Өзбектер балаларын қалай тәрбиелейді?

Среда, 08 Апрель 2020 05:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3070 раз

maxresdefault

Бірер жыл бұрын, еңбек демалысымда емделейін деп, жеті күнге отбасыммен бірге, Өзбекістанның Ферғана облысындағы емдік шипажайына бардым.
Кеңес өкіметінің кезінен бастап қызмет көрсететін санаторий екен. Тура тоқсаныншы жылдарға тап болғандай күйге ендім. Әлгі шипажайда Ленин мен Сталиннің портреті жоқ демесең, қалғанының бәрі кеңестік кезеңнен қалған дүниелер.

Қарабайыр тірлік, қарапайым халық. Таңғы алтыдан өзбек ағам санаторийдің ауласына су сеуіп, сыпырудан бастайды. Шипажайдың маңы толған дәмхана. Палаудың түр-түрі. Қойдың майлы құйрығы қосылған тандыр самса. Кәуәптің алуан түрі. Қалаған балығыңды қуырып береді. Такси тегін десе де болады.
Жанында жайма базары бар. Құдай салмасын, қолдан жасалған дүниенің барлығы өзбекте ме деп қалдым. Өзбек халқын қол
өнердің хас шебері десем артық емес.
Қолдан тігілген ұлттық шапандар мен мәсілер, саз балшықтан жасалған түрлі ыдыс-аяқ. Қолдан соққан пышақтың неше түрі, тігілген сан алуан бас киімдер. Аяқ киімнің түр-түрі. Бағасы анағұрлым арзан. Халыққа қолжетімді бағада сатылады. Ел соны алып, кәдімгідей тұрмыстарына пайдаланып жүр.
Байқағаным, қолөнер өзбек ағайындарда ерекше дамыған екен. Атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіптің түрі өте көп. Емнен соң, уақытымды бос өткізбейін деп, төрт күннен бері бауырымдай болып кеткен таксист Хәкім әкәға «маңайдағы шеберханаларды аралатшы» деп өтініш білдірдім.
Өнеге болсын деген ниетпен балаларымды ертіп алып, кәсібін дөңгелетіп отырған өзбек ағайындардың шеберханаларына бас сұқтым. Бір шебер шапан тігудің қыр-сырын шәкіртіне үйретіп жатыр. Бір ұстаз шеберханасында төске қойған шәкіртінің қолындағы қып-қызыл темірді балғамен қамырдай илеп, пышақ жасап жатыр.
Терінің иісі мүңкіп тұрған бір шеберханасында жас жігіттер тері илеп әлек. Келесі есігіне кірсем, ала тақия киген ағам, жастарға аяқ киім тігудің қыр-сырын меңгертіп жатыр. Енді бір есігіне бас сұқсам, сазды қолымен илеп тұрған қарт кісі, құмыра істеп жатқан жас балаға өз ақылын айтып отыр. Не деген берекелі кәсіп бұл.
Дәмді палаудан дәм татайық деп бір үлкен үйдің ауласына кірсек, дәмхана екен. Қаздай тізіліп, қаз-қатар тұрған жас аспаздар бірі сәбіз турап, бірі пияз ашып, енді бірі майға ет қуырып әлек. Бос отырған адам көрмейсің. Жәй отырғанның өзі, күріштің күрмегін тазалап отыр.
Басында ала тақиясы бар ақсақал, оркестірді бір шыбықпен айдаған дирижердай, бәрін ыммен басқарып отыр. Бұл аты шулы Тәшмәт әкәнің палауханасы, мынау молодой поварлар, сол кісінің шәкірттері. Ферғанаға келген меймон бұл жерден дәм тотпай кетпейді, Моқсот акә – деп, Алладиннің құманын тапқандай, таксистім маған қарап мәз.
Дәмді палау келе бергені сол еді, оң қолын кеудесіне қусырып «Ас болсын қозоқ меймонлар» деді қаба сақал қарт кісі. Біз де құр қалмайық деп, қуыс кеудемізге қолымызды қусырып жатырмыз.

