Версия для печати

SHYMKENT: Қала құрылысы қарқынды Избранное

Среда, 29 Апрель 2020 00:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3006 раз
Оцените материал
(0 голосов)

5d42ae8516194

Төтенше жағдайға байланысты карантин жарияланғанына қарамастан, шымкентте қала шаруашылығы тоқтап тұрған жоқ. Мегаполистегі жұмыс жалғасуда. Сондай саланың бірі – құрылыс саласы

ҚАСБЕТТЕР ЖАҢАРУДА

Оған қала көшелерін аралап шықсаңыз, көз жеткізесіз. Әсіресе, Шымкенттің орталық көшелерінің бірі – Республика даңғылының бойы анағұрлым өзгеріп қалды. Тіпті, карантиннен кейін көшеге шыққан тұрғындар танымай да қалуы мүмкін. Даңғыл бойындағы көпқабатты үйлердің қасбеті жөнделіп, барлығы бір келбетке еніп қалған.


Көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жаңартып, қажет болса жөндеу жұмыстары ақпан айының соңында басталды. Бұл – Шымкенттің 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы атануына орайластырылған ауқымды шараның бір бөлігі болатын. Өкінішке қарай, әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы мәдени-көпшілік іс-шараларды былай қойғанда, күнделікті өмірімізге өзгеріс алып келді. Салтанатты жиындар мен қоғамдық іс-шаралар тоқтады.


Өтенбаев Ғалымжан 1

Дегенмен, бірқатар жұмыспен бірге осы тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары да карантин кезінде аяқсыз қалмады. Қалалық құрылыс басқармасының бақылауымен басталған жоба межесіне жетті, деп мәлімдеді басқарма мамандары.


 – Өздеріңізге белгілі, Шымкенттің ТМД елдерінің мәдени астанасы атануына орай жыл басынан қаламызда ілкімді істер мен ауқымды жобалар қолға алынған, – дейді Шымкент қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Өтенбаев. Соның аясында биылғы ақпан айында қала әкімі Мұрат Әйтенов шымкенттік ірі кәсіпкерлермен кездесті. Басқосуда мәдени астана жылы аясында атқарылар жұмыстар туралы ұсыныстар талқыланғанда қаламыздың кәсіпкерлері өздері бастама көтеріп, орталық көшелердегі үйлердің қасбеттерін жаңартуға ұсыныс жасады.

 

Үйлер 1Үйлер 7

 

МЕЦЕНАТТАР ТАРТУЫ

Осылайша құрылыс басқармасының мамандары жөнделуі қажет 71 үйдің тізімін жасайды. «Бұл үйлер негізінен 1960-1980 жылдары салынған, содан бері көбісі жөнделмеген», – дейді мамандар. Үйлердің жағдайы зерделеніп, қасбеттерін ретке келтіру жобасы 2 кезеңмен жүзеге асырылмақ болып бекітіледі.


Жөнделетін үйлердің дизайнын қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары жасап, бекіткен соң барлық жұмыс сол біркелкі эскизге сай атқарылады. Ең бастысы – құрылыс материалдары мен жұмысшылардың еңбекақысы секілді мердігер мекемелердің барлық шығынын кәсіпкерлер көтерген. Бұл жұмыстарға бюджеттің бір тиыны да жұмсалған жоқ.


Жобаның бірінші кезегінде қаланың орталық көшелері – Республика және Тәуке хан даңғылдары бойындағы үйлердің қасбеттері ретке келтірілді. Бүгінде мұндағы 43 үйдегі жөндеу жұмысы толық аяқталған. Оның ішінде Абай ауданы бойынша - 17 үй, Әл-Фараби ауданы бойынша - 24 үй бар. Жалпы ауданы 42 000 шаршы метр қасбетті жөндеуге 250-ден астам жұмысшы жұмылдырылды.


Жалпы, жөндеу жұмыстарына жергілікті «Отау-Строй», «А.Р.Т-Құрылыс», «Корпорация Ақ Ордасы», «Қаз Медео Гранд», «Kanfar Building» «Шымкентстрой», «Югстройсервис-Н», «Dala-Сonstruction», «Бекстройсервис», «Лидер-НК», «Дани Нан», «Автогаз Трэйд» сынды 12 компания демеушілік көрсетті.


Барлық үйлердің сырты заман талабына сай мәрмар тастармен қапталып, шатырлары жөнделіп, сырты сырланып, балкондары біркелкі үлгіге келтірілген. Ал құрылыс басқармасының мамандары жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізіп отырды.
Енді екінші кезекте Темірлан тасжолы, Бейбітшілік және Жібек жолы көшелерінің бойында орналасқан көпқабатты 30 үйдің қасбеті жөнделеді деп күтілуде.

