ҚАЛАЛЫҚ ҰЛТҚА АЙНАЛҒАН ҚАЗАҚ Избранное

Среда, 27 Май 2020 04:18 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2439 раз

5ea81dfd07bf0308590219

Мамыражай мамырдың ортасында бірқатар отандық ақпарат құралдары countrymeters.info сайтының мәліметіне сүйеніп Қазақстан халқының саны 19 миллионға жеткенін жарыса хабарлады. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ғылыми болжамына сәйкес Қазақстан халқының саны 19 миллион 180 мыңнан асуы ықтимал. Ерекше назар аударатын дерек республика халқының 57,3 пайызының қалаларда өмір сүріп жатқаны. Бұл қазақтың біртіндеп қалалық ұлтқа айналып келе жатқанын көрсетеді.

КЕЛЕШЕКТЕ ОН АДАМНЫҢ ЖЕТЕУІ ҚАЛАДА ТҰРАДЫ

Адамзат дамуының ядросы – үлкен қалалар. Ғылым мен білім де, капитал мен өндіріс те, мәдениет пен өнер де ірі мегаполистерге шоғырланған. Заманауи зауыт-фабрикалардың ауылдарда емес, инфрақұрылымы мен логистикалық жүйесі жақсы дамыған, үлкен нарықтарға жақын орналасқан ірі қалаларда ашылуы да заңдылық. Осының бәрі жинақталып келіп үлкен қалалардағы еңбек өнімділігінің ауылдағыға қарағанда әлдеқайда жоғары болуына ықпал етеді. Сол себепті ірі мегаполистері жоқ мемлекеттердің бәсекеге қабілетті болуы, дамып кетуі екіталай.
1989 жылғы халық санағының деректеріне көз жүгіртсек, сол жылдары республика тұрғындарының небәрі 47,8 пайызы ғана қала тұрғындары болған. Яғни, халықтың жартысынан көбі ауылда өмір сүріп, еліміз урбандалу деңгейі төмен мемлекеттердің қатарында еді.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында экономикалық тоқырау алқымнан алған кезде ауыл қазағы лек-легімен қалаға қарай ағыла бастады. Кейіннен мемлекет ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсеткенімен, ауылда да тұрғындардың әлеуметтік жағдайы тұрақтала бастағанымен, бұл процесс әлі де жалғасып келеді. Әл-әзір тоқтамайтынға ұқсайды. Мәселен, 2015 жылғы 1 қаңтардағы статистикалық деректер бойынша қалалықтардың үлесі 55,1 пайызды құраған болса, арада 5 жыл өткенде бұл көрсеткіш 57 пайыздан асып отыр. Яғни, қала халқының үлесі 5 жылда 2 пайызға көбейді деген сөз. Егер осы тенденция жалғаса берсе, 25-30 жылдан кейін Қазақстанда қала халқының үлесі 70 пайыздан асып, еліміздің урбандалу көрсеткіші жоғары дамыған елдердің деңгейіне жақындайды.

Жабайы урбанизацияның зардабы ауыр

«Ауылым – алтын бесігім» деген қағиданы, өсиетті бойына сіңіріп өскен замандастарымыздың біразы ауыл тұрғындарының, әсіресе, жастардың жаппай қалаға көшуін «жақсылықтың нышаны емес» деп қабылдайды. Расында солай ма? Қалалық ұлтқа айналу қазақты жаңа сапаға көтереді. Ол қандай сапа? Неден ұтып, нені жоғалтуымыз мүмкін? Бүгінгі әңгіме осы төңіректе өрбиді...
Әлеуметтанушылар мен демограф-ғалымдар урбанизацияны түрліше классификациялап жатады. Түрлі ғылыми теорияларды баяндап оқырманның уақытын алмай, жалпақ тілмен айтар болсақ, урбанизацияның негізгі екі түрі бар. Оның бірі – мәжбүрлі, екіншісі – жоспарлы түрі. Мәжбүрлі урбанизацияға тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда басталған процесті жатқызуға болады. Кеңшарлар мен ұжымшарлар тарап кетіп, ауылда жұмыс орындары қалмаған кезде халық амалдап күнелту үшін қалаға қарай ағыла бастады. Ауыл тұрғындарының мұнан басқа таңдауы болған жоқ. Міне, осыны ғалымдар мәжбүрлі урбанизация деп атайды.
Қазақстанда бұл процесс ұзақ жылдар бойы жүрді және ол қоғамда біршама күрделі проблемалардың туындауына әкеп соқтырды. Өйткені, ауылдан келген ағайынды қалада да жұмақ күтіп тұрған жоқ-тын. Қалада да өндіріс тоқыраған, қызмет көрсету саласы да, құрылыс та кенжелеп қалған еді. Мыңдап емес, жүз мыңдап, миллиондап келген адамдарды жұмыспен қамтуға ол кезде үлкен қалалардың да шамасы жетпеді.
Оның үстіне баспанамен қамтамасыз ету жайы күрделі болды. Ауылдан келген ағайынның пәтер жалдап немесе жатақханаларда паналауы әлі де жиі кездеседі. Яғни, мәжбүрлі урбанизация жағдайында халықтың қалаға келіп әлеуметтенуі өте қиын жүрді. Тұрақты жұмысы мен баспанасы жоқ адамдардың көбеюі қалада моральдық-психологиялық ахуалды нашарлатып, әлеуметтік наразылықты арттырды. Бұл өз кезегінде ұсақ қылмыстың, бұзақылықтың, ұрлықтың, қарақшылықтың, тіпті маскүнемдік пен жезөкшеліктің де көбеюіне ықпал еткені шындық.

