Бекеттерден тіршілікті қамтамасыз ететін көліктер мен транзиттік машиналар кедергісіз өтуі керек. Бұл туралы Шымкенттегі бірқатар бекетті аралап шыққан қала әкімі Мұрат Әйтенов айтты.
Әкім халықаралық маңызға ие «Ташкент – Алматы – Термез» тасжолындағы «Ақжар», «Шымкент – Самара» бағытындағы, қаладан Түркістанға шығатын «Бадам» бекеті мен Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізіне қосылатын «Бозарық» бекеттерін аралап көрді.
Мұрат Дүйсенбекұлы бірінші кезекте барлық бекеттерде «жасыл дәліз» ұйымдастыруды тапсырды. Ол жерден тіршілікті қамтамасыз ететін көліктер, азық-түлік тасымалдаушы машиналар мен транзиттік жүк көліктері, басқа да арнайы техникалар кедергісіз өтеді.
Көлік жүргізушілері мен салондағы жолаушылар міндетті түрде тіркеуге алынып, медициналық құрылғымен тексеріліп өткізіледі. Блок-бекеттерде медициналық қызметкерлер мен құзырлы орган өкілдері, әкімшілік қызметкерлері ауысыммен тәулік бойы қызмет атқаруда.
Мұрат Әйтенов блок-бекеттерде тұрған жолаушыларға шектеу кезіндегі талаптарды сақтап, үйлеріне қайтуға кеңес берді. Өйткені қала аумағы үлкен, миллион халқы бар. Оған қоса шектеу қойылған күннің өзінде қала арқылы арлы-бері 200 мыңға жуық халық қатынайды екен.
Шымкент тоғыз жолдың торабында жатыр. Сондықтан қала әкімі қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуге шақырды. Қазір қалада 18 блок-бекет тәулік бойы жұмыс істеп тұр.