БАСПАНА – БАСТЫ НАЗАРДА

Жалпы, басқарма жұмысы карантинге қарамастан жалғасып жатқанын жоғарыда айттық. Ғалымжан Әмірбекұлы мекеме қызметкерлерінің 30 пайызға жуығы қашықтан жұмыс істеп, қалғаны күнделікті тәртіппен еңбек үрдісін жалғастырып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда биыл Шымкентте барлық қаржы көздері есебінен көп қабатты 252 үй салынуда. Ол үйлердегі 13 636 пәтердің жалпы ауданы 1 053,1 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, мемлекеттік инвестициялар есебінен 49,3 млрд теңгеге көпқабатты 126 үйдің құрылысы жоспарланған.


– Оның ішінде арендалық – 12, кредиттік 114 үйде жалпы саны 7489 пәтер бар. Ал биыл 6213 пәтерлі 107 үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, нарықтан арендалық 696 пәтерді сатып алуға 8 млрд теңге бөлінеді. Республикалық бюджеттен – 5,4 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге қаралмақ, – деді басқарма басшысының орынбасары.


Жалпы, жыл қорытындысымен баспана кезегінде тұрған азаматтар кредиттік - 5765, арендалық 1144 пәтермен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.


Айта кетейік, жуырда шаһардағы үйлердің құрылысын аралаған қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкентте құрылыс қарқыны бәсеңдемейтінін, төтенше жағдай жұмысқа қолбайлау болмауы керек екенін мәлімдеген. Қала аумағында карантин жариялануына байланысты шеттен келіп істейтін қызметкерлердің бірқатары жұмысына қатынай алмай қалды. Осыған орай қазіргі таңда жергілікті азаматтар жұмысқа шақырылуда. Оған қоса қалалық жұмыспен қамту орталығына шаһар аумағындағы құрылыстарға қажет бетоншы, қыш қалаушы, сылақшы және дәнекерлеуші секілді мамандармен қамтамасыз ету мақсатында 443 маманға сұраныс берілген.


– Барлық мүмкіндікті қарастыра отырып, жұмысты жүйелеген жөн. Осындай сәтте өзге өңірлерден келіп, үйінде бос жатқан қолынан іс келетін мамандарды көптеп еңбекке тарту жағын қарастырған дұрыс. Дегенмен, азаматтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс, – деді Мұрат Әйтенов.

 

0101

 

ШАҺАР ЖАУҺАРЫ – «SHYMKENT CITY»

Мегаполистегі жаңа шағынаудандағы құрылысты аралаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауапты мамандарға үй құрылсына қажет материалдарды тасымалдайтын көліктерге қалада жүруге кедергі болмау керегін атап өтті. Оған қоса құрылыс заттарын сататын көтерме қоймаларға да мүмкіндік жасалғанына тоқталды.


Жалпы, биыл тамыз айында «Shymkent City» қалашығында 1048 пәтерлі 16 үй мен 2 инженерлік инфрақұрылым нысаны пайдалануға берілмек. Арасында француз сәулеті стиліндегі 16 қабатты үйлер де бар. Тұрғын үй кешені аумағында заманауи спорт алаңдары, автотұрақ бар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, бұл үйлердің төртеуі Қала күніне орай тапсырылмақ.


«Shymkent City» қалашығындағы құрылысты «Отау Строй» компаниясы жүргізуде. Бас инженер Абжат Акимовтың айтуынша, 360 пәтерлі үйдің негізгі жұмысы аяқталған. Қазір ішкі жөндеу және қасбеттерін қаптау жұмыстары атқарылуда.


Сонымен қатар 1200 орынды жаңа мектептің құрылысы аяқталған. Енді сол маңнан балабақша салынады. Қажетті инженерлік-инфрақұрылым тартылған, өз алдына модульді жылыту қазандығы бар. Бұған қоса қалашықта биыл жалпы ұзындығы 13,8 шақырымды құрайтын 7 көшенің құрылысы аяқталады деп күтілуде.


Айта кетсек, «Shymkent City» шағынауданының жалпы ауданы - 427 га, 12 орамға бөлінген. Соның ішінде, 24,5 га құрайтын І орамда мемлекет қаржысы есебінен жалпы құны 27 млрд теңгеге 43 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 39-ы – көп қабатты үйлер. Бүгінгі таңда қалашықта 25 нысан пайдалануға берілген, 23 үйдегі 1290 пәтерге баспана иелері қоныстанған.

Последнее изменение Суббота, 02 Май 2020 11:35
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.