Ал, қазіргі жағдай қандай?

Қазір қалада мәжбүрлі және жоспарлы урбанизацияның екеуінің де элементтері кездеседі. Яғни қазір өтіп жатқан үдерістерді екеуінің жиынтық нұсқасы деп қарастыруға болатын секілді. Бір жағынан ауылда әлі де жұмыссыздық мәселесі өте өткір күйінде қалып отыр. «Мәжбүрлі урбанизация толықтай тоқтады» деп айтуға әлі тым ерте. Дегенмен, екінші жағынан соңғы онжылдықта Үдемелі индустриялды-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы», «Қолжетімді баспана», «7-20-25» секілді түрлі бағдарламаларды жүзеге асырды. Бұл бағдарлама әуелде көзделген мақсаттарына толықтай қол жеткізе алмай отырған болуы мүмкін. Отандық өндірістің экспорттық мүмкіндіктерінің төмендігін айтпаған күннің өзінде ол ішкі нарықта импортқа тәуелділіктен де толықтай құтқара алмай келеді. Баспанаға мұқтаж отбасылар да әлі өте көп.
Соған қарамастан қазір ірі қалалардың барлығында индустриялды аймақтар жұмыс істеп тұр. Мәселен, бір ғана Шымкент индустриялды аймағында қазір 40-тан астам шағын және орта кәсіпорын жұмыс істейді, әрі ол жерде 3 мыңға тарта адам жұмыспен қамтылған. Шымкентте мұнан бөлек тағы 2 индустриалды және бір арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр.
Урбанизацияның жоспарлы сипатқа көше бастағанын мемлекеттің тұрғын үй құрылысы бағытындағы саясатына қарап та байқауға болады. 2019 жылы Қазақстанда 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, халықтың игілігіне берілді. Бір ғана Шымкент қаласының өзінде өткен жылы 524 мың, өткен 3 жылда 1 миллион 300 мың шаршы метр баспана салынған.
Қарап отырсақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында бой көтерген тұрғын үйлердің 60 пайыздан астамы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе секілді ірі қалалардың үлесінде. Қалғанының барлығы дерлік облыс орталықтарында жүзеге асқан құрылыстар. Егер мемлекет халықтың қалаға қоныс аударуын ынталандыруды көздемесе, мемлекеттік бағдарлама аясында үйдің елеулі бөлігін ауылдар мен аудан орталықтарына салар ма еді?!

