Індет агросекторға қолбайлау емес Избранное

Пятница, 17 Апрель 2020 02:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1824 раз

855

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Егістіктен тікелей сауда орнына» атты арнайы жоба жүзеге асырылмақ. Ол Шымкент қаласында мамыр айында қолға алынады. Жобаға сәйкес шаһарда бірнеше сауда орталығы құрылады. Онда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер тауарларын делдалсыз саудалайтын болады. Бұл жергілікті нарықта әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасын арзандатуға септігін тигізбек.

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек аталмыш жобаны жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысының тиісті сала басшылығымен екіжақты меморандум түзілген. Жоба аясында әлеуметтік дүкендердің жұмысы қайта қолға алынады.
Қазіргі уақытта қаланың іргесіндегі ауылдарда көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бастапқыда Шымкентке кіреберіс жолдардағы бақылау-өткізу бекеттерінде шаруалардың кіріп-шығу мәселесі қиын болған.

Қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтің айтуынша, бүгінде бұл проблема шешімін тапқан. Яғни шаруалар бақылау-өткізу бекеттерінен кедергісіз өтуде. Мәселен, Шұбарсу елдімекенінің диқандары қаланың әуежай маңындағы егістік жерлеріне алғашқыда бара алмаса, қазір тиісті құжаттардың арқасында оларға қала аумағына өтуге рұқсат берілді.
Карантин кезінде мемлекет тарапынан шаруаларға қолдау артқан. Оған дәлел, жанар-жағармайдың 1 литрі 174 теңге болса, ол бүгінде 160 теңгеге арзандатылды. Мегаполистің шаруа қожалықтарына 1250 тонна солярка бөлінген. Ол қажеттілікті өтеуге толық жетеді. Қазіргі таңда 400 тоннадан астам жанар-жағармай босатылды. Диқан қауымы солярка алу үшін Qoldau.kz порталына тіркеліп, өтініш тастау керек. Сонымен бірге шаруаларға 5 пайыздық мөлшерлемемен 500 млн теңге арзандатылған несие беру қарастырылған. Асқар Сәкенұлының мәлімдеуінше көктемгі дала жұмыстарын атқаруда техника жетіспеушілігі мәселесі туындап отырған жоқ.
Індетке қарамастан биыл ауыл шаруашылығы саласында үлкен жоспарларды іске асыру мақсаты қойылып отыр. Соның бірі – осы жылы егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1 мың гектарға артып, жалпы 27,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. Жоспар бойынша биыл 9 мың гектарға дәнді дақылдар, 2,8 мың гектарға майлы дақылдар, 1,5 мың гектарға көкөніс пен бақша, 0,1 мың гектарға картоп, 3,2 мың гектарға мал азықтық дақылдар егу межеленуде. Өнімділікті арттыру үшін минералды тыңайтқыштар құнын субсидиялауға 105,1 млн теңге қаралған. Осы күнде шаруалар субсидия қаражатын ала бастады. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда мегаполисте 183,5 гектар жылыжай бар. Биыл оның көлемін қосымша 30 гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Ал өткен жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласынан түсетін табысты жыл соңына қарай 1,6 млрд теңгеге арттырып, агросектордағы жалпы табыс көлемін 11 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.

 

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.