Шеткі аумақтар шет қалмайды

Пятница, 19 Июнь 2020 04:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 376 раз

93563641 3198372613520627 8715103365073207296 n

Шымкент қаласы республикадағы үшінші мегаполис мәртебесін алғалы шаһар кәдімгідей өзгерді. Қаланың қазынасы молайып, соның есебінен жылдар бойы қордаланып келген көптеген әлеуметтік мәселелер шешімін таба бастады.

Қала аумағының және тұрғындар санының өсуі мегаполистің жаңа даму концепциясын әзірлеуге негіз қалады. Сәулеттік жоспарға сәйкес Шымкенттің шеткі аумақтары да орталықпен бірге гүлденіп, көркейеді.
Қала үшінші мегаполис мәртебесін алған жылы Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке жұмыс сапарымен келген болатын. Сонда Елбасы: «Шымкент өз алдына дербес республикалық маңызы бар қалаға айналды. Бұл шаһарға көп мүмкіндіктер сыйлайды. Сонымен бірге мұның өзіндік жауапкершілігі де бар. Ол ең алдымен бәсекеге қабілеттілікті арттыру. Ғалымдардың болжамына сай келешекте адамдар осындай ірі қалаларда шоғырланып өмір сүретін болады. Урбандалу соңғы ғасырларда әлемде қарқынды дамыған қоғамдық процесс. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қала алмайды. Адамдардың қалаларға шоғырлануы елімізде де біраздан бері жүріп жатыр, соның нәтижесінде Қазақстан жерінде осындай әлі бірнеше үлкен мегаполистер пайда болады. Ғалымдар келешекте бәсекелестік мемлекеттер емес, мегаполистер арасында өрбитінін болжап айтып отыр. Осы жағынан келгенде Шымкент іргесіндегі Ташкент шаһарымен әрі бәсекелес әрі экономикалық сауда әріптесі болудан өзіне көп пайда алады деп есептеймін. Сондықтан өнеркәсіп, сауда-саттық тұрғысынан Шымкент көрші елдің астанасымен теңдей дәрежеде байланыс орнатуға тырысуы керек» деген еді Шымкент қаласы активімен өткен жиында.
Бүгінде қала Елбасының осынау тапсырмасы негізінде алға қадам жасап келеді. Өз кезегінде қойылған биік мақсаттарды орындауға Шымкентке жаңадан қосылған аймақтардың тигізер пайдасы орасан болып тұр. Өйткені жаңа кәсіпорындарды іске қосу, ауыл шаруашылығы өнеркәсібін дамыту қосымша жер аумағын, еңбек күшін талап етеді. Ал бұл сұранысты қаланың құрамына өткен елдімекендер толықтай қанағаттандыра алады.
Түркістан облысына қарасты аудандардан қалаға өткен ауылдар мегаполистің даму концепциясына сәйкес оң өзгерістерге бағыт бұрып келеді. Бұрынғы кезде жолы нашар, газ, суы жоқ, сығырайған жарықпен отыратын ауылдар инфрақұрылымы түзеліп, дәл қаланың деңгейіндей дәрежеге жете бастады.
Мұны Мәртөбе ауылының тұрғыны, кәсіпкер Мұрат Гелашвили де растайды.
— Қазір өзімізді қаланың нағыз тұрғыны ретінде сезінеміз. Себебі, ауылішілік жолдар түгел асфальтталды, көшенің жиегіне суағарлар орнатылды. Шымкент пен Алматыны жалғайтын күрежолдың да құрылысы бітуге таяу. Ауылда жарықтан, судан ешқандай проблема жоқ. Қысқасы тұрмыс тауқыметінен арылып, жайлы өмірдің арқасында бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. Ең бастысы ауылда береке-бірлік бар. Қазақ пен түрік ұлтының өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп, бар қиындықты бірге жеңіп, қуанышты бірге бөлісіп келеді. Жұмыссыздықты азайту мақсатында қала әкімдігі тарапынан өнеркәсіптік жылыжайлар құрылысын дамытуға көп қолдау көрсетіліп жатыр. Жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер субсидия басқа да жеңілдіктер алып, мемлекет көмегінің арқасында көпшілігі аяққа тұрып кетті. Қазір ауыл жастары негізінен осындай жылыжайлар кешенінде жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Ал, ауылда соңғы жылдары жабық кешенде ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру кең өріс алған. Соның есебінен де мәртөбеліктерге жұмыс көп. Сондықтан көпшілігі ешқайда кетпей, өз ауылының гүлденуіне үлес қосып жатыр. Өз басым Мәртөбенің қала аумағына қосылғанына ерекше ризамын, – дейді М.Гелашвили.
Қаладағы елдімекендер шеткі аумақта болса да шет қалып қойғанды білдірмейді. Мегаполис өзінің жер ресурстық, адами капитал, өндіріс, мәдениет тұрғысынан бәсекеге қабілетті болуы үшін шет аумақтарды дамытуға бірінші кезекте мүдделі. Сондықтан Шымшаһардың түгел атырабында басталған инженерлік және инфрақұрылымдық құрылыстар жаңа кезеңге бағыт бұрған алғашқы бастама.

 

 
Последнее изменение Пятница, 19 Июнь 2020 04:26