 

depositphotos 97300918-stock-photo-the-pilaf-is-readya54f4a62e0ece0ade7324ecb92ade543


Сәуірде жерді жарып шығатын, көктемнің иісіндей, сендерден берекенің исі аңқып тұр. «Осының сыры неде?» деп Хәкім әкәмә қарадым.
«Моқсот әкә! Бізде балиғат жасына толған баланы, бос сөз, әдепсіз әзіл-оспақ, әжуәмен құр уақытын өткізбесін деп, қабілетіне қарай ұстазға береді. Ұстаз бізді кәсіпке баулиды. Біріміз шапан тігеміз, біріміз пышақ соғамыз, құмыра жасаймыз, енді біріміз Тәшмәт әкәнің молодой поварларындай палау басуды үйренеміз.
Кәсіпті игеріп болғанда, ұстаздарымыз айтады. Сен дайынсың. Өз кәсібіңді ашсаң болады-деп. Енесінен айырған қозыдай, ұстаз бізге өз кәсібімізді ашуымызға рұқсат береді.
Содан біз ұстаздың ықыласы үшін, үйімізге ауқат жасап, ұстазымызды қонақ қыламыз. Иығына ала шапанымызды жауып, ұстаздан бата сұраймыз. Ұстазымыз: «Я Робби, мен бұл шәкіртіме разымын, Әлемдердің Раббысы сенде разы бол. Бұның кәсібіне берекеңді бер»– деп бата қылған соң ғана біз іс бастаймыз», деді ол.
…Мен ойлаймын, біздің ұлы өзбек халқының берекесін Жаратқан Жаббар Иеміз ұстаздарымыздың батасына жасырған секілді – дегенде, төбемнен жай түскендей әсер етті. Хәкім таксистен осындай сөз шығады деп мен ойламаппын.
Шипажайға барғанша бағанағы Хәкімнің сөзі ойымнан кетер емес: «Берекені ұстаздардың батасына жасырған шығар».
Ынтымақ түбі ырыс-дегендей, Кәсіп түбі де – береке. Бай болу үшін кәсіп керек. Кедейліктің қамытын шешетін, тек адал кәсіп қана. Кәсіп болғанда да, ұстазыңның батасын алған кәсіп. Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас-деген. Кім біледі? Жарымай жүргенімізде: «Кәсіп жоқтай, оны үйрететін ұстаз таппай» бейғам жүргенімізден емес пе екен?

Түбі бір туысымыз, байырғы көршіміз ала топылы ағайында «бәрі жақсы, бізде жағдай нашар» дегеннен аулақ болуы керек. Ұрпағын кәсіпке баулуда біздің аталарымыздың тәжірибесінің ешқандай ұлттан кемдігі жоқ. «Қазақтың кім екенін білгің келсе, мамыр өте Мәртөбеге кел» деген қанатты сөз бар. Ел басшылары үш жүздің игі жақсыларын, батыр, бай, бағланын жинап келелі кеңес өткізген. Кімнің қай жақты жайлап, қай жақта қыстайтындығы шегеленіп, мемлекеттік мәселелерді сол жерде шешкен. Ордалы елдің кәсібі - төрт түлікке байланысты болғандықтан жастар соны күтіп-баптауға мамандандырылған еді. Бүгінде жағдай өзгеше. Қоғалы көлдер суалып, жайылымдық жер тарылды. Ірі байлар сатып алды.
Ең үлкен қасірет – бодандық қамытын киген ел әдемі салт-дәстүр, мәдениетінен ажыратылды. Үлкен тұрып кіші сөйлейтін халге жеттік. «Әйелге теңдік берілсін» деген көрші елдің құлдық психологиясын қыздарымызға жұқтырдық. Сан түрлі нәубеттен өз елімізде азшылыққа айналдық.
Ал, өзбек халқы қашанда тығыз, отырықшы ел. Ақсақалдарының айтқаны заң. Өздерінің де кәсіпке бейімі табиғатынан бар.
Оларда солай екен, біздің қолдан келмейді деп тұлыпқа мөңіреген сиырдай отыра беруге болмас. Олар істеген кәсіп қазақтың да қолынан келеді. Оған мың мысал бар.
Бірақ, ішімізде «Үкімет өлтірмейді» дегенді малданып жүргендер әлі де жетеді. Бұл – мысалдық пиғыл. Енді оған оралуға жол жоқ. Қарны ашқанға балық бермей қармақ беру – «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкентаның» кредосы.
Өздігінен кәсіп ашуға талпынғандарды қанаттандыратын мақалалар топтамасы үнемі шығып келеді. Шағын кәсіпкерлікті ынталандыратын мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Еріншектікті, жалқаулықты иығыңыздан сыпырып тастап, кәсіп ашамын десеңіз қос газет досыңыз.
Заман түзеліп келеді. Тұтас махаллаға билігі өтетін өзбек ақсақалдары сияқты біздің аталарымызда қарап қалмас. Кетпеннің сабынан қарауыл қарайтын уақыт бізге қол емес.
Тірлігі барлық тынысы бар. Ал, өнерліге өріс кең...

 

Мақсат СҚАҚОВ,
Фейсбук парақшасынан

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.