Сіздің қауіпсіздігіңіз – елдің қауіпсіздігі Избранное

Пятница, 27 Март 2020 04:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 249 раз

0a01bf25-9cbf-4a41-bda5-7e2384011f53

Шымкент қаласының әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВ тұрғындарға мәлімдеме жасады

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары!

Баршаңызға белгілі, 2020 жылдың 16 наурызы күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт
Тоқаев ел аумағында төтенше жағдай жариялады.
Сол уақыттан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігі короновирустың таралуын алдын алу бойынша бекітілген алгоритмге сәйкес жұмыстар атқарылуда.
ӨКІНІШКЕ ҚАРАЙ, ҚАЛАМЫЗДА КОРОНОВИРУС ІНДЕТІН ЖҰҚТЫРҒАН 2 АЗАМАТ ТІРКЕЛДІ.
Қазіргі уақытта олар
Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланып, ем қабылдауда. Жағдайлары тұрақты.
Бірінші науқас 18 наурыз күні сағат 17:30-да
Нұр-Сұлтан қаласынан «Нұр-Сұлтан-Жетісай» бағытымен жүретін автобуспен 51 адаммен бірге келген.
20 наурыз сағат 23:30-да 4 азамат Шымкент қаласы
«Бекжан» автовокзалынан түсіп, үшеуі Түркістан қаласы бағытына жолға шыққан. Ал біреуін әкесі өз көлігімен үйіне жеткізген. Қалған 47 азамат Жетісай бағытына сол автобуспен сапарын жалғастырған.
Ал жаман індетті жұқтырған азамат 23 наурызға дейін үйінде өз бетінше ем қабылдаған. Ауруы асқынғаннан кейін жергілікті амбулаторияға жоғары дене қызуымен, бас ауруымен, жөтелмен шағымданып барған.
Нәтижесінде осы азамат отбасымен стационарлық бақылауға алынды. Аталған азаматтың анасынан тест анализі алынып, оң нәтиже көрсетілді.
Шұғыл түрде науқастармен қарым-қатынаста болған 2 медицина қызметкері отбасыларымен және әлеуетті қатынастағы 5 азамат оқшауланып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан-Шымкент қалалары мен Түркістан облысындағы аталған азаматпен байланыста болған барлық азамат оқшауландырылып, бірлескен шаралар ұйымдастырылуда.
Қазіргі таңда індеттің алдын алу мақсатында Шымкент қаласында үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді.
Қауіпсіздік шаралардың негізгі бағыттарына тоқталып өтсем:

БІРІНШІДЕН,
қалаға кіретін азаматтардың денсаулығын тексеруден өткізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кіреберіс жолдарға 12 санитарлық бекет қойылды.
Бұған дейін теміржол вокзалы мен әуежай да санитарлық бақылауға алынған.

ЕКІНШІДЕН,
қаладағы базарларда, сауда орталықтарында, автобустарда, қоғамдық орындарда және басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерде дезинфекциялық жұмыстар күніне 2 рет жүргізілуде.

ҮШІНШІДЕН,
барлық қоғамдық орындарға бетпердемен кіру міндеттелді.
Бетпердемен қамтамасыз ету үшін жергілікті кәсіпкерлермен бірге күніне 100 мыңнан астам медициналық бетперде тігіліп, қала аумағындағы дәріханалар мен базарларға жеткізілуде.
Сонымен қатар, «ОРДАБАСЫ» индустриалды аймағындағы антисептик өнімдерін шығаратын кәсіпорын күніне 4 тонна залалсыздандыру өнімдерін шығаруда.

ТӨРТІНШІДЕН,
қауіпсіздік мақсатында қала аумағындағы оқу орындарының барлығы демалысқа шығып, қашықтан оқыту жүйесімен жұмыс жасауда. Ал 26 наурыздан бастап балабақшалардың барлығы жұмысын тоқтатады.
Сонымен қатар қаладағы тойханалар, ойын-сауық орындары толығымен тоқтатылып, сауда орталықтары мен мейрамханалардың жұмыс уақыттары шектелді.

БЕСІНШІДЕН,
Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұру бойынша арнайы штаб құрылып, азық-түліктің бағаларына күнделікті мониторинг жүргізілуде.
Бүгінгі таңда АСА ҚАЖЕТ 19 АЗЫҚ-ТҮЛІК түрінің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін 3 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды.
ШЫМКЕНТТЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ. БАҒА БАҚЫЛАУДА. СОНДЫҚТАН, АЛАҢДАУҒА ЕШ НЕГІЗ ЖОҚ.

АЛТЫНШЫДАН,
15 наурыздан бастап
Шымкенттегі автовокзалдардан қалааралық бағыттағы автобустар мен 22 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен
Алматы қалаларына автобус бағыттары шектелді.
Бүгіннен бастап автобекеттердің жұмысы толығымен тоқтатылды.
Төтенше жағдай жариялануына байланысты бүгінде қоғамдық көліктер бағытының 25 пайызы уақытша қысқартылды.

ЖЕТІНШІДЕН,
Қала аумағында коронавирус инфекциясының жаппай таралу қаупі анықталған жағдайда әрекет етудің алгоритмі жасалып, науқастарды жатқызатын 170 орынды инфекциялық стационар құрылды.
Бұдан басқа 680 орынды провизорлы және 1500-ге жуық орынды карантин стационары дайындалды.
Бүгінгі таңда медицина қызметкерлерінің жұмысына қажет құрал-жабдықтар мен дәрілер толығымен жеткілікті.
Қажет болған жағдайда бұдан басқа да бекітілген алгоритм бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бүгінгі таңда қаланы толық карантинге жабуға негіз жоқ. Мәселе менің жеке бақылауымда.
Қала тұрғындарын ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында байланыс орталығы құрылды.
Қазіргі таңда қала тұрғындары денсаулық сақтау министрлігі ұсынған алдын алу шараларын қатаң қолдануымыз қажет.
Төтенше жағдайда әр тұрғынның қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан бәріміз арнайы талаптарды сақтауға міндеттіміз.
Құрметті жерлестер!
Төтенше жағдай кезеңінде барлық сақтық шараларын қолданып, өздеріңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін үйлеріңізде болуды сұраймын. Барлық жағдайларға түсіністікпен қарауларыңызды өтінемін.
Біз біргеміз! Сіздің қауіпсіздігіңіз – елдің қауіпсіздігі! Осыны естен шығармауымыз керек. Біз коронавирустың белең алуына жол бермеу мақсатында барлық күш-жігерімізді салып жұмыс істейміз.
Ел аман, жұрт тыныш болсын! Бұл қиындықтарды жеңетінімізге сенемін.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.