табиғат зауалын жоюға жұмыла кірісті

Пятница, 17 Апрель 2020 02:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 388 раз

IMG-20200413-WA0088

Сәуір айының алғашқы күндерінде орын алған қолайсыз ауа райының салдарын Шымкенттің коммуналдық шаруашылық қызметкерлері әлі жоюмен келеді.

Естеріңізде болса, сәуірдің 8 күні жаңбыр жауып, күн суытып, соңы қарға ұласқан болатын. Сулы қардың салмағын көтере алмаған тал-теректердің бұталары сынып, кейбір ағаштар тамырымен құлады. Соның кесірінен қалада апатты жағдай орын алды. Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, сол күнгі жауған қардан 1202 ағаш құласа, 14 761 тал-теректің бұталары майысып сынған.
Табиғаттың тосын мінезі қаладағы электр жүйелеріне де зақым келтірді. Ағаштардың құлауынан көше бойындағы бағаналардың электр сымдары үзіліп, 8 мың абонент жарықсыз қалды. Коммуналдық шаруашылыққа жауапты мекеменің мәліметі бойынша, қаладағы 483 жерде электр сымдары үзіліп, электр трансформаторлары істен шыққан 45 жағдай тіркелген. Арада екі күн өткен соң апаттар қалпына келтіріліп, шағынаудандардың басым бөлігіне жарық берілді. Дегенмен кейбір көше тұрғындары көпке дейін жарықсыз отыруға мәжбүр болды. Жарықсыз қалған көшелерді электр жүйесіне қосуға «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нің апатты бригадасы жұмыла кірісті.
Жауын-шашынның салдарынан қалада мұнан өзге де апатты жағдайлар туындаған. Басқарманың келтірген дерегіне сүйенсек, шаһардың 18 аумағында су тасу оқиғасы орын алған. Апатты жою мақсатында «ЛТД Тұрмыс», «ЮгДорСервис», «Бәйтерек Л.Б» ЖШС-лардың бригадалары жедел іске кірісіп, нәтижесінде 940 текше метр су сорылды.
Табиғат құбылысынан келген осындай зардаптарды жоюға коммуналдық шаруашылық қызмет саласы бар күш-жігерді жұмылдырып, жұмыс жүргізуде.
Ал, «Қазгидромет» РМК-нің инженер синоптигі Арайлым Маханованың айтуынша, сәуірдегі қардың жаууына солтүстік-батыстан келген суық ауа ағымдары әсер еткен. Соның салдарынан 8 сәуір күні күндіз жаңбыр жауып, түс қайта ол жылбысқы қарға айналды. Сол күнгі түнгі температура -1 көрсетсе, 9 сәуірде түнгі ауа температурасы -2 градусқа дейін төмендеді. Қардың қалыңдығы 22 см.--ге жетті. Маман мұндай күннің күрт суытуы сәуір айында бұдан былайғы күндерде болмайтынын болжап отыр. Алдағы аптада күн ашық әрі жылы болмақ. Күндізгі температура 20-24 градусқа дейін жылиды.