Қала әкімі, ең алдымен, Асар-2 шағынауданындағы «Shymkent» ӘКК» АҚ қаржыландыруымен «7-20-25» бағдарламасы аясында салынып жатқан 10 үйдің және Тұран шағынауданындағы көп қабатты 2 үйдің құрылысы барысын аралап көрді.
Мұрат Дүйсенбекұлы, сонымен қатар, Шымкент Сити мен Тұран шағынаудандарында мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан үйлерді де аралап шықты.
Шаһар басшысы құрылыстың сапасын бақылап, мердігерлерге жұмысты жандандыруды және отандық материалдарды пайдалануды тапсырды. Сондай-ақ, сала басшыларына инфрақұрылым мәселесін кешеуілдетпей, уақтылы шешу керегін ескертті.
Жалпы мегаполисте биыл «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары аясында және өзге де қаржы көздерінен 13 636 пәтерлі 252 көп қабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, 78 үй мемлекеттік бюджет есебінен, 48 үй «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның және 126 үй жеке салушылардың қаржысына бой көтеруде. Олардың жалпы ауданы бір миллион шаршы метрді құрайды.
«Shymkent» ӘКК» АҚ тарапынан жалпы ауданы 146 мың шаршы метрден астам көп қабатты 48 үй салынуда. Бұдан бөлек көп қабатты үйлерге жапсарлас әлеуметтік, тұрмыстық, сауда-саттық және ойын-сауық орталықтары да салынады.
Тұран, Асар-2, Шымкент Сити, Шығыс шағынаудандары мен қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында және Водопьянова көшесінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация салып жатқан үйлердің 24-і маусым айының соңында, ал қалған бөлігі жыл соңына қарай пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.