Карантиндегі қала

Среда, 08 Апрель 2020 05:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2553 раз

56678

Шымкентте 4 сәуір күні сағат 21:00-ден бастап карантин режимі енгізіліп, тұрғындар мен көліктің барлық түріне Шымкент қаласынан шығуға және қалаға кіруіне тыйым салынды.

Қазіргі таңда қалаға кіретін жолдарда 18 блок-бекет орналасқан. Онда полиция департаментінің қызметкерлері мен дәрігерлер, ҚР Қарулы күштерінің сарбаздары мен прокуратура өкілдері жұмыс істеп тұр.
– Блок-бекеттердің әрқайсысы бейнебақылау камералары және дрондармен қамтылған. Солардың нәтижесінде тәртіп бұзбақ болғандар анықталды. Мысалы, карантин жарияланғаннан кейін 2 күн ішінде бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзудың 3 жағдайы тіркелді. Ол азаматтар тәртіп сақшыларының нұсқауына бағынбай, блок-бекеттен заңсыз өтпек болған. Осы фактілер бойынша ҚР әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 476-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Ол бапта ескерту, 10 АЕК көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу шарасы қарастырылған, - деп мәлімдеді Шымкент қалалық полиция департаментінің өкілі Ержан
Пайызбеков.
5 сәуірден бастап қаланың орталық даңғылдарында, ірі көшелердің қиылыстарында 19 полиция бекеті жұмыс істеуде. Онда инспекторлар әр автокөліктегі жүргізуші мен жолаушының жеке құжаттарын, қалада жүру себептері мен жол жүруге рұқсат қағаздарын тексереді.
– Азаматтардың қала аумағында себепсіз жүргені анықталса, алдымен ескертіледі. Егер оған құлақ аспаса, айыппұл салынады. Себебі, карантин кезінде адамдар мен автокөліктердің қозғалысы шектелуі тиіс. Айта кетейік, қала тұрғындарының кейбірі қолдан жасалған анықтамаларды пайдаланбақ болған. Ал заңды анықтамада қызметкердің ЖСН-і мен аты-жөні, мекенжайы, жұмыс орнының заңды мекенжайы мен БСН-і, мекеме басшысының немесе кадр бөлімінің ұялы телефоны немесе жұмыс телефоны көрсетіліп, мөр басылуы тиіс. Полицейлер сол телефонға қоңырау шалып, бұл азаматтың сол жерде жұмыс істейтінін анықтайды, - дейді Ержан Пайызбеков.
Жалпы, бүгінге дейін полицейлер карантин тәртібін бұзуға қатысты 609 әкімшілік хаттама толтырған. Соттың шешімімен 22 азамат әкімшілік қамауға алынып, 4 азаматқа айыппұл салынды.

 

Блок-посттар 5


Шымкентте карантин жарияланғаннан бері 18 блок-бекеттен ұзын-саны 1518 автокөлік пен 2958 азамат тексеріліп, қаладан шықты. Ал 1444 көлік қала аумағына кірген, ондағы 2486 адам біртіндеп тексерілді. «Одан бөлек, қаулы бойынша транзиттік көліктер де қала арқылы өте алады. Кешегі күнге дейін 2010 жүк көлігі, ондағы 3520 адам тексеріліп, қала аумағы арқылы өткен. Ал жалпы саны 8117 көлік тексеріліп, бірақ, рұқсаты жоқ болғандықтан, блок-бекеттерден өткізілмеді», деп хабарлады тәртіп сақшылары.
– Қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан блок-бекеттің жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 18 жедел медициналық жәрдем бригадасы, бастапқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарынан орта буында 45 медициналық қызметкер жұмылдырылған. Шаһар аумағындағы барлық емханалардағы фельдшерлер мен дәрігерлер, медбикелер жұмыс істеуде, - деп мәлімдеді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызы.
Блок-бекеттердегі медициналық пункттердегі мамандар жалпы 52 сымсыз термометрмен, обаға қарсы 71 костюм жиынтығымен жабдықталған. Әр бригада тәулік бойы кезекшілікте тұрып, жұмыс істеуде.
– Блок-постта 24 сағат бойы жұмыс істеп, қазір үйге қайтып келген бетім осы, - деді біз қоңырау шалған фельджер Нұрдәулет Тұрғанбек. – Бір бекетте №11 емханадан мен және дәрігер бар. Оған қоса қалалық жедел жәрдемнің 3 адамдық бригадасы да кезекшілікте тұрады. Қалада қосымша шектеу шаралары енгізілгенге дейін Шымкентке кірген-шыққан адамдардың дене қызуын өлшеп, мәліметтерді жазып алып жүрдік. Ал 31 наурыздан бастап арнайы ережеде көрсетілген адамдар ғана кіреді.
Нұрдәулеттің айтуынша, қосымша шектеу шаралары енгізілген түні блок-посттарға адамдар көп жиналып қалғанымен, бүгінгі таңда күнделікті хабарландырулардың нәтижесінде қалаға кіріп-шыққысы келгендер саны азайған. Жас маман кезекшілік кезінде денсаулығы нашарлап кеткен нәрестелер мен ересектерге сол жердегі жедел жәрдем бригадасы көмектесіп, қажет болған жағдайда ауруханаға жеткізілетін айтты. Ал жуырда жүкті келіншектің толғағы келіп, полиция қызметкерлерінің алып жүруімен перзентханаға жеткізілді.

 

Последнее изменение Среда, 08 Апрель 2020 06:13
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.