ШЫМКЕНТТЕГІ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ – БАҚЫЛАУДА Избранное

Пятница, 26 Июнь 2020 03:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 185 раз

105571680 2560942747552009 1545727239887846593 o

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен қаладағы инфекциялық аурулардың таралуы бойынша жиналыс өтті. Онда Шымкент қаласындағы эпидемиологиялық ахуал туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рустам Албаев баяндама жасады.

Оның айтуынша, осы жылдың бірінші маусымынан бастап ЖРВИ диагнозымен 1030 және пневмония диагнозымен 360 науқас ауруханаға жатқызылған. Яғни, жыл басынан бері пневмониядан көз жұмғандар саны 0,6 пайызға жеткен. Бүгінде пневмония дертін жұқтырып, ауруханаға келіп жатқандар 50 мен 68 пайыз аралығында болып отыр.
– Соңғы бір айдың ішінде пневмония дертіне шалдығып, қаза тапқан науқастардың қант диабеті, артериялық гипертензия, өкпенің ишемиялық аурулары сынды қосалқы аурулары болған. Ал, бүгінге дейін қалада коронавирус инфекциясымен ауырған 1404 азамат тіркелген. Инфекцияға шалдыққандардың басым бөлігі ересек азаматтар. Коронавируске шалдыққан 569 науқас дертінен айығып, ауруханадан шығарылған. Өкінішке қарай, 14-науқас коронавирус инфекциясынан көз жұмды. Ал медицина қызметкерлері арасында коронавирус инфекциясының 379 жағдайы тіркелген,- деді басқарма басшысы.
Шымкент қаласында тек қана коронавирус емес, ЖРВИ мен пневмонияға шағым білдірушілер саны артып отырғанын айтқан қала басшысы эпидемиологиялық жағдайға байланысты алдын ала карантиндік және провизорлық стационарлар күшейтілгенін атап өтті. Сондай-ақ, әкім қаладағы жағдай қатаң бақылауда екенін айтып, тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ екенін жеткізді.
Азаматтардың карантин режимін жаппай сақтамауы салдарынан коронавирус індетінің таралу қаупі күшейіп тұрғанын айтқан
Мұрат Дүйсенбекұлы қала тұрғындарына қарапайым сақтық шараларын ұстанып, мүмкіндігінше үйде болуды және қызметіне рұқсат етілген ұйымдарға санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауды айтты.
Инфекциялық аурулардың көбеюіне байланысты қала әкімінің тапсырмасымен бүгінге дейін 650 жұқпалы және 1240 провизорлы төсек орын ашылса, алдағы уақытта 1500 төсек-орын ашылатын болады. Инфекциялық стационарды жабдықпен қосымша қамтамасыз ету үшін 502 млн теңгеге, 21 аппарат сатып алынды, қосымша тағы 40 ИВЛ аппарат жеткізілмек.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.