Этнодемографиялық фактор – айрықша маңызды

Урбанизацияның қиындықтары туралы аз-кем айттық. Енді оның жақсы жақтарына тоқталсақ. Бұл жерде ескерілуі тиіс ең басты мәселе – этникалық, этнодемографиялық фактор. Ауыл қазағының қалаға этнодемографиялық қысымы тәуелсіздіктен көп бұрын, жетпісінші жылдардың басында басталған. Ғалымдар 1975-1985 жылдар аралығында 2 миллион адамның Орта Азиядан ішкі Ресейге қайта көшіп кеткенін айтады. Соның үштен бір бөлігі Қазақстаннан кеткендер екен. Сол жылдары КСРО-ның еуропалық бөлігіне қоныс аударғандардың орнын ауылдан барған қазақ жастары мен жас отбасылары алмастыра бастаған. Бірақ, қазақты ауылдан шығармай, резервацияда ұстауды көздеген тоталитарлық саясаттың кесірінен бұл процесс өте баяу және ауыр жүрген. Ауылдан барған қандастарымыз қалаға сіңісіп кету үшін қиямет-қайым қиындықтарды бастан өткізген.
Қалада қазақтардың көбеюі негізінен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін пайда болған үрдіс. Мәселен, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Алматыда идеология саласындағы жұмыстар талқыланған үлкен жиын өткені белгілі. Сонда Мәскеуден келген шенеуніктер, ең алдымен, «Қонаев басшылыққа келген кезде Алматы тұрғындарының небары 5 пайызы қазақтар болған, қазір 12 пайызға жетіпті. Мына оқиға орталықта қазақтардың көбейіп кетуінің салдары» дегенді айтқан. Бұл қорлыққа қарасаңызшы, қазақтың астанасында 10 адамның 9-ы – өзге ұлт өкілі болған. Отарлаушылар қалған біреуінің өзін көп көріп отыр. Сөйткен Алматыда қазір, Аллаға шүкір, 60 пайыздан астам қазақтар өмір сүреді.
Небары 20 жыл бұрын Ақмолада 300 мыңдай адам тұрып жатты. Сол жылдары оның көшелерінде ілуде бір болмаса, қазақ кезіктіруіңіз қиын болған көрінеді. Ал, қазір Астананың 1 миллион 150 мыңдай тұрғыны бар. Әрі оның 76 пайызы өз қандастарымыз.
Шымкентте тоқсаныншы жылдардың басында 405 мың тұрғын болған. Мұнда да қазақтардың үлесі 30 пайызға жетпеген. Бүгінде миллионер атанған Шымкент тұрғындарының 70 пайызға жуығын қазақтар құрайды.
Қала берді Атырау, Маңғыстау, Қызылорда өңірлері мен олардың облыс орталықтарында қазақтардың үлесі 90 пайыздан асып кетті. Бұл елдегі урбанизацияның ғана емес, отарсыздандыру, қазақыландыру саясатының да жеңістері мен жемістері екені анық.

Шымкенттің орны бөлек...

Енді мемлекет Шымкентті жоспарлы урбанизацияның ірі орталықтарының біріне айналдыруға баса назар аударып отыр. Қазақ халқының толықтай қалалық ұлтқа айналуында Шымқала айрықша маңызды рөл атқаратын секілді. Миллионды шаһардың алдағы бес жылға арналған даму тұжырымдамасында көрсетілген деректерге назар аударсаңыз бұған көзіңіз жетіп, көңіліңіз сенеді.
Жоғарыда айтқанымыздай, қала урбанизация үдерісінің жүрегіне айналуы үшін әуелі өндіріс дамып, жұмыс орындары көбеюі шарт. Осы мақсатта Шымкентте жаңадан «Агроиндустриалды» және «Жұлдыз» индустриалды аймақтары ашылады. Қазірдің өзінде қос аймақта 40 ірі инвестициялық жоба жүзеге асатыны анықталған. Нәтижесінде қаладағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 2019 жылғы 562 миллиард теңгеден 2025 жылға қарай 800 миллиард теңгеге көбейеді.
Мұнан бөлек аталған 2 индустриалды аймаққа алдағы 3 жылда шет елдерден 2,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, 15 кәсіпорын ашылады. Нәтижесінде 2 мың азамат жұмыспен қамтылмақ.
Жалпы, қаланың өңірлік даму жоспарында көрсетілген мәліметтерге сүйенсек, алдағы 5 жылда Шымкентте 80 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Қала берді алдағы 5 жылда шаһарда 3 милллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 50 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойламақ. Осының бәрі айналып келгенде Шымкентті экономикалық тұрғыда тартымды мегаполиске айналдырып, оның ірі урбанизация орталық болуына негіз қалайды.

