Ауқымды құрылыс алаңына айналған Шаһар Избранное

Пятница, 06 Март 2020 03:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 134 раз

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Тұран» шағынауданынан бой көтеретін көпқабатты үйлер құрылысының және шағынауданға тартылатын инфрақұрылым жүйелерінің жоспарымен танысып қайтты.

WhatsApp Image 2020-03-05 at 16.10.07

«Тұран» шағынауданындағы 197 гектар аумақта 384 көпқабатты тұрғын үй, 6 мектеп, 10 балабақша, 37 коммерциялық нысан, 3 әкімшілік ғимарат, 1 өрт сөндіру пункті салынбақ. Бұдан бөлек 30 гектар жерге этносаябақ бой көтереді. Осы аталған құрылыс нысандарының барлығын 2023 жылы салып бітіру көзделуде. Бұл үйлер кредиттік және арендалық баспаналар болады. Дәл қазір 88 үйдің жиырмасының құрылысы басталып кетті. Осы төрт орамдағы үйлердің барлығын келесі жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Құрылыстан бөлек Мұрат Дүйсенбекұлы «Тұранға» тартылатын инфрақұрылым жүйелерінің барысымен де танысып шықты. Биыл шағынауданға «Астана 2» қосалқы стансасы арқылы электр желісі тартылмақ. Кәріз жүйесін жүргізу де биылғы жоспарда тұр. Ал, магистральді су құбырын тарту 2 кезең бойынша іске асырылады. «Тұранға» жүргізілетін инфрақұрылымдардың ішінде табиғи газ да бар.
Қала әкімі содан соң «Асар 2» шағынауданында бой көтеріп жатқан мектептің құрылысымен танысты.

1200 орынға лайықталған білім ошағы жоспар бойынша биылғы жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс. Мұрат Дүйсенбекұлы құрылысты екпінді жүргізіп, мектепті жаңа оқу жылына қарсы бітіру керектігін айтты. Алайда қажетті инфрақұрылым жүйелерінің жоқтығынан бұл жоспар іске аспай қалатын түрі бар. Осыған байланысты қала басшысы барлық мүмкіндіктерді қарастыратынын, осы орайда алдағы аптада арнайы жиналыс өткізіп, мәселені шешудің жолдарын іздейтінін жеткізді.

Өйткені бұл осында салынған алғашқы мектеп болғалы тұр. Ол пайдалануға берілсе оқушылар «Асар 1» шағынауданындағы №89-90 мектептерге барып қиналмай, өзінің мектебінде оқитын болады.

Қос көпір көлік кептелісін азайтады

Мұнан өзге қала әкімі Шымкент қаласында құрылысы жүріп жатқан көпірлердің жұмыстарымен танысты. Алматы мен Ташкентті жалғайтын А-2 автомобиль жолының Бадам өзені тұсындағы ескі көпір бұзылып, оның орнына қазір жаңасы салынып жатыр. Бұл көпір негізінен Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізін байланыстыратын маңызды нысан саналады. Жоспар бойынша Ташкентке қарай бағыт алған ауыр жүк көліктері қаланың сыртымен, яғни А-2 автомобиль жолының бойында жатқан осы көпір арқылы жүретін болады.

Нысанның өзіне келсек, оның ені 11 метрді құрайды. Әрқайсысы үш жолақтан тұратын қарама-қарсы бағытта екі көпір салынады. Және адамдардың қауіпсіздігі үшін көпірдің екі жағынан да жаяу жүргіншілерге арналған жол түседі. Оның құрылысына 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Егер қосымша қаражат мәселесі шешілсе, мердігер компания көпірді биыл қыркүйекте аяқтауға уәде беріп отыр.

Мұрат Дүйсенбекұлын көпір құрылысына жұмсалған темір-бетон өнімдерінің өзімізден шығуы ерекше қуанышқа бөледі.
Әкім Ташкент бағытындағы қалаішілік тағы бір магистральді жолдың бойынан салынып жатқан Бадам өзеніндегі екінші көпірдің де жағдайымен танысты. Қала басшысы айтқандай, жаңа көпір мегаполистің оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын автокөлік дәлізіне айналады.

Бадамдағы көпір Қонаев даңғылын кеңейтуге арналған ауқымды жоспардың бір тармағы. Бұл жоспар іске асып, кең даңғыл жоғарыдағы А-2 автомобиль жолымен түйіскенде қаладағы көлік кептелісі мәселесі шешімін табады. Жаңа көпір биыл мамыр айының аяғына қарай пайдалануға беріледі деп отыр.

Сонымен бірге, қала әкімі Республика даңғылының орташа жөндеу жұмыстарының алдағы жоспарларымен танысты. Төрт жолақты даңғылдың біреуін көліктер тұрағына айналдыру көзделуде. Сондай-ақ, жолдың шетіндегі лотоктар жабық суағарларға алмастырылып, ал оның үстіне велосипед жолы салынбақ. Мұнымен қоса әбден тозған жаяу жүргіншілер жолындағы 13 мың шаршы метр тастөсеніштер жаңасына ауыстырылады.