Азық-түлік қоры жеткілікті Избранное

Среда, 01 Апрель 2020 06:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2684 раз

dc093c68-3032-4329-a3d8-cfdc10d55161

Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу шаралары жан-жақты қарастырылуда.

Дәл қазіргі күні қаланың тұрақтандыру қорында 9 250 тонна азық-түлік бар. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов баспасөз мәслихатында мәлім етті. Үшінші мегаполисте азық-түлік бағасын тұрақтандыруда билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар қандай?
Елімізде коронавирусқа қарсы енгізілген төтенше жағдай алдымен бағаға әсер еткені жасырын емес. Бұл үшінші мегаполисте орын алды. Күнделікті тұтынатын картоп, пияз, сәбіз, тіпті нан бағасы көтеріле бастады. Сондай-ақ, тұрғындар базар мен ірі сауда орындарынан қажет деген тауарларды қабымен алып, қор жинақтауға әрекет етті. Дегенмен, жергілікті билік дүрлігуге негіз жоқ екенін айтады.
– Шымкентте азық-түлік қоры жеткілікті. Ал бағаның өсуі жылдағы үрдіске сай көктемгі құбылыс. Өйткені, қыс бойғы өнімдердің қоры азайып, жаңасына қол жеткенше бағада жылда осындай өзгерістер болып тұрады. Қазіргі таңда, қалада тұрақтандыру қорында 2 млрд 200 млн теңге бар. Оның 900 млн теңгесіне «GraMad» компаниясымен келісімшартқа отырдық. Тұтынуға қажетті деген 11 тауар түрін компания бір жыл бойы біз қойған шекті бағасынан асырмайды. Азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұруда осындай жолдар қарастырылып жатыр, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары
М. Исахов.
Сонымен, қала тұрғындары «GraMad» гипермаркетінен күріш, ұн, нан, қант, қарақұмық, макарон өнімдері, күнбағыс майы, көкөністерден: қырыққабат, картоп, пияз, сәбізді төмен бағада сатып алуына мүмкіндіктері бар.
Жауапты басшы айтқан тағы бір жаңалық – осы аптадан бастап тұрақтандыру қоры 4 тауар түрін сатып алуға келісімшарт жасасқан. « 6 мың тонна ұн, 2 мың тонна қант, 1000 тонна макарон, 250 мың литр күнбағыс майын сатып аламыз. Осы себепті, тұрғындарға «азық-түлік таусылып қалады» деп дақпырт жасап, қорқуға негіз жоқ» деп отыр жауапты басшы. Ал түзілген келісімшарт аясында тауарлар «Gramad» ЖШС-нің 2 супермаркетінде, 4 базар және 44 бөлшек сауда дүкендерде төмендетелген бағамен тұрғындарға сатылатын болады.
Алдағы кезекті жұмыс – нан бағасының көтерілуіне жол бермеу. Бүгінгі күні қордан арзандатылған бағамен наубайханаларға ұн таратылады. Сондықтан нан бағасы 75 теңгеден аспайтын болып келісіліп отыр.
Айта кетейік, Ауылшаруашылығы министрлігі 22 наурыздан бастап елімізде ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету мақсатында ұн, қарақұмық, қант, картоп, сәбіз, пияз, қызылша, тұрып, қырыққабат, күнбағыс май, күнбағыс тұқымын экспортқа шығаруға тыйым салды. Жергілікті билік бұл шараның азық-түлік бағасының тұрақтануына оңды әсер ететінін айтады.

 

Последнее изменение Среда, 01 Апрель 2020 07:22
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.