Қала қазақты прагматизге бастайды

Әрине, қазақтың қалалық ұлтқа айналу процесінің рухани-мәдени аспектілері де бар. Қалаға келген қандастарымыздың өмір салтымен қоса мінез-құлқы, дүниетанымы да өзгеретіні сөзсіз. Қазіргі зиялы қауым тап осы мәселеге көбірек алаңдайды. Дегенмен, осыған ұқсас жағдайды қазақ мұнан бір ғасыр бұрын бастан кешкен-ді. ХХ ғасырдың басында қазақ далалық ұлттан ауыл халқына ауысты. Байтақ далаға тән еркін мінезіміз, дархан жүрегіміз, кеңқолтық салт-дәстүрлеріміз, шаруашылық ерекшеліктеріміз бірте-бірте ауылдық, отырықшылық қалыпқа түсті. Кеңестік биліктің бұл үдерісті күштеп тездетуі өте ауыр зардаптарға әкеп соқтырды. Бірақ, айтайын дегеніміз ол емес.
Айтайын дегеніміз, өзі жылы үйлерде тұрып, қолға қарап қалған азын-аулақ малын қорада бағып, ауылдық аймақ шегінде ғана жүріп-тұратын тірлік біздің аталарымыз бен олардың әкелеріне қиынға соққан. Ұзақ жылдар бойы көп қазақтар бұған көндіге алмаған. Жылдар өтсе де өзінің стихиясын аңсаумен болған. Әсіресе, көктемде жайлауға көшетін мезгіл жеткенде қазақтардың жаны жабырқап сала берген. Кең далаға шығып атқа мініп шапқысы, айналаны жаңғыртып ән салғысы кеп тұрған. Бірақ, уақыт өте сабаға түсіп, ауыл тіршілігіне мойын ұсына бастадық. Ауылда өткен бір ғасыр да қазаққа көп нәрсе берді. Қаншама ғалымдар, жазушылар, спортшылар, дара тұлғалар сол ауылдардан түлеп ұшты. Бір кездегі аталарымыз жатсынған, бөтенсіген ауылды кейінгі ұрпақ қалада сағынышпен еске алып жүр.
Сол сияқты қазір ауылдан келгендердің арасында қалалық тіршілікке бой үйрете алмай жүргендер де көп. Қалада тұрса да етек-жеңі жайылып, тамыр-танысының, туған-туысының бәрін үйіне қонаққа шақырып, той жасаса қарызданып-қауғаланып, миллиондарды шашып жүргендер көп. Мұның бәрі олардың ауылдағы молшылықты, бейғам, жайбарақат өмірді әлі де қимай жүргенін көрсетеді. Уақыт өте келе ақшаны үнемдеп, қаланың талқысы мен дағдысына ауысады, тәртібі мен мәдениетіне де төселеді. Әлі-ақ қазақ прагматизмді бойына сіңіріп алады.
Қазір елімізде ғана емес, бүкіл әлемде азық-түлікке сұраныс артып келеді. Бұл сұраныс тұрғанда Қазақстанның агросекторы жылдан жылға дами береді. Ол дамыған сайын ауыл шаруашылығына жаңа техника мен технология дендеп енгізіле береді. Бұл жағдай өз кезегінде қол еңбегіне, жұмыс күшіне деген сұранысты азайтады. Яғни, қандастарымыздың басым бөлігінің қала халқына айналып, оның тұрмыс-тіршілігіне бейімделуден басқа таңдауы жоқ.
Есесіне, қалалық ұлтқа айналған қазақтың келер ұрпағы заманауи ғылым-білімді игереді, техникалық мамандықтарды меңгереді, кәсіпкерлікті өзінің өмір салтына айналдырады. Демек, урбанизация бізді қалалық ұлтқа ғана емес, бәсекеге қабілетті ұлтқа да айналдыра бастады деген сөз. Тек қоғамдық қатынастарымыз ғана емес, санамыз да нарықтанған тұста ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңа жағдайға бейімдей алсақ болғаны. Яғни, бабаларымыздың бойындағы үлкенді құрметтеу, бауырмалдық, кеңпейілділік, шыншылдық, қанағатшылдық секілді асыл қасиеттерді аталарымыз далалық өмірден ауылдық өмірге қалай алып өтсе, біз оны ендігі жерде қалалық өмірдің де ажырамас бөлшегіне айналдыра білуіміз керек. Сонда қалалық ұлтқа айналған қазақтың жаңа құндылықтар жүйесі дұрыс қалыптасады.
Қорыта айтқанда, қалалық ұлтқа айналған қазақтың мойнына бәсекелестік атты зіл батпан жүк артылды. Енді біз өзіміздің дербес мемлекетіміздің амандығы мен дамуына бір кісідей жауапты екенімізді ұғынуымыз керек.