмыс жүргізуде. Құрылысы 2018 жылы басталған тұрғын үйлер сәуір және маусым айында пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы «Тұран» шағынауданында құрылысы аяқталған 1200 орындық мектепте болды. Бұл білім ошағы төртінші тоқсанға балаларды қабылдауға дайын.
Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметовтың айтуынша, құрылысы биылға жоспарланған 77 үйдің 24-і кредиттік, 8-і арендалық баспаналар. «Тұран» шағынауданында 41 үйдің құрылысы жүргізіледі. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.