Версия для печати

Сая іздесең, ағаш ек Избранное

Пятница, 20 Март 2020 19:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5159 раз
Оцените материал
(0 голосов)

77

Наурыздың игі дәстүрін жаңғыртайық

Биыл коронавирус инфекциясының таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып, соның салдарынан әз-Наурызда мерекелік шаралар ұйымдастырылмайтын болғаны баршаға мәлім. Еліміз аман, халқымыздың бірлігі бекем болса, бұл қиындықтарды да еңсеріп, жаңару мен жаңғырудың бастауы болған көктем мерекесін әлі талай дүркіретіп тойлармыз. Ал, биылша Наурызды алаңдар мен қоғамдық орындарда атап өтпегенімізбен, ұлттық мейрамымыздың ең игі дәстүрлерін жалғастыруға мүмкіндік бар. Соның бірі – ағаш егу.

«Бір тал кессең – он тал ек» деген қағидаға сүйенген ата-бабаларымыз Наурыз мерекесін, ең алдымен, бұлақтардың көзін ашып, ағаш отырғызудан бастаған. ХХІ ғасыр жағдайында бұл дәстүрді сақтау мен жалғастырудың маңызы айрықша. Әсіресе, Шымкент сияқты күн санап өсіп келе жатқан, индустриалды дамуға бет алған қалада экологиялық ахуал қашан да өзекті.
Иә, жергілікті билік қаланы көгалдандыру мен абаттандыру ісіне ерекше назар аударып келеді. Мәселен, Шымкент қаласы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметі бойынша, өткен жылы қалада 16 168 түп ағаш пен 1 миллионнан астам гүл отырғызылған. Қазір шаһарда 125 көшені, Бадам, Қошқар ата өзендерінің жағалауын және «Асар» шағын ауданын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. 2020-2024 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасында көрсетілген мәліметтерге сәйкес, алдағы 5 жылда Шымкентте 3 тематикалық саябақ ашу жоспарланған. Мұнан бөлек қаланың солтүстік және батыс жағында Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесіне сүйене отырып жасыл белдеу құрылады. Оның аумағы кемінде 14 мың гектарды құрайды. Жалпы, алдағы 5 жылдықта 1 миллион түп көшет отырғызылып, Шымкент шын мәніндегі жасыл қалаға айналмақ.

Десе, де қаланы көгалдандыру тек әкімдіктің міндеті десек, қателесеміз. Қазақстандағы үшінші қаланың гүлденуі – шымкенттіктердің патриотизмі мен белсенділігіне байланысты. Туған жерге, өз қаламызға жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныту – перзенттік парызымыз. Ал, Наурызда осы парызды өтеуге мүмкіндік мол. Егер әрбір азамат өз үйінің іргесіне, ауласына немесе көшенің бойына көшет отырғызса, биылғы Наурыз да атаусыз қалған болмас еді.
Мағжан Жұмабаев өзінің ұлттық мерекеге арналған әйгілі мақаласында «Қазақтың Наурызы – тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып елге пайдалы игі іс жасайтын, халық болып бірігіп ұйымдастыратын мейрам ету керек» деп жазады. Өте орынды айтылған осы сөз арада ғасыр өткеніне қарамай өзектілігін жойған жоқ. Мағжан өсиет еткен игі істің үлкені – Наурызда ағаш отырғызу.
Ағаш отырғызуды арнайы мерекеге айналдыру әлемнің көптеген елдерінде кездесетін үрдіс. Мәселен, Италияда 1923 жылдан бастап 21 наурызда жаңару және табиғат мерекесі өтеді. Қытайда 1981 жылдың 12 наурызынан бастап 11 жастан 60 жас аралықтағы азаматтар 3-5 түп ағаш егуге міндетті. Америка Құрама Штаттарындағы барлық өңірлерінде 1872 жылдан бері ағаш егу дәстүрлі мерекеге айналған. Тайваньда 1927 жылдан бастап ағаш егуді ата салт санайды. Вьетнамда 50 жыл қатарынан бұқаралық ақпарат құралдары халықты жыл сайын ағаш егуге шақырады. Оңтүстік Корея мемлекетінде сәуір айының 5-і өкімет тарапынан заңдастырылған дәстүрлі түрде ағаш егу мерекесі болып бекітілген. Ал, бізге жаңадан мереке ойлап табудың қажеті жоқ. Тарихы сонау мыңжылдықтардың қойнауынан бастау алатын Наурыздағы игі дәстүрімізді сақтап, соны әрі қарай жалғастыра білсек болғаны.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде «Ақырзаман келіп тұрса да егер бойыңда ағаш егуге жетерлік күшің болса, онда ағаш ек» деген екен. Бұдан артық ағаш егудің маңыздылығын жеткізу мүмкін емес шығар. Олай болса, елімізге бір індет келді екен деп салымыз суға кетпей, Наурызда ағаш егуге асығайық.

 

 

 
Последнее изменение Воскресенье, 22 Март 2020 19:21