Өткені — өрісті, келешегі — келісті Избранное

Пятница, 19 Июнь 2020 03:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2246 раз

 DSC1933

«Шымкент — сәулетті қала. Тарихқа тұнып тұр. «Астана, Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші қаласы — Шымкент» дегенді мен бұрын да айтқанмын. Халқының саны бір миллионға жетерлік қаланың көркі келешекте бүгінгісінен де көркем болады!»
Иә, бұл Елбасы Н.Назарбаевтың осыдан 6 жыл бұрын қаламызға келген сапарында айтқан жылы лебізі болатын. Бүгінде Шымкент Ұлт Көшбасшысының сол сенімін ақтап, күн санап көркейіп келеді. Ол шын мәнінде өткені өрісті, келешегі келісті қала.

Археолог ғалымдар Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар екенін ғылыми түрде дәлелдеді. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне қала әр дәуірлерде сауда мен мәдениеттің орталығы болған. Басқасын айтпағанда, ХІХ ғасырдың соңында Шымкентте 19 мануфактуралық кәсіпорын жұмыс істеп тұрғаны жөніндегі деректер оның ірі сауда-экономикалық орталық болғанын айғақтайды.
Тәуелсіздік жылдарында Шымкент – мемлекетіміздің өндірістік қарқындылығын арттыруда айрықша үлес қосатындықтан экономикалық даму сатысында оның маңызды рөл атқарып отырғаны сөзсіз. Осынау кезең белесінде Шымкентте 104 кәсіпорын жаңадан іске қосылды. Оның 82-сі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен индустриалды аймақтарда орналасқан. Осы жылдары 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды.

 

45692320f4f2c149278789612b450595d4a

 

Қалада агроөнеркәсіп кешені қарқынды түрде дамып, егін алқабы 29 мың гектарға дейін ұлғайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен 42 кәсіпорын айналысуда. Ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі 2019 жылы 29,4 миллиард теңгені құрады. Миллион халқы бар қала маңында аграрлық белдеу қалыптастыру Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жедел әрі табысты дамуына ықпал етеді.
Тұрғындар санының жедел көбеюі құрылыс саласының дамуына серпін берді. 29 жылда Шымкентте 5 миллион 335 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. 1991 жылы қала аумағында 72 мектеп болса, бүгінде 169 білім ұясы оқу-тәрбие ісімен айналысуда. Тоқсаныншы жылдардың басында Шымкентте 27 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істеп тұрса, 2019 жылы – 88-ге жетті.
Ал, осыдан тура екі жыл бұрын, 2018 жылдың 19 маусымында Елбасының тарихи Жарлығымен Шымкент қаласына республикалық қала статус берілгені мәлім. Бұл күн Қала күні ретінде белгіленіп, шымкенттіктер үшін қуанышты мерекеге айналды.
Қазақстандағы үшінші мегаполис атанған Шымкент осылайша дамудың жаңа сатысына қадам басты. Содан беріде Шымқаланы көркейту мен дамыту жолында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, соңғы 3 жылда қаланың шетінде орналасқан 8 елдімекенге табиғи газ, 9 елді мекенге таза ауыз су және 10 елді мекенге сапалы электр қуаты жеткізілген.
Адамзат дамуының ядросы – ірі қалалар, заманауи мегаполистер десек, біздің сүйікті қаламыз күн өткен сайын сол атқа лайықты болып келеді. Ол «ақылды», «жасыл» әрі қауіпсіз қала атана бастады. Соңғы жылдар бедерінде Шымкентте заманауи инфрақұрылым қалыптасып, жаңа шағынаудандар, көрікті ғимараттар, зәулім тұрғын үйлер, мәдениет, спорт және әлеуметтік нысандардың қатары көбейіп келеді.
Алдағы жоспарлар да ауқымды. 5 жылда Шымкентте 3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл 47 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлайды деген сөз.

 

44759-1171022-18612-17pbtnl10987c50334b9975052f7b46f75e7a59


Мұнан бөлек жаңадан 5 емхана мен 5 аурухана және 28 мектеп салынады. Қосымша 19 мектепте қосалқы ғимараттар бой көтермек. 2025 жылға қарай қалада газдандыру мен ауыз сумен қамту мәселелері толық шешімін табады.
Жаңадан екі бірдей индустриалды аймақ ашылып, көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асады. Шағын және орта кәсіпкерлікке жан жақты қолдау көрсетіліп, осы салада жұмыс істейтіндердің қатары 145 мыңнан 175 мыңға дейін жетеді деген жоспар бар. Нәтижесінде қаламызда жалпы 80 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Қорыта айтқанда, Шымкент – тұрғындар саны бойынша еліміздегі үшінші қала ғана емес, Елбасының оған республикалық мәртебе беру жөніндегі тарихи Жарлығынан кейін қаланың кең тынысы ашылып, дамудың даңғыл жолына қарай сенімді қадам басты. Бүгінде Шымкент өзінің демократияланудың бағалы идеалдарына адал екенін көрсетіп,
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғыруына лайықты үлесін
қосуда.

Последнее изменение Пятница, 19 Июнь 2020 04:04