ЕҢ ҒАЖАП ҚАЛА... Избранное

Пятница, 19 Июнь 2020 04:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 284 раз

1

Үшінші мегаполис бүгінде қарқынды құрылыс алаңына айналған. Еңселі көпқабатты тұрғын үйлер, магистральды жолдар, әлеуметтік-экономикалық маңызды нысандар құрылысы қайнаған шақ. Бұл нысандар шаһардың шырайын арттырып, әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.

Иә, карантин жағдайында да қалада құрылыс тоқтаған жоқ. Шымкенттің барлық аумағында жыл басынан бері небір зәулім нысандар бой көтеріп, шаһардың шырайын арттыра түсуде.

Жолдар – экономиканың күретамыры

 

Бүгінде қалада 415 шақырым жол құрылысы және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатта 2020 жылға бюджет есебінен 27,5 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде, республикалық бюджеттен 9,0 млрд теңге, жергілікті бюджет есебінен – 18,5 млрд. теңге қаржы қаралды.
Қалада автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 2 976,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде топырақ жол – 111,5 шақырым (3,7 %). Жоспар бойынша биыл осы топырақ жолдар толық асфальтталады. Бүгінге дейін мұндай жолдың 30 пайызына шағал тас төселді.
Нәтижесінде, биыл 314 шақырым жол, 6 көпір, 1 жолайрық пайдалануға беріледі.
Қалада жол құрылысы саласында жалпы 55 ірі мердігер мекеме жұмыс істейді. 10 мың адам жұмыспен қамтылған.
Қазіргі таңда қаланың магистралды жолдарының 75,3 шақырымында құрылыс жұмыстары қызу қарқынмен жүріп жатыр. Д. Қонаев көшесінің жалғасы ретінде салынып жатқан құрылыстың (ұзындығы 21 шақырым) 1, 4, 5 кезеңдері, А-2 автомобиль жолын қайта құру жобасының 1, 3, 8 кезеңдері жүзеге асуда. Ірі жобалар қаладан шығатын барлық бағыттарды қамтиды.
Д. Қонаев даңғылымен жалғасатын Бадам өзені үстінен өтетін ұзындығы 100, ені 32 метрлік көпірдің құрылысы қала аумағындағы кептелістің алдын алуға көп септігін тигізетін болады.
Мұндай ірі жобалар қаладан шығатын барлық бағытты қамтып отыр. Мысалы, Ташкент, Түркістан және
Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісінің құрылысы бүгінде қызу қарқын алған. Көлік ағынын өткізу қабілеті жоғары, заманауи талаптарға сәйкес бұл автокөлік жолдары 2023 жылға дейін пайдалануға берілмек.
2020-2023 жж. аралығында 4 жолайрықтың құрылысын іске асыру жоспарда тұр. Бүгінгі таңда мердігер мекемені анықтау үшін конкурс өткізу қолға алынуда.
2020 жылы жалпы құны 9,8 млрд теңгені құрайтын 21 аудандық
маңызы бар көшелерге қаржы бөлінді. Орташа жөндеу және қайта құру жұмыстары бойынша биыл бұл бағыттағы 19 көше тұрғындар игілігіне тапсырылады.
2020 жылы 296 шақырым ішкі орам көшелерде күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 

400x

 

Шаһар шырайы – зәулім үйлер

Жыл сайын қоныс тойын тойлайтын шымкенттіктердің қатары артып келеді. Баспана – бақыт мекені. Шымкентте миллион шаршы метр болатын үйлер салынуда. Мегаполисте биыл көпқабатты 136 үй немесе 7 561 пәтер пайдалануға беріледі.
Жалпы «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары аясында және өзге де қаржы көздерінен 13 636 пәтерлі 252 көп қабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, 78 үй мемлекеттік бюджет есебінен, 48 үй «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның және 126 үй жеке салушылардың қаржысы есебінен бой көтеруде. Олардың жалпы ауданы бір миллион шаршы метрді құрайды.
Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов құрылыстың сапасын бақылап, мердігерлерге жұмысты жандандыруды және отандық материалдарды пайдалануды тапсырды. Сала басшыларына инфрақұрылым мәселесін кешеуілдетпей, уақтылы шешу керектігін ескертті.
Сондай-ақ, шаһардың шырайын арттыру мақсатында үйлердің қасбеттерін ретке келтіру жобасы іске асырылуда. Жобаның бірінші кезеңінде орталық көшелер – Республика және Тәуке хан даңғылдары бойындағы үйлердің қасбеттері ретке келтірілді. Бүгінде мұндағы 43 үйдегі жөндеу жұмысы толық аяқталған. Оның ішінде Абай ауданы бойынша – 17 үй, Әл-Фараби ауданы бойынша – 24 үй бар. Жалпы ауданы 42 000 шаршы метр қасбетті жөндеуге 250-ден астам жұмысшы жұмылдырылды.
Барлық үйлердің сырты заман талабына сай мәрмәр тастармен қапталып, шатырлары жөнделіп, сырты сырланып, балкондары біркелкі үлгіге келтірілген.
Жуырда шаһардағы үйлердің құрылысын аралаған қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкентте құрылыс қарқыны бәсеңдемейтінін, төтенше жағдай жұмысқа қолбайлау болмауы керек екенін мәлімдеген еді.

 

photo 66286

 

Әлеуеті зор Әуежай

Шаһардағы экономикалық маңызы зор нысандардың бірі – әуежай. Бүгінде халықаралық әуежай аумағында салынып жатқан жаңа жолаушылар терминалының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Бұл жұмыстар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласын дамыту жөніндегі тапсырмалары негізінде қолға алынған.
Бүгінде өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыны құрайтын терминалдың құрылыс-монтаж жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталды. Екінші кезеңнің құрылыс жұмыстарын «Альянс Контракт Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыс жұмыстарына 110 жұмысшы, 10-ға жуық арнайы техника тартылған.
Жалпы ұзындығы 2,287 шақырымды құрайтын жол құрылысының абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, суағар каналмен қиылысқан жерінде су өткізгіш құрылысы мен темір-бетонды құбырдың құрылыс-монтаж жұмыстары және жолмен қиылысатын газ, су құбырының кабельдерін қорғау, жер астына ауыстыру жұмыстары атқарылуда.
Жауапты мамандардың айтуынша, терминалдың құрылысы жылдың соңында аяқталмақ.
Құрылыс – қала экономикасының басты қозғаушы күші. Шаһарда салынып жатқан барлық нысандар өз мерзімінде және сапалы атқарылуы тиіс. Талап пен тәртіп солай.
Құрылысы қайнаған, тұрмысы жайнаған алып шаһардан шуақты өмірдің шырайын танисыз. Ең ғажап қала – адамдардың бақытты болған жері деген осы болар.

Последнее изменение Пятница, 19 Июнь 2020 04:27
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.