Баға – бақылауда Избранное

Пятница, 20 Март 2020 18:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 833 раз

98

Қоғамда орын алған күрделі ахуалға байланысты «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов әлеуметтік азық-түлік бағаларын бақылау үшін «GraMad» сауда дүкенін аралады.

Бақылау жүргізудегі мақсат – қаладағы сауда орындарының азық-түлік бағаларын саралап, тауарлардың қымбаттауына жол берілген жағдайда тиісті органдарға хабарлап, негізгі себептерін анықтау.
Осы ретте Б.Нарымбетов сауда нүктелеріндегі тауарлардың бағасы мен қорын күн сайын әкімдік жанынан құрылған штаб бақылап отырғанын және қалалық партия филиалы мен қоғамдық кеңестің осы штабтың құрамына кіргенін жеткізді. Сондай-ақ ол елдегі төтенше жағдайға орай «Nur Otan» партиясы коронавируспен күрес шарасына 150 млн. теңге аударғанын айтты.
Әсіресе партия өкілі карантин жағдайында халықты үрейге бой алдырмауға және әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды. Сонымен бірге қоймаларда азық-түлік қоры жеткілікті екенін, сондықтан дүкен сөрелерінде тұрған тауарларды жаппай үйге тасып әкетудің қажеті жоқтығын ескертті. Оның пікірінше адамдар екі түрлі әрекетімен қоғамға зиянын тигізуде. Бірі тым үрейге берілгендер болса, екіншісі керісінше, бейғамдық танытқандар. Осылардың қатарында болмау үшін адамдар мемлекет орнатқан қатаң тәртіпке бағынуы керек. Тәртіптің арқасында бүгінде Қытай мен Оңтүстік Корея елдері коронавирус індетімен күресте жеңіске жетулеріне жақын қалды.
Жұқпалы дертпен күрес мақсатында партия мүшелері арнайы қорға бір күндік жалақыларын аударған. Ал, бақылау барысында «GraMad» сауда дүкенінде әлеуметтік азық-түлік бағаларының бекітілген шектен аспағандығы анықталды. Дегенмен, сатып алушылар санының өскенін қалалық «Nur Otan» партиясы жетекшісінің бірінші орынбасары қалыпты жағдай деп бағалады. Өйткені қазіргі таңда оқушылар да студенттер де үйлерінде демалыста. Осыған байланысты әрбір шаңырақта күнделікті азыққа деген қажеттіліктің артатыны белгілі.
Осы ретте партия мүшелері «Айна базар» сауда орталығындағы бағаларды да салыстырып көрді. Себебі, базардағы тауарлардың құнын жоғары жақтан ешкім бекіте алмайды, оны нарықтың өзі белгілейді. Бағаны қымбаттату үшін өзара келісіп алу да базарларда орын алады. Ал, Б.Нарымбетовтің мәлімдеуінше ел қиналып жатқанда осындай әрекеттерге бару қылмыс саналады. Сондықтан ондай оқиғалар анықталған болса, заң бұзғандарды әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр.
Күткендей-ақ «Айна базарда» халық тұтынатын негізгі азық-түліктер жабық сауда дүкендеріне қарағанда сәл қымбаттау бағада сатылып жатқандығы анық көрінді. Оның себебін саудагерлер маусымдық сұраныстың туындауымен байланыстырды. Жыл сайын осы мезгілде көкөністер, картоп пен басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының бағасы өседі екен. Өйткені ерте көктемде қыс бойы сақталған қор таусылуға жақындап, жаңа өнім базарларға түсе бастайды.
Десек те нарықтағы қымбатшылыққа алыпсатарлардың тигізетін кері әсері аз болмай тұр. Тауар тікелей өнім өндірушіден сатушының алдына барғанша бірнеше қолдан өтеді. Ал олардың тауар үстіне қоятын өзіндік пайызы болатыны белгілі. Сондықтан
Б.Нарымбетов арадағы алып сатарлар санын азайтудың жолдарын қарастыру үшін жоғары жаққа ұсыныс жолдайтынын жеткізді. Ендігі жерде «нұротандықтар» осы мәселеге тереңірек үңілу үшін қаладағы ауыл шаруашылығы өнімдерін көтерме бағада саудалайтын қос базарды аралап көрмек.

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Последнее изменение Воскресенье, 22 Март 2